Қазақстан • 25 Маусым, 2022

Қазақстан мен Қытайда екі елдің Мәдениет орталықтары ашылады

637 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қытайда Қазақстан Мәдени орталығы ашылады. Өз кезегінде Қазақстанда да Қытайдың осындай орталығы қызмет көрсететін болады. Мұндай келісім Бейжіңде Қазақстан елшісі Шахрат Нұрышевтің ҚХР Мәдениет және туризм министрі Ху Хэпинмен кездесуінде қол жеткізілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан мен Қытайда екі елдің Мәдениет орталықтары ашылады

Кездесуде тараптар мәдени-гуманитария саласындағы байланысты одан әрі нығайту және туризмді дамыту мәселелерін талқылады.

Ш.Нұрышев жақын уақытта тұрақты авиарейстер қайта ұша бастайтынын және онымен адамдар байланысының белсенді бола түсетінін ескеріп, екіжақты диалогты жандандырудың қажеттігіне назар аударды.

Қазақстан елшісі Қазақстанда және Қытайда өзара мәдени орталықтарды құру бұл бағыттағы екіжақты қатынастың дамуына серпін беретінін атап өтті.

Сонымен қатар дипломат Қытай министрін Қазақстанның туристік мүмкіндіктері және ҚР Үкіметінің Туризм саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша шараларымен таныстырды.

Бұдан бөлек елші Қазақстанның ҚХР азаматтарына 14 күнге дейін визасыз жүру мүмкіндігін беру жоспарын ескеріп, ҚР азаматтары үшін де ұқсас жағдай жасау мәселесін көтерді.

Өз кезегінде Ху Хэпин Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдениет және туризм саласындағы ынтымақтастықтың зор келешегі бар екенін ерекше атап өтті. Ол жыл соңында жоспарланған Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы жөніндегі комитетінің Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі кіші комитетінің 15-ші отырысы екі ел арасындағы мәдени-гуманитария бағытындағы байланыстарды нығайтуда маңызды рөл атқаратынына сенім білдірді.

Сонымен бірге ҚХР Мәдениет және туризм министрі Қазақстан Үкіметінің елдің туристік әлеуетін дамыту бойынша қабылдап жатқан шараларын жоғары бағалады, сондай-ақ қытайлық тараптың мәдениет орталықтарын өзара құруға дайын екенін білдірді.

Аяна Тоғанбек