Экология • 28 Маусым, 2022

Дария деңгейі биыл да төмен

959 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сырдария өзені биыл да арнасынан төмен түсіп, бар тіршілігі дарияға қа­раған жұртты абыржытып тұр. Тәңір тауындағы Нарын мен Қара­дария өзендерінен бастау алатын Сырдың облыс аумағындағы ұзын­дығы – 1 274 шақырым. Ұлы даланы көктей өтіп, Аралға құятын Сыр­дария жағалауын аймақ халқының 85 пайызы мекен етеді.

Дария деңгейі биыл да төмен

Суы ернеуін кеміре аққан жылдары ел несібесі жыл сайын еселеніп тұрып еді. Өйткені мұ­най өндіріле бастағанша аймақ экономикасының негізгі тіні санал­ған ауыл шаруашылығы саласы толығымен суармалы егіншілікке негізделген. Әлі де аграрлы аймақ атағынан айырыла қоймаған об­лыстағы суармалы жердің жалпы көлемі 254 мың гектар болса, оның 178,6 мың гектары инженерлік жүйеге келтірілген.

– Еліміздегі күріштің 90 пайы­зын біздің аймақ өндіретін бол­ғандықтан, республика бойынша суармалы судың 30 пайыздан астамын тұтынамыз. Соңғы 2 жыл­да өңірдегі су тапшылығына бай­ланысты күріштің көлемі 11 мың гектарға дейін қысқартылып, орнына суды аз қажет ететін да­қылдар егілді. Алайда күріш бас­тыру топырақтың тұздануын тө­мендетеді. Сондықтан ауыспалы егістік тәртібін сақтай отырып, күріш көлемін 75-80 мың гектар айналасында ұстап қалудың жо­лын қарастырып жатырмыз, – дей­ді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жансұлтанұлы.

Аймақта пайдаланылмай қалған 29 мың гектар суармалы жер­ді айналымға қосып, 158 мың гектар суармалы егістіктегі иррига­ция және дренаж жүйеле­рін жетілдіру бағытында жобалар қолға алынған. Үш жылдан бері Жалағаш ауданындағы Аққұм, Бұқарбай батыр, Таң және Мәде­ниет ауылдық округтері аума­ғындағы 15 мың гектар суармалы жерлерді қалпына келтіру жұ­мыстары жүргізілуде. Жоба толық іске асқанда су ысырабы 80-105 млн текше метрге азаяды.

Осы жылы бюджет, шаруа­шылықтар қаржысы, «Қазсушар» РМК тарифі есебінен ұзындығы 1 034 шақырым болатын 162 ка­нал­­ды тазалап, 156 насос қон­дыр­­ғысын сатып алу, 52 ұңғы­маны жөндеу мен бұрғылау, 322 гидро­­техникалық құрылысты жөн­деу жүргізілуде. 

Жалпы, Арал-Сырдария ел аума­ғындағы экологиялық проб­­­­ле­малары толық шешімін тап­па­ған бассейндердің бірі саналады. Еліміздің жерүсті су ре­сурс­тарының 22 пайызын құ­райтын бассейндегі басты мә­селе климаттық ерекшелік болып отыр. Аңқаны кептіретін ап­тап пен басқа өңірлермен салыс­тыр­ғанда аз тү­сетін жауын-ша­шынның әсері жыл­дан-жылға қат­ты сезіліп тұр.

