Білім • 29 Маусым, 2022

Студенттер ара бағып жүр

203 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ғалымдары екі жылдан бері бал арасы шаруа­шылығын дамыту жөнінде жаңа жобаны қолға алған болатын.

Студенттер ара бағып жүр

«Батыс Қазақстанда бал арасы шаруашылығын дамыту жобасы екі жылда айтарлықтай нәтиже көр­сетті», дейді мамандар.

Жәңгір хан университетінің ректоры, ғылым докторы, ака­де­­мик Асқар Нәметовтің баста­ма­сы­мен қолға алынған жобаға уни­верситет құрамындағы «Ветери­нарлық медицина және мал ша­руа­шылығы» институтының аға оқы­тушылары Гүлдана Идри­­сова мен Берік Саты­баев же­тек­ші болып бекітілген еді. 2020 жы­лы жеке қаражатқа бал ара­сының 10 ұясын сатып ал­ған уни­верситет басшылығы омар­та­ларды «Золотой улей» шаруа қожа­­лығының алқабына арнайы келісім­шарт бойынша орна­лас­тыр­ған. Сөйтіп, қожалық иесі Сер­гей Кривобоковпен бірге ара шаруа­шылығымен айналысатын мекеме-ұйымдармен әріптестік байланыс орнатылып, қызмет аясын одан әрі кеңейту жұмыстары жүргізілуде.

– Биыл үшінші жыл қатары­нан біздің омартамызда «Эколо­гия», «Ветеринарлық медицина» және «Ветеринарлық санитария» мамандығы бойынша білім алатын студенттер тәжірибелік машықтан өтуде. Мұнда олар ара шаруашылығына кіріспе, бал өнімдерін алудың кезеңдерін иге­ріп, араның ауруларымен және оның зиянкестерімен күресу жолдарын меңгереді, – деді Берік Ғариполлаұлы.

Гүлдана Зейноллақызының айтуынша, бал аралары шаруашы­лығында әзірге тек қана бал алынып жатыр екен.

– Әр маусымда бір ара ұясы­нан 15 килоға дейін бал алынады. Әрине, өнім көлемі ауа райына байланысты өзгеруі мүмкін, – дейді ғалым.

Шаруашылық басында бал араларының тылсым құпиясына қанығып жүрген студенттер осы жобаға қызығушылық танытып, жаңа жобалар жасақтап, гранттық қаржыландыру байқауларына ұсына бастаған. Сонымен қатар жоба жетекшілері Берік Сатыбаев пен Гүлдана Идрисова Ресейде біліктілік курстарынан өтіп, түрлі гранттық байқауларға қатысып жүр екен.

Бүгінде БҚАТУ ғалымдары жер­гілікті әкімдікке бал арасы шаруашылығын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдама­сын дайындауға көмектескен. Қа­зақстан омарташыларының «Бал-ара» атты ұлттық одағымен де ын­тымақтастық меморандумы жасалған. Сондай-ақ халықаралық деңгейдегі ғылыми-зерттеу инсти­туттарымен де келісімшарттар түзілген. Мұндай әріптестік байланыс ара шаруашылығы базасын кеңейтуге, дамытуға септігін тигізері анық. Сонымен қатар университеттегі «Қайта өңдеу өн­ді­рістерінің технологиясы» жо­ғары мектебімен бірлесе бал арасы өнімдерін дайындау жобалары әзірленген.

Соңғы жаңалық – бал арасы­ның тұқымын жақсарту үшін жа­қында Ресейден аналық ара сатып алыныпты. Ол күніне 500-ден 2 мыңға дейін жұмыртқа салады. 18 күннен кейін ол жұмыртқалардан ара шыға бастайды.

 

Батыс Қазақстан облысы