25 Сәуір, 2014

Жұмысшы мамандығы қайта жаңғырады

466 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдаған «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауынан таяудағы 2-3 жылда дуальді және техникалық білім берудің ұлттық негізін қалау қажеттігі жөнінде қойған міндеттері маған етене жақын көрінеді. Болашақта жастардың техникалық білім алуына мемлекеттік кепілдік болу керектігін қарау міндеті қойылып отыр. Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі үшін дуальді модель кеңестік мектептен таныс. Ол кезде бұл өнді­рістік оқыту деп аталатын. Алай­да, ұқсас болғанымен қазіргі талап тіпті басқа. Егер кеңестік жүйе кезінде өндірістік оқыту жалпы оқу уақытының 50-60 пайызын алса, қазір студенттердің білім алу уақытының 70-80 пайызын өндірістік тәжірибеде өткізуі талап етіледі. Өйткені, бүгінде қоғамның жұмысшы мамандықтарына зәрулігі қатты білінеді. Біздің шағын қаланың өзінде қолында табақтай дип­ломы бар экономистер мен заңгерлердің еңбек нарығына керексіздігін, жұмыс таба алмай жүргендігін жиі кездестіреміз. Оның есесіне білікті дәнекерлеушілер, құрылысшылар, монтажшылар жетіспейді. Осының салдарынан кереғар көріністер орын алып жатады. Адамдардың тұрғын үйге деген сұранысын қамтамасыз ету құрылыстың шапшаң жүруіне байланысты. Бірақ бой көтеріп жатқан құрылыстар сапасының жиі сынға ұшырауының бір ұшы білікті жұмысшы мамандықтарының жетіс­пеушілігінде жатыр. Жұ­мысшы мамандықтарын дайындау ісіне көңіл бөлінбеген, мән беріл­меген жылдардың нәтижесі, міне, осындай тапшылыққа әкеліп отыр. Бұл мәселе жас кадрлардың жетіспеуімен бірге, жұмысшы маман­­дардың қартаюымен де те­рең­деп, өзектіленіп барады. Әсі­ресе, бүгінде еліміз өндірістік-инно­вациялық даму жолына түскен­де жұмысшы мамандарының бұ­рынғыдан да бетер қажеттігі сезіледі. №7 Кентау колледжінде қала мен ауылдардан, аудандардан келген, қарапайым отбасыларынан шыққан жастар оқиды. Олар колледжге тек дип­лом үшін ғана емес, кейін өзіне жұмыс табуға мүмкіндік беретін мамандығын меңгеруге келеді. Колледждің оқытушылары мен шеберлері оқу ісін барынша тәжірибеге, өндіріске жақындатуға күш салады. Соңғы жылдары бізде автомобиль слесарьлері, станокшы, слесарь-құрылысшы мамандықтары ашылды. Кәсіпорындармен бірлесе отырып, оқу жоспарын қайта қарадық, оқу үдерісінің кестесі қайта жасалды. Колледж директоры М.Күнпейісовтің іскерлігінің және облыстық білім беру басқармасы көмегінің арқасында оқу орнының материалдық базасы жақсарды. Пластик терезелерді жасауға арналған ағаштарды өңдеп, ажарлайтын станоктар алынды. 2013 жылы колледждің жатақханасын жөндеуден өткіздік, онда оқушы­лар үшін барлық жағдай бар, үй жұмысын орындайды, демалады. Жатақхананың болуы колледж үшін үлкен жетістік деп білемін. Себебі, қазір кейбір жоғары оқу орындарының жатақханасы болмағандықтан, студенттер қалада пәтер жалдайды. Ал біздің оқушылар жатар орны үшін айына 4,5 мың теңге ғана төлейді. Бұл студент пен оның ата-анасы үшін үлкен көмек. Өткен жылдан бастап колледж студенттері шәкіртақы алады, асхана жұмыс істейді. Колледжде ұйымшыл, іскер ұжым қалыптасқан. Мұндағы 23 оқытушының барлығының да жоғары білімі бар. Сонымен қатар, 24 шебердің жартысынан көбі жоғары білімді ұстаздар. Қазір колледж Кентау экскаватор зауытымен, қалалық энергетикалық желі, қоғамдық тамақтандыру жүйесі кәсіпорындарымен әріптестік байланыс орнатқан. Дегенмен, «Кентау трансформатор зауыты» акционерлік қоғамын негізгі және ең ірі әріптесіміз дер едік. Студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуі кәсіпорындағы мамандардың уақытын алғанымен, белгілі бір ресурстық шығындары болғанымен олар да бұл мәселеге мүдделілікпен қарайды. Бүгінгі шығынның ертең қайтарымы боларын кәсіпорын басшылары да жақсы түсінеді. Өткен жылы біздің түлектердің 80 пайызы жұмысқа оналастырылды. Қалада жұмыссыздық өте өзекті болып тұрғанда, бұл колледж студенттерінің қоғамдағы осы сырқатқа қарсы атой салуы деп қуандық. Колледж ұжымы кәсіпорын­дар­мен әріптестік байланысты нығайта түсу керек деп біледі. Сондықтан біздің студенттердің оқу үдерісін барынша өндіріспен жақындата түсу керектігін де біліп отырмыз. Бізге мамандық стандарттар және сертификаттау бағасының тәуелсіз жүйесі қажет. Өндірістегі тәлімгерлік институтын қайта жандандыру керек. Колледж өз жұмысын өлкедегі еңбек нарығын реттеу және еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету жоспарына сәйкес жүргізетін болады. Тек колледж ғана емес, әрбір түлек, әр адам өзінің жеке жұмысын осы тұрғыдан құра білсе құба-құп болар еді. Елбасы шағын бизнес әр отбасының ұрпақтан-ұрпаққа берілетін дәстүріне айналуы керектігін алар асу етіп қойып отырғанда, кәсіби мамандық беру жүйесі де оған өз сөзін айтып, өз үлесін қосуы тиіс. Ұлжан КҮЛБАЕВА, №7 колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары. Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау қаласы.