26 Сәуір, 2014

Басылымның болашағы оқырмандар талғамына байланысты

866 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Туркестан Халықаралық «Түркістан» газеті – саяси апталық. Жиырма жылдық тарихы бар газет бұл күндері күллі түркі дүниесінің үні, ақпарат айнасы болып қалыптасты. Тарих тереңінде жатқан туған еліміздің арғы-бергі шежіресін жасауға орасан зор еңбек сіңірген, отандық ақпарат кеңістігінен өзінің тиісті орнын тапқан, бет-бейнесі айқындалған басылымның мерейтойы қарсаңында газеттің Бас редакторы Шәмшидин ПАТТЕЕВПЕН сұхбаттасудың сәті түсті. ША-Ш.Паттеев-сухбат-фото– Шәмшидин Әшенқожа­ұлы, «Түркістан» апта­лығының алғашқы нөмі­рі шыққанына жиырма жыл толып отыр. Бұл бір қара­ған­да, қамшының сабындай қысқа мезгіл сияқты. Ал бүгін­гі заманның зымыран уақы­тымен өлшесек, аз уақыт емес. Ширек ғасырға жуық уақыт оқырманымен жүздесіп келе жатқан басылымның шығу тарихы қандай еді? – «Түркістан» газетінің негізін Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов салды. Ол кісінің беделі халық пен Үкімет басшылары алдында жоғары еді. Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың да ілтипатына бөленген жан болатын. Түркі халықтарының ынтымағы мен бірлігін насихаттайтын газет 1993 жылы 14 қарашада Үкіметтің арнайы қаулысымен шықты. Оның алғашқы нөмірі сол жылдың 24 қаңтарында жарық көрді. Газет беттеріне түркілердің бірлігі, олардың тарихы да кеңінен айтылды, Қазақстанның нарықтық қатынас кезеңіндегі қоғамдық өмірінің барлық салалары қамтылды. Дін мәселесі де қалыс қалған жоқ. Редакция қызметкерлері әр алуан тақырыптарға сай жаңа рубрикалар ашып, өзекті мәселелерді көтере отырып, қоғамдық пікірлер қалыптастыра білді. Елде нарықтық қатынастың қалыптасу кезеңі кім-кімге де оңайға соқпағаны мәлім. Газет те сол жылдары қаржылық жағынан тапшылық көріп, екі-үш ай бойына қызметкерлер жалақы алмаған кездер де болды. Дегенмен, қанша қиындықтар туындаса да Қалекең тұйықтан шығар жол тауып, газет туын жыққан жоқ. Газет аз ғана уақыт ішінде көзіқарақты оқырмандардың үнпарағына айналды. Бертін келе сегіз беттік, содан соң он екі беттік көлеммен оқырмандарға жол тартты. Редакцияда екі бірдей Республика Президенті сыйлығының иегері мен бірнеше ұлттық компаниялардың жариялаған бәйгесінде топ жарған журналистер қызмет етеді. Газетіміз халықаралық жағдайларды да тұрақты жазып келеді. – Елбасының сындарлы саясатын қолдап, оқырманға тірек болған газет қазақ ұлты үшін қандай қызмет атқарды? – Ұлттық басылымдардың қай-қасысы да көтерген мәселе­леріне ұлттық мүдде тұрғысынан қарағаны ешкімге де дау тудыра қоймас. Солардың ішінде «Түркістан» газеті де осы тұрғы­дан өз үлесін қосты деп білемін. Тәуелсіз мемлекеттің іргесін бекіту мен оны жан-жақты дамыту тек Үкіметтің ғана шаруасы емес. Осы орайда газеттерге де жүктелген міндеттер аз болмады. Өтпелі кезеңнің қиындықтарында оқырмандарды сабырға шақыра отырып, Президент ұстанған нарықтық қатынастың қыры мен сырын түсіндіруде аянып қалған жоқ. Білікті экономист мамандарды, айтулы ғалымдарды тартып, олардың маңызды мақалаларын жиі-жиі жариялап отырды. Сын түзелмей, мін түзелген бе. Сол бағытта айтулы ғалымдардың Үкіметке достық рәуіштегі сын мақалаларын да жарияладық. Әсіресе, ел ішінде дін бірлігі мәселесі жұртқа алаңдаушылық туғызып жатқан кезде, газет оған бейжай қарап қалған жоқ. Шетелдерден ішімізге енген түрлі секталар дәстүрлі дін бірлігіне ақау түсіре бастаған кезде Қалекең бастап, басқалар қоштап, жұртты алдауға түсіп қалмаулары үшін Ислам дінінің құндылықтары мен маңызын кеңінен көрсететін материалдарды ауық-ауық жариялап отырды. Қоғамда тағы бір өзекті мәсе­ле – оралмандардың елге оралуы болды. Бұл қазір де өзекті мәселе. Қытайдан, Моңғолиядан, Ираннан тарихи Отаны Қазақ­станға оралуды мақсат тұтқан қандастарымыз редакция есі­гін ашып, өздерінің тиісті құ­жат­тар дайындауда көптеген қиындықтарға кездесіп, әуре-сарсаң күй кешкендері жөнінде шағымданып жүрді. Біз де соның оңтайлы жолын қарастыра оты­рып, ақыры газет ішінен орал­мандарға арнап, төрт беттен тұра­тын «Қоныс» қосымшасын жарыққа шығаруды ұйғардық. Қалтай аға қосымшаның редакторы етіп осы мәселенің түйінін жетік білетін Айтан Нүсіпханды тағайындады. Қосымшада екі ел арасында жүретін құжаттарды дұрыс дайындау жөнінде бірнеше материалдар жариялап, Қытай мен Моңғолия елдеріне таратылды. Газеттің түсіндіру жұмыс­тары оң нәтижесін беріп жатқанын оралмандар алғысынан сезіп отырдық. Қазір елге келген қандастарымыздың азаматтық алу мәселесін қозғау үстіндеміз. Газетте өнер адамдары туралы да аз жазылған жоқ. Дәстүрлі әндерді шырқаушылар мен театр әртістерінің жай-күйлерін де тиісті орындарға жеткізіп, басқа әріптестеріміз секілді қолдан келген көмегімізді аянып қалған жоқпыз. Қаншама таланттыларды елге таныттық. Ауыл спортын дамытуға да көңіл бөліп, жақсысын басқаларға үлгі тұтып, жаманын өткір сынға алдық. – Сөз жоқ, басылымның беделі – ақиқатты айта білуінде. Ал «Түркістанның» оқырман көпшілікке қадірлі болуының себебі неде? – Ақпарат құралдары ақиқат­ты айтпаса, кім айтады? «Ес­кермеген ауру жаман». Қоғам дерттен құлан-таза ада деп айту асылық болар. Ауылдағы әкімдіктен бастап, Астанадағы Үкімет басшыларына дейін халық бақылап отыр. Олардың ел дамуында жіберген кейбір қателерінің өзі халыққа жеңіл тимейді. Өз істерінде өрескел кемшіліктер жіберген әкімдер мен министрлерді сын тезіне алдық. Белгілі экономист Тоқтар Есіркепов пен талай біліктілердің пікірлерін жариялап, көпшіліктің көңілінен шықтық десем асылық болмас. Ауыз су, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету, шағын бизнесті дамыту жөнінде газетте аз сын айтылған жоқ. Тіптен дау-дамайда қалған жеке бастың да тағдыр-талайына араша түсіп, әділдік үшін күрескен сәттерімізді оқырмандар газеттен біліп отыр. Алайда ханның қызында да кемшілік болады екен. «Көш жүре түзеледі» демекші, біздің ел жылдан-жылға даму үстінде. Аздап болса да жаңа өндіріс орындары ашылып жатыр. Посткеңестік Орталық Азия республикалары арасынан біздің ел шоқтығы