Әлем • 27 Маусым, 2022

Мемлекетті айыптап отыр

233 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Оңтүстік Кореяда балалардың мүддесін қорғайтын заңгерлер «мемлекет болашақ ұрпақтың құқығын бұзып отыр» деп санайды. Олар «мемлекет ауаға таралып жатқан зиянды қалдықтарды азайтуға жеткілікті әрекет жасамай, болашақ ұрпақтың құқықтарын бұзып отыр» деген айыппен сотқа жүгінген.

Мемлекетті айыптап отыр

Он бір жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдердің мүддесін қорғайтын заңгерлерлер мен ба­лалардың ата-аналары ұлт­тық көмір өндіруші және тұ­тынушы нысандар елде кең таралған климаттық өзгеріс­терді тоқтатуға құлықты емес және бұл конституцияға қай­шы келеді дейді. Мәселен, Сеул тұрғыны, өтініш беруші Ли Донг Хен: «Мен 6 жасар баламның қазіргі климаттық дағдарыс пен табиғи апатта өмір сүруге мәжбүр болғаны үшін өкінемін», дейді.

Бұл мәселе 2019 жылы Нидер­ландтағы атышулы сот ісінен кейін әлемде бе­лең алды, онда үгітшілер үкі­метке ауаға таралатын зиян­­ды қалдықтарды азайтуды бұйырған еді. Бұл «Ир­лан­диядан Үндістанға дейін бүкіл әлемде климаттық дау­лардың өршуіне себеп бол­ды», дейді экология сарапшылары.

Корей азаматтары кли­маттың өзгеруіне байланысты мемлекетті сотқа берді. Бір топ жастың жасаған өтініші 2021 жылы Оңтүстік Корея үкіметі нөлдік шығарындылар туралы жаңа заң қабылдағаннан кейін жаңартылды, алайда олар әлі де бұл әрекет жеткіліксіз деп санайды. Олар елдің 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 40%-ға қысқарту мақсаты кон­сти­туцияға қайшы және бола­шақ ұрпақтың негізгі құқық­тарына (өмір сүру, теңдік, меншік құқығы және саламатты және таза, жасылданған ортада өмір сүру құқығы) кепілдік бере алмайтынын айтады.

Оңтүстік Кореядағы кли­маттық өзгерістер күннен күн­ге күрделеніп барады. Үкі­меттің келтірген статистикасы 1985 жылдан бері табиғи апаттардан келген залалдың артқанын, соның салдарынан 2007-2016 жылдар аралығында 162 адам қайтыс болғанын және шығын 7,3 триллион вонға (4,6 миллиард фунт стерлинг) жеткенін көрсетеді. Болжамдық мәлімет­терге қара­ғанда, елде алдағы уа­қытта жиі және қатты су тас­қыны мен орман апаттары болып, фауна тіршілік ету ор­­тасын жоғалтады, күріш секілді негізгі азық-түлік өнім­де­рінің шығымдылығы мен сапасының төмендеуі орын алады. «Ересектер жерді біз үшін қорғаймыз дейді, бірақ бұл біздің болашағымызға көп қатысы жоқ сияқты», дей­­ді елдің 10 жасар тұрғыны Хан Джэ Ах. «Лас климат­ты біздерге «табыстамай», ере­сектер көміртегі қышқы­лының ауаға бөлінуін дәл қазір қысқартулары керек», деп қосты ол сот процесі ке­зінде. Көптеген жас сот­­та климаттық дағдарыс олар­­дың негізгі құқықтарын бұ­за­тынын айтқан. Бірақ жас­тар бір жағынан тәжірибе көрсеткендей, «Аустралиялық жасөспірім Анджали Шарма сияқты танымал істер сәтсіз аяқталады», деп алаңдайды. Дегенмен судьялар «заң қа­зіргі күйінде болашақ ұр­пақ­тың бостандықтарына қауіп төндіреді» деп шешім шы­ғар­ған соң Германия кли­мат­тық мәселелерді алға қой­ған. Корей жастары да өтініш­тері оң шешім табатынына үмітпен қарап отыр.

Жастар бұл мәселені әлем елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып қозғағандарын айтады. Мысалы, Оңтүстік Аме­рика соттары дәл осы мә­се­леге қатысты «жана­шыр­лық» танытқан. Шешімді орын­­дау қиын болса да 2018 жылы Колумбияның Жо­ғар­ғы соты «Амазонкадағы ор­­ман­­дарды кесу қазіргі және бола­шақ ұрпақтардың бар­лық колумбиялықтарға қат­ты зиянын тигізді және не­гізгі құқықтарды қорғау әлі туыл­маған балаларға қатысты» деп шешім қабылдаған болатын. Жаңа істі жүргізіп жатқан Sunflower антиядролық заң тобының президенті Ким Ён Хи The Guardian басылымына: «Талапкердің өкілі ретінде жастар тағайындалды. Өйткені олар болашақ үшін ең маңызды символ болып табылады», деді. Ким осыған дейінгі іс бойынша жүкті әйелдер мен балалардың конституциялық өтініш беру қабілетін мойын­дайтын шешімге тоқталды және Кореяның Жоғарғы соты ұрпақтар арасындағы негізгі құқықтарға кепілдік беру керек екенін бұрыннан мойындағанын алға тартты.

Бұған дейін бірқатар Батыс елінің тұрғындары үкіметтерін климаттың өзгеруіне кінәлі екенін айтқан болатын. Ен­ді қатарға Азия елдері де қосыл­ды, олар ауаны ластап жат­қан өнеркәсіптердің, ірі өнді­ріс орындарының «өнім өнді­рудегі» зиянды тұстарына жер­гілікті билік қана кінәлі деп санайды.