Оңтүстік Қазақстан облысында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының «Өңір» депутаттық тобының көшпелі отырысы болды. Кездесу Қазақстан Президентінің «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауы аясында шағын және орта бизнесті дамыту мемлекеттік қолдау тақырыбын талқылауға арналды.
Шараға «Өңір» депутаттық тобының мүшелері, сенаторлар Ермек Жұмабаев, Қуаныш Айтаханов, Светлана Жалмағамбетова, Асхат Күзеков, Орынбай Рахманбердиев, Жұмабек Төрегелдинов, Мұрат Бақтиярұлы, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов, Өңірлік даму министрінің бірінші орынбасары Қайырбек Өскенбаев, Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Сапархан Омаров, облыстық мәслихаттың депутаттары, жергілікті органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
«Қазақстан-2050» Стратегиясының маңызды бағыттарының бірі – шағын және орта бизнестің дамуына неғұрлым қолайлы жағдайлар жасау болып табылады. Мемлекет басшысы «біздің экономикамызда шағын және орта бизнестің үлесі неғұрлым көп болған сайын, соғұрлым Қазақстанның дамуы тұрақты болады» деп бірнеше рет атап айтқан болатын», – деді Парламент Сенатының депутаты, «Өңір» депутаттық тобының жетекшісі Ермек Жұмабаев.
Еліміздің Президенті ішкі жалпы өнім құрамындағы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін көбейту үшін алға бірқатар міндеттер қойды. Атап айтқанда, жекеменшік институттарын заңнамалық тұрғыдан нығайту бойынша кешенді шешімдер қабылдау, бизнестің дамуына кедергі келтіретін инертті құқықтық нормалардың күшін жою, осы сектор субъектілері банкроттығының нақты тетігін енгізу, кейіннен орта бизнес қатарына ауысу перспективасымен шағын бизнестің мамандануын дамыту бойынша шаралар колдану, жұмысын жаңадан бастап жатқан бизнесмендерге әдістемелік көмектің тиімді тетіктерін жасау көзделіп отыр. Елбасының осынау жасампаз саясатын заң тұрғысынан қамтамасыз етуге Парламент Сенатының депутаттары да, оның ішінде «Өңір» депутаттық тобы да өз үлесін қосатын болады.
«Қазіргі уақытта, республикада 871,5 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді, 2,6 миллион адам жұмыспен қамтылған, олар 9 019,7 миллиард теңгенің өнімін шығарады. Еліміздің 17 қаласында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы құрылды, олар былтыр 22 074 консультация берді. 27 моноқаланың барлығында кәсіпкерлерді қолдау орталықтары жұмыс істеп тұр. 2014 жылы 160 аудан орталығының барлығында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылады», – деді Е.Жұмабаев.
Көшпелі отырыс барысында сенаторлар Оңтүстік Қазақстан облысындағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарының жұмысымен танысты. Онда депутаттарға Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жайы көрсетілді, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.