Сырдария өзенінің суын бір­лесіп пайдалану мақсатында Ор­талық Азия мемлекеттері арасында құрылған су шаруашы­лығын үйлестіру комиссиясы жыл сайын Нарын-Сырдария каскадындағы су қоймаларының болжамдық жұмыс кестесін әзір­леп, бекі­теді. Алайда осы комиссия бекіт­кен трансшекаралық өзен суын бөлудің лимиттері сақтала бер­мейді. Әрине, тамшы судың қадірі артып тұрған қазіргі кезде әркімнің көрпені өзіне қарай тартатыны аян. Осыдан келіп ортақ жос­пар жайына қалып жатады. Мысалы, комиссияның 78-отыры­сының хаттамасына сәй­кес Шар­дараға 2020 жылғы 1 сәуір мен 30 қыркүйек аралығында 6,4 млрд текше тер су жиналуы болжанса, қойма айдынына түскені 2,77 млрд текше метр болған. Одан кейінгі жылы да болжанған 4,1 млрд тек­ше метр орнына 2,3 млрд текше метр түскен. Арал-Сырдария басс­ейндік инспекциясының бө­лім басшысы Сейітхан Әбуов осының салдарынан соңғы 3 жылда облысқа бөлінетін суармалы егіс лимиті 4,1 млрд текше метр­ден 3,6 млрд текше метрге қыс­қартылып белгіленгенін айтады.

Тоқтағұл, Әндіжан, Бахри-Точик, Шарбақ, Шардара су қой­масы мен Көксарай арқылы жұ­мысы реттеліп отыратын дария­ның жалпы жылдық су қоры 37,1 млрд текше метр. Осыдан тура қырық жыл бұрын КСРО-ның мем­лекеттік жоспарлау комитеті Сырдариядан еліміз алатын жыл­дық үлесті 12 млрд текше метр деп белгілеген. Су шаруашылығы ма­ңайында жүрген мамандар одан бері Қызылорда, Түркістан облыс­тарында егіс алқаптары еселеп өссе де мемлекетаралық бөліністе осы лимит мүлде ұмыт қалып келе жат­қанын айтады.

2001-2005 жылдары жүзеге асырылған Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің Солтүстік бөлігін сақтап қалу жо­басының 1-кезеңінен кейін Сол­түстік Арал теңізі қалпына кел­тірі­ліп, жағалаудағы жұрттың үмі­ті оянды. Көкарал бөгеті са­лын­ғаннан бастап Қаратерең су бекеті арқылы бұл айдынға 89,5 млрд текше метр су жіберіліпті. Бірақ оның тең жартысынан астамы үлкен теңізге кетіпті.

Дариядағы су тапшылығы айдынды толтыруға да мүмкіндік бермей отыр. Екі жылдан бері Сол­түстік Арал теңізіне жіберілетін су көлемі азайып келеді.

Мемлекет басшысының 2021 жылғы қыркүйек айындағы «Ха­лық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің бе­рік негізі» атты Жолдауында су шаруа­шылығы сала­сына ерекше мән берілгені елдің үмітін оятып отыр. Елімізде жаңа­дан 9 су қоймасын салып, 120 каналды қайта жаңғырту жөніндегі тапсырмаға орай Қызылорда облысынан Қараөзек су қоймасын салу мен 16 каналды реконструкциялау ұсынылды. 

Мал мен жанды қинаған тап­шылық зардабын азайтудың бар­лық амалы жасалып-ақ жатыр. Осы жылдың 17 маусымында Пар­­ламент Мәжілісіндегі су саласын дамыту перспективалары жө­ніндегі тыңдауда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баяндама жасап, біршама өзекті мәселелерді атап өтті. Тамшы су тапшы болып отырған кезеңде облыс әкімдігі қа­былдаған шаралар нәтижесінде ди­қандар көктемгі егісті кідіріссіз бас­тап, жоспарға сай жұмыс істеп жатыр.

Қалай болғанда да диқан тілегі дарияның үстінде. Сәл толып, ширақ аға бастаса үміт оянады. Күрт түсіп, өзен арнасында ала­қан­­дай-алақандай аралдар пайда бола бастаса мазасы кетеді. Бір қуанарлығы, Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандарын сумен қамтамасыз ететін Шіркейлі каналы толып ағып жатыр. Жылда үзілген жіптей болып жататын дария­ның ұлы арнасында да биыл тір­шілік бар. Ел көңілінде үміт пен күдік осылайша кезек алмасып тұр.

 

Қызылорда облысы