қай салада да жоғары тұр. Сонда да қоғамда жегі құрттай жеп жатқан жемқорлар саны азаяр емес. Өкініштісі сол, қолында үлкенді-кішілі билігі барлар ғана емес, кейбір құқық қорғау органдарының, саны аз да болса сот мүшелерінің өздері де қылмысқа қатысы болып жатса не шара. Газет қоғамдағы осындай келеңсіздіктердің жолын кесу үшін де батыл-батыл жазылған материалдарымен күресіп келеді. – Басылым елімізде жүргі­зі­ліп жатқан әлеуметтік-эко­номикалық реформаларды, жағымды жаңалықтарды жет­кізуде, сондай-ақ халқымыздың руханияты мен тарихын танытуда қандай рөл атқарды? – Уақыт пен заман талапта­ры өскелең. Қоғамның қай саласында да сол талаптарға сай кезінде реформалар жасалынып отырмаса, ел қай жағынан да тоқырауға ұшырауы мүмкін. Мысалы, осы күнге дейін Білім және ғылым министрлігі саланы жетілдіру үшін қаншама реформалар жасады. Бірақ солардың бәрі де сынға ұшыраумен болды. Мектеп оқулықтары анау, тарих пәндеріндегі көрсетілген жылдар бір-біріне сәйкес кел­мейді. Химия мен физика пән­дерінде де қателіктер аз емес. Сапалы оқулық шығармай білім­ді оқушы тәрбиелеу оңайға түспейді. Әзірге қоғамда осы білім саласы кенжелеп дамуда. Медицинаның жыры бір бөлек. Басқа салаларда ілгерілеушілік бар. Индустриялық-инновация­лық даму қолға алынғалы бері санаулы жылдар ішінде бір­қатар өнеркәсіп орындары іске қосылып, солардың кейбірі өнімдерін тауар түрінде алыс-жақын шетелдерге шығаруда. Өзімізде шетелдік жеңіл көліктер мен жолаушылар тасымалдайтын автобустар да құрастырылып жатыр. Астыққа бай елміз. Оның бір бөлігін басқа елдерге сатудан біраз пайда табудамыз. Мұнай, газ, уран саласында да осындай. Ресеймен шектесіп жатқан Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары ауыл шаруашылығы өнімдерін іргелес жатқан ресейліктерге сатуда. Тарихты жаңаша көзқараспен жазу оңай емес. Ол бір күнде, қысқа уақытта атқарыла қояр шаруа емес. – Осы күнге дейін басып өткен жол, атқарылған жұ­мыс көңіл көншітеді десек, ха­­лықаралық басылымның бо­­лашағы қандай болмақ? Ал­да­ғы жоспарларыңыз қандай? – Жаңа жоспарлар ел ішін­де­гі өзгерістерден туын­дайды. Қазір әлемдік саясатта көптеген жаңа­лық­тар болып жатыр. Соларға саяси сараптама жасай отырып, оқырмандарға дер кезінде жеткізу бас­ты міндет. Әрине, көтеріліп отырған мәселеге орай елге танымал саясаткерлердің пікірлерін білдіру де қиындық келтіреді. Қазір қазақ тіліндегі басы­лымдардың қай-қайсысы да халықаралық жағдай­ды, республикамыздағы өзгерістерді талдап көрсету­де орыс басылымдарынан кем соқпайды. Алды­мызға қойған жоспарлар көп. Ең бастысы, ел ішін­де тыныштықты сақтауда, бірлікті арттыруда бар мүмкіндікті пайдалану. Мемлекеттік тілімізді тұғы­рына толық қондыруда үздіксіз үгіт-насихат жүр­гізіп отыру біз үшін аса маңызды іс. Ал газеттің бола­шағы оқырмандар талғамына тікелей байланыс­ты. Тал­ғ­амдарынан шығатын құнды материалдар бе­ріп отыр­сақ, болашағымыз да жаман болмас деп ойлаймын. Әңгімелескен Шарафаддин ӘМІРОВ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.