Қаржы • 23 Маусым, 2022

«Бәйтерекке» Сбер не үшін керек?

528 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

АҚШ тарапынан қатаң санкцияға ұшырап, кор­респонденттік шоттары мен шетелдік банктегі активтері бұғатталып, доллар, еуро және фунт стерлингпен операция жасау мүмкіндігінен айырылған ресейлік еншілес банктердің тағдыры біртіндеп шешіліп келе жатыр. Ең жылдам реттелген процесс – «Банк ЦентрКредит» пен «Альфа-Банк» мәселесі болды.

«Бәйтерекке» Сбер не үшін керек?

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

БЦК өте қысқа мерзім ішін­де «Альфаны» өз қатарына қосып, оған Eco Center Bank деген атау берді. Батыстың санкциясына ұшыраған тағы бір қаржы институты – ВТБ Банкті (Қазақстан) Ресейдегі негізгі ВТБ қосымша капиталдандыратын болды. Сол арқылы еншілес банктің меншік капиталы ұлғайып, ол клиенттер алдындағы мін­деттемені толығымен орын­дауға көмектеспек. Ұзаққа созылған процесс «Сбербанк Қазақстанға» тиесілі болып тұр. Осыған дейін отан­дық қаржы секторындағы бе­дел­­ді әрі әлеуетті ойыншы атан­ған Сбердің бір-ақ күн­де тауы шағылып, тауаны қай­тып қалды. Сберді біздің «Бәйтерек» холдингі сатып ала­ды екен деген сыбыс шын­дыққа айналатын сияқты.

«Сбербанк Қазақстан» алдымен несие портфелінің бір бөлігін, нақтырақ айтқан­да 330 млрд теңге несиені Halyk Bank-ке ауыстырды. Оның ішінде – Қазақстан Даму банкінің жеңілдікпен кре­дит беру бағдарламасы бо­йынша ресімделген авто­кре­­­диттер, кепілсіз кредит­тер, кезек күттірмейтін мұқ­таждықтарға арналған қа­рыз­дар және ипотекалық кре­диттердің бір бөлігі бар. Банктің жалпы тұтынушы­лық қарыздарының кредиттік қор­жыны 1,1 трлн теңгені құ­райды. Одан кейін қаржы институты несие портфелін ешкімге сатқан жоқ, бірден банкті сату жұмыстарына кірі­сіп кетті.

Осыған дейін «Сбербанк» (Ресей) төрағасының орын­басары Александр Ведя­хин «Сбербанк» өзінің Қазақ­стан­дағы еншілес банкін сату бойынша мәмілені 10 шілдеге дейін аяқтауды жоспарлап отыр деп мәлімдеді. «Қазіргі кезде «Бәйтерек» холдингі біздің қазақстандық банкті сатып алуға басты және негізгі үміткер. Тараптар арасында келіссөз өте позитивті жүріп жатыр. Мәмілені 5-10 шілдеге дейін жабамыз деп отырмыз», деген еді Ведяхин.

Қаржы нарығын рет­теу және дамыту агент­тігі­нің төрағасы Мәдина Әбіл­қа­сымова да «Бәйтерек» ұлт­тық басқарушы холдингінің қазақстандық Сберді сатып алатынын ресми түрде растады.

«Санкция енгізілгелі бері бұл банктің активтері қыс­қарды. Санкция жарияланған сәтте «Сбербанк Қазақстан» Қазақстанның банк жүйесінде актив көлемі бойынша екінші орында тұрған еді. Бірақ ол орнықты және төлем қабілеті бар банк болып қала береді. Егер сатылым жүзеге асса он­да меншік құқығы, яғни 100 пайыз акциясы сатып алушы­ға беріледі. Бұл жаңа банк ли­цензиясын алуды қажет ет­пейді. Бұл секторда жаңа банк пайда болады дегенді біл­­дір­мейді, тек қана акционер ауы­сады», деп түсіндірді М.Әбіл­қасымова.

«Сбербанк» санкциялық тізімде болғандықтан банк шетелдік валюталармен операциялар істей алмайды. Ше­телдік корреспондент-банк­тердегі корреспонденттік шот­тары жабылған, сонымен бір­ге жаңа қаржыландыру тар­ту мүмкіндігі де шек­тел­­ген. Осыған байланыс­ты «Сбербанк Россия» Қазақ­стандағы еншілес банкін сату туралы шешім қабылдады. Қазіргі кезде «Бәйтерек» хол­дингімен банкті сатуға бай­ланысты тиісті келіссөз жү­ріп жатыр», деді реттеуші агент­тіктің басшысы.

Бірінші тоқсанның қоры­тындысы бойынша «Сбер­банк Қазақстан» активтер кө­ле­мі жөнінен 2-ден 4-орынға түскен. Актив көлемі 791,1 млрд теңгеге азайып, 2,1 трлн теңгені құраған. Бұған несие порфтелінің әжептәуір қыс­қаруы (несие портфелі бөлік­терінің басқа қаржы институттарына берілуі) әсер еткен. Бірінші тоқсанда «Сбербанк» 25,8 млрд теңге табыс тапса, сәуірдің соңында 53 млрд теңге шығынға ұшыраған. Қазақстан Қаржыгерлер қа­уым­­дастығы төрағасының орын­басары Ирина Кушна­реваның айтуынша, отан­дық банк секторындағы ойын­шы­лардың азаюы – экономиканы несиелеу мөлшерін де төмендетеді.

«Сбербанк» АҚ ЕБ секілді ірі ойыншының біздің сектордан кетуі – сектордың әрі қа­райғы дамуы үшін және экономиканы несиелеу тұрғысынан алғанда жағымсыз фактор. Сондықтан оны «Бәйтеректің» сатып алуы біршама позитивті жаңалық», дейді ол.

И.Кушнарева сөзінің жа­ны бар. Сбер ұзақ жылдар бойы отандық банк секто­рындағы жаңашыл, сенімді ойын­шылардың бірі болып келді және бизнесті несие­леуге басымдық берді. 2021 жыл­дағы жетістігінің өзі көп нәрсенің аңғартады. Қар­жы институтының активі 33 пайызға өсіп, 4,2 трлн тең­­­геге жетті. Әрине, несие және депозит портфелі са­па­лы түрде өскенде ғана ак­тив көлемі ұлғаяды. Таза кіріс 130 млрд теңге болды. Бұл өз кезегінде капитал өтім­ді­лігін арттырды. Жеке тұл­ға­­лардың несие портфелі – 48, заңды тұлғалардың несие порт­фелі 23 пайызға өс­ті. Биз­неске беріл­ген займ кө­лемі абсолютті мән­де 1,3 трлн теңгеге жуықтады. Жеке тұл­ғаларға арналған Sber KZ және заңды тұлғаларға арналған «СберБизнес» мо­бильді қо­сым­­­шаларының да жұмыс істей бастауы банкпен қарым-қа­­ты­нас мәселесін бір­шама же­ңілдетті.

«Сбербанк» АҚ ЕБ бас­қар­ма төрағасының орынба­сары Елдар Теңізбаевтың айтуынша, қаржы институты шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағ­дар­ламаларды жүзеге асыру тұрғысынан лидер болды. Қа­зақстандағы ең ірі шетелдік салық төлеушілердің ТОП-30-ына кіріп, бүкіл уақыт ішін­де ел бюджетіне 160 млрд теңгеден астам қаржы берген.

«Банктің келешегі мен жаңа басшылығы – келесі ма­ңызды мәселе. Егер шешім 12 шіл­деге дейін қабылданса, демек банк төрағасы мен басқарма мүшелігіне кандидаттар керек болады. Бұл басқарма құрамы өзгеруі қажет дегенді білдіреді. Біздіңше, банк бас­шылығына «Бәйтерек» құры­лымындағы немесе холдингке жақын адамдардың бірі келеді. Еуропа қайта құру және даму банкінің басшысы өз тарапынан банкке қосымша капитал беруі мүмкін екенін айтқан еді. Бірақ олар банкті толық сатып алмайды, тек белгілі бір үлес ғана алады деп есептейміз. Әрі кетсе олар басқарма мүшелігінен үміт­тенеді. Сатылым толық аяқталған соң мәміленің бар­лық деталін білу қызық болып тұр. Мемлекеттік холдинг өкілдері бұл туралы толы­ғымен айтады деп сенеміз. Тағы бір айта кетерлігі, бұл сатылым қазақстандық холдинг үшін орта мерзімді перс­пективада пайдалы болады», деп жазады телеграмдағы Risk Takers каналы.