26 Сәуір, 2014

Ықпалдастық үйренуге үндейді

335 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

ГҮЛДЕНСЕ АУЫЛ – ГҮЛДЕНЕМІЗ БӘРІМІЗ

Еуразиялық экономикалық одақ 2030 жылға дейін оған қатысушы үш елге ішкі жалпы өнімді 25 пайыз өсіруге және 600 млрд. доллардан астам кіріс алуға мүмкіндік береді. 

Н.Ә.НАЗАРБАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті.

 село Осыдан 20 жыл бұрын Еуразиялық экономика­­­лық  одақ құру туралы бастама көтерген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  «алдымен –экономика, сосын саясат» деген ұстанымының  дұрыстығын  халқымыз сезініп отыр. Дастарқаны толық емес,  ашқұрсақ  үйде береке бола ма? Болмайды. Бала-шағасының қамы үшін, соларды аш етпеймін деп еңбекке ұмтылған отбасыларының қорасы малға, үйі жанға толады,  дастарқаны да бай болады.  Сыйластық берекелі отбасының сәнін, мәнін келтіреді. Кішісі үлкенінің, баласы ата-анасының алдын кесіп өтпейді. Әркім өзінің ізі-жолын сақтайды. Қарап отырсақ, мемлекетте де осындай отбасының өміріне ұқсастық бар. Экономика жақсы  дамыса, елдің әлеуметтік жағдайы да жақсарады, жұрттың тұрмысы төмендемейді, түзелген үстіне түзеле береді. Ондай елде береке де, мереке де салтанат құратынын Қазақстан өз мысалынан  көрсетіп отыр. Дегенмен, халқының саны айнала­мыз­дағы мемлекеттерге қарағанда әлі көп деуге келмейтін, олжасының бәрі ортақ қазанға түскен кеңестік дәуір­де шикізат қоймасы болып, ұқсату өндірі­сін дамытуға мүмкіндік берілмеген Қазақстан секілді елдің енді томаға-тұйықталып қалуы ешқандай тиімділік әкелмейді. Көршіңмен араласу, барыңды беріп, жоғыңды алып отыру жаратылыс заңдылығының бірі емес пе? Сондықтан экономиканы, әлеуметтік, тіпті мәдени-рухани саланы дамыту үшін де интеграцияны дұрыс пайдалануымыз өте маңызды деп білемін. Мен ауыл шаруашылығы маманы, шаруашылық жетекшісі болғандықтан Еуразия экономикалық одағының осы сала үшін тиімділігін жиі ойлаймын, құптаймын. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ еліне өткен ғасырдың аяқ кезі де оңайға түскен жоқ. Тек Тәуелсіздіктің таңы атып, арты қайырлы болды. Жоспарлы, әбден байланысып қалған экