«Жасыл экономика» қағидаттарын және ресурс үнемдеу технологияларын енгізу кезінде Қазақстанға Азия даму банкі жәрдемдеседі.
Қазақстан мен АДБ арасындағы 2012-2016 жылдарға арналған әріптестік стратегиясында көрсетілгендей, қазіргі уақытта банк Қарағанды қаласының орталықтандырылған жылу желілерін оңалтуға қатысты дайындық жұмыстарына техникалық көмек көрсетуде.
Аталған жоба «Қазақстан Республикасының энергия тиімділігін арттырудың 2012-2015 жылдарға арналған кешенді жоспарын» орындауға септігін тигізеді, «2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен» үндеседі, сондай-ақ, Үкіметтің энергия тұтынуды және отын ресурстарын тиімсіз пайдалануды төмендету мақсатына жетуге мүмкіндік береді.
Жобаның негізгі мақсаты – SCADA жүйесін енгізу, бақылау және есепке алу жүйесін жаңалау, транзиттік, жер асты, жер үсті желілерін қосқанда 127 шақырым құбырларды ауыстыру, 7 насос стансасын жаңарту, сондай-ақ, қаржылық менеджмент, сатып алу, әлеуметтік қорғау, қаржыландыруға қол жеткізу сынды басқа да шаралар бойынша кәсібилікті арттыру болып табылады. Сондықтан, Азия даму банкінің бұл жобаға қатысуы кездейсоқ емес. Табиғи ресурстардың азаюы, қоршаған ортаның ластануы, энергия тиімділігінің төмендігі тікелей сапаға әсер ететінін ескерсек, банктің стратегиялық мақсаты – кедейлікті азайтып, өмір сапасын арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар, Азия даму банкі мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде қалалық инфрақұрылымдар мен табиғи монополия саласына қатысты жобаларды жүзеге асыруда мол тәжірибе жинақтаған.
Осы бай тәжірибені Қазақстанның аталған салаға жеке инвестиция тарту үшін пайдалану мүмкіндігі зор. Тағы бір атап өтерлігі, экологиялық таза технология, ресурс үнемдеу АДБ қызметінің басым бағыттарының бірі. Осы жолда банк көптеген елдерде түрлі жобаларды қаржыландырып қана қоймай, «жасыл экономика» технологиясы арқылы жарқын үлгі көрсетуде. Мысалы, 2-5 мамырда Астанада жоспарланып отырған АДБ Басқарушылар кеңесінің 47-ші мәжілісінде «жасыл экономика» қағидаттары қолданылады. Бұл дегеніміз, экологиялық таза өнімдер пайдалану, «жасыл шаралар» өткізу, түрлі ресурстарды пайдалануды азайту.
«Егемен ақпарат».