Экономика • 23 Маусым, 2022

Мұнай экспорты азаймайды

1414 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Энергетика министрлігі ресейліктердің кенеттен Қара теңіз табанынан жарылғыш заттар іздеп кетуі Қазақстаннан Каспий құбыр консорциумы арқылы шығатын мұнай көлемін азайтпайды дейді. Біріншіден, бізде Қашаған кен орны уақытша жұмыс істеп тұрған жоқ. Яғни мұнай өндірмейді. Сондықтан КҚК-де жалқы айлақтық құрылғының (негізі КҚК-де 3 айлақтық құрылғы бар) жұмыс істеп тұрғаны да бізге молынан жеткілікті.

Мұнай экспорты азаймайды

Сарапшылар дерегінше, бір айлақтық құрылғының өзі танкерлерге мұнайдың 50 пайызын тией алады. Бұл дегеніңіз – тәулігіне тасымалдануға тиіс 1,3 млн баррельдің 650 мың баррелі. Егер мөлшері 10 пайыз болатын ресейлік мұнайды алып тастасақ, тәулігіне жіберілетін қазақ мұнайының көлемі 600 мың баррель болады.

«Қашағандағы максималды мұнай өндірісі – тәулігіне 400 мың бар­рель немесе 50 мың тонна. Мұ­най өндірісінің төмендегенін iacng.kz сайтынан («Мұнай және газ ақпараттық талдау орта­лы­ғы» АҚ – ред.) да көруге болады. Егер қазір Қазақстан мұнай өнді­рі­сін тоқтатқысы келмесе, онда тәу­­лігіне 200 мың баррелді басқа мар­­шруттарға қайта бағыттауы керек», деп жазады Energy Analytics.

Қазір еліміздегі тәуліктік мұнай өндірісінің көлемі – 200 мың тонна. Қазір қазақ мұнайы­ның 82,65 пайызы – КҚК, 11,25 пайызы – «Атырау-Самара», 3,01 пайызы – Ақтау теңіз порты, 2,59 пайызы – «Ата­су-Алашанькоу», 0,49 пайызы теміржол арқылы экспортталады.

«КҚК арқылы тасымал тәу­лігіне 141 мыңнан 124 мың тон­наға дейін немесе 12 пайызға төмен­деді. Тіпті Қашағандағы жөн­деу жұмыстарын есепке алма­ған­да. Қуанышқа орай, бұл жалпы экспорт көлеміне әсер ете қой­майды», дейді мұнай-газ саласы­ның сарапшысы Абзал Нарымбетов. 

Тағы бір сарапшы Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, мұнай тасымалдауда КҚК ең оптималды нұсқа болып қала береді және оған балама ойлап табу мүмкін емес.

«Каспий құбыр консорциумы – теңізге апаратын ең жылдам маршрут және тарифі де ыңғайлы (тоннасына 38 доллар). Инвесторлар құбырды 67-ден 83 млн тоннаға дейін кеңейткісі келіп отыр. Балама ретінде Баку-Тбилиси-Жиһан маршрутын қарастырып көрейікші: Атыраудан Ақтауға дейінгі логистика – тоннасына 30 доллар; теңіз бойынша фрахт – тоннасына 19 доллар; Бакуде жүкті ауыстыру – тоннасына 8 доллар; құбыр бойынша тариф – тоннасына 32 доллар. Нәтижесінде, тоннасына 90 доллар. Қымбат және ұзақ маршрут. Әйтпесе, жалпы қуаттылығы жылына 60 млн тоннаны құрайтын құбырдың 45 пайызы ғана толтырылған. Балама ретінде Баку-Тбилиси-Жиһанға транзиттік мұнай Сангачлы терминалы арқылы түседі. Бұл маршрут бойынша мұнай сапасы жоғары (Brent-тен 3-4 долларға қымбат), Қазақстанның кез келген мұнайы сай келе бермейді. Ең бастысы, Каспийдің борлануына байланыс­ты танкерлер 10 мың тоннадан ғана тиейді», дейді сарапшы.

Еске салайық, Қашағанда жөндеу жұмыстары биыл 1 мау­сымда басталды. Кен орны 15 шіл­деде жұмысын қайта бас­тауға тиіс. Тағы бір маңызды мұ­­най өндіруші – «Теңіз» жөн­деу жұмыстарын 1 тамыз – 1 қыр­­күйек аралығында жүргізбек. Со­ған байланысты тәуліктік өндіріс 65,7 мың тоннаға дейін азаяды. Қазіргі өндіріс деңгейі – 81 мың тонна.