Бизнес • 23 Маусым, 2022

Бизнес-омбудсменге мәселелерін жеткізді

125 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының алаңында Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов кәсіпкерлерді жеке қабылдады.

Бизнес-омбудсменге мәселелерін жеткізді

Қабылдау ашық форматта өтті. Кәсіпкерлер бизнес-омбудсменге нормативтік-құқық­тық актілердің сақталмауына, ондағы олқылықтарға қатысты шағымданды.

Айталық, «Масло-Дел» ЖШС директоры Павел Селиванов СЭС органдары­ның әрекетіне шағымданды. Кәсіпкердің айтуынша, олар айыппұл салады және тран­с­изомерлері бар май өнімдерін өндірістен алып тастауды талап етеді. Мәселен, майда транси­зомерлер 2%-дан артық болса, СЭС органдары бірден шара қолданады. Қазақстан қол қойған Қазақстан Республикасы аумағында Ресей Федерациясы және Беларусь Республика­сы стандарттарын енгізу туралы бұйрықтар шара қолдануға бірден-бір себеп болып тұр. Бұл стандарттар өнімдердегі табиғи компоненттерді ескер­мейді. Оның үстіне олар (РФ Мем­­лекеттік стандарты) ре­сей­лік және беларусьтық өндірушілердің талап­тары­на және олардың өндіріс­тік мүм­кіндіктеріне, жабдық­тары­на арналған. Сонымен қатар халықаралық және өңірлік стандарттар мемлекетаралық немесе мемлекеттік стандарттар ретінде қабылданғаннан кейін қолданылады. Яғни Қазақстанда май өнімдерінде табиғи трансизомерлердің болуын және оны зертханаларда зерттеуді іріктеудің басқа да ерекшеліктерін ескеретін өзінің ұлттық стандарттарын қабылдау мүмкіндігі болды және бар. Бірақ әлі күнге елімізде Ұлттық стандарттар белгіленбеген.

«Осыған қарамастан, СЭС органдары мен олардың лауазымды тұлғалары хаттама жасап, көп мөлшерде (5 млн теңге) айыппұл және өндіріске тыйым салады. Олардың айтуынша, жоғарыда аталған Ресей Федерациясының мемлекеттік стандарттары мен Беларусь Республикасының мемлекет­тік стандарттары талаптарына сәйкес келмейді-міс. Осылайша, трансизомерлерді пайдалануға тыйым сала отырып, пальма майын қолдануға итермелейді», деп наразылықтарын білдірді кәсіпкерлер.

«Қазір жауап беру қиын. Келесі аптада сіздердің сарап­шыларыңызбен кездесіп, бұл мәселені толығырақ тал­қылайық. Мұқият талдау қажет. Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органға кәсіпкерлік субъектілерінің шағымдары бойынша қолданыстағы рет­тегіш құралдар мен талаптарды жою немесе қайта қарау бо­йынша ұсыныстар енгізуге құқығым бар», деді Р.Жүрсінов.

Кәсіпкерлер жүгінген тағы бір мәселе нормативтік-құ­қықтық актілерге байланыс­ты. 2022 жылғы қаңтардағы тәр­тіпсіздіктер нәтижесінде ШОБ субъектілеріне келті­рілген мүліктік зиянды өтеу қағидаларына сәйкес ірі бизнес субъектілері залалды өтеуге өтініш бере алмайды. Осыған байланысты «Magnum Cash&Carry» ЖШС өзінің тауар жеткізушілеріне форс-мажорлық жағдайларға байланысты жоғалған тауар үшін төлем жүргізбейтіні туралы хабарлама жіберді. Ал мемлекет есебінен өтеу мүмкін емес, себебі компания ірі бизнес субъектісі болып саналады. Сайып келгенде, шағын бизнес шығынға ұшырайды. Осындай мәселемен бизнес-омбудсменге «LIRUMAX» ЖШС жүгінді.

«Абли-Құрылыс» ЖШС өкілі мүлікті, атап айтқанда, Double tree by Hilton Almaty қонақүй кешенін рейдерлік басып алу туралы айтты. Алаяқ­тық схема бойынша мүлік­ті төмендетілген бағамен сату арқылы аса ірі залал келті­ріл­ген. ЖШС өкілі мүлікті басып алу процесіне қатысатын бір күндік компанияларда аса ірі мөлшердегі алаяқтық схемалар мен ақша қаражатының ай­налымы фактілері анық бол­ған жағдайда құқық қорғау орган­дарының қылмыстық іс қозғау және сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу бөлігіндегі әрекетсіздігіне шағымданды.

Бизнес-омбудсмен кәсіп­керлердің мәселелерін тыңдап, барлық мәселе қаралып, бақы­лауға алынатынын хабарлады.

Алматы қаласы Кәсіпкер­лер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов кәсіпкер­лермен жеке кездесулердің маңыздылығын атап өтті.

«Кәсіпкерлермен осындай форматта кездесу өте тиімді. Олар сұрақ қойып, нақты жауап алады. Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасы атынан Рустам Манарбекұлына кәсіп­керлермен сындарлы диалог құрғаны үшін алғыс айтамын», деді А.Қошмамбетов.

Кәсіпкерлердің жеке қабыл­­дауынан кейін мемле­кеттік органдар мен бизнес субъек­тілері өкілдерінің қатысуы­мен кездесу өтті, онда өңірдегі бизнестің өзекті мәселелері талқыланды.