26 Сәуір, 2014

Қытай мемлекеттік қызметте Қазақстанмен ынтымақтас болуға мүдделі

325 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Бұдан бұрын Қытайдың мемлекеттік қызметшілер өкілдерінің елімізде ресми сапармен жүргенін хабарлағанбыз. Адами ресурстар және әлеуметтік қамсыздандыру министрінің орынбасары Ян Шицю бастаған сол делегация мүшелері кеше ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында болып, Қазақстан мемлекеттік қызметшілерінің «А» корпусын қалыптастырудағы тәжірибесімен танысуды жалғастырды. Кездесу барысында Қытай вице-министрі Ян Шицю өз елін­дегі мемлекеттік қыз­мет рефор­масының негізгі аспектілеріне тоқталып өтіп, бұл салада өздеріне Қазақстанның озық тәжірибесінің қажет екенін тілге тиек етті. «Қытай Астанадағы мем­ле­кеттік қызмет саласындағы аймақ­тық хабтың құрылуына қол­дау білдіріп, әкімшілік мемле­кеттік қызметшілердің «А» бас­қару корпусын қалыптастыру тәжірибесіне қызығушылық танытады», – деді ол ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында студенттер мен оқытушыларға арнап өткізген дәрісі кезінде. Бұдан әрі Ян Шицю мырза біздің елімізде құрылған аймақтық хаб туралы өз ойларын ортаға салды. «Қазақстанның  бастамасымен мемлекеттік қызмет саласында аймақтық хаб құрылғанын білеміз. Біз оны толық қолдаймыз. Аймақтық хаб – көптеген елдердің мелекеттік қыз­мет саласында тәжірибе мен білім, ақпарат алмасып, ынты­мақтасатын бірегей алаңы. Оған қоса бұл идеяны Қазақстан көтеріп, орталық осында орналасты. Қазақстан – біздің жақсы көршіміз әрі стратегиялық серіктесіміз. Яғни маңызды бағыттың маңызды механизмдері көрші әрі серіктес елде жүзеге асып отыр. Сондықтан,  хабтың жұмысына, осы саладағы іс-шараларға жан-жақты қолдау көрсетуімізге толық негіз бар», – дегенді айтты ол. Оның айтуынша, аймақтық хабты дамытудың орасан әлеуеті де зор. «Біз мұны өзіміз үшін аса керекті тәжірибе деп санаймыз, – деді Қытай вице-министрі сосын. – Қытайда әкімшілік мемлекеттік қызметшілер жоғары басқару, орта және төменгі лауазымдар болып үшке бөлінеді. Бізде кадрларды қызметке қоюда тапсырма бойынша тікелей тағайындау, конкурс бойынша таңдау және сайлау деп аталатын үш түрлі жолмен жүргізіледі. Енді Қазақстан тәжірибесін де қолданудың мүм­кін­діктері туып отыр», – деп атап өтті Ян Шицю. Мәртебелі мейман «А» корпусы туралы да өте жақсы пікірлер білдірді. «Қазақстанның мемлекеттік қызмет реформасының екінші кезеңінде «А» корпусын құрғанын білеміз. Бұл – біз үшін пайдалы әрі жақсы тәжірибе. Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерді саяси және әкімшілік деп бөлу әлемнің көптеген елдеріндегі тәжірибеге сай. Әкімшілік мемлекеттік қыз­мет­керлер «А» және «Б» корпус­тарына топтастырылып отыр. Мұның кадр таңдау мен тәрбие­леу­дегі артықшылықтары мен тә­лімді жақтары өте көп», – деген қо­рытынды жасады Қытай вице-министрі. Кездесу соңында Ян Шицю мырза жиналғандардың сұрақ­тарына жауап берді. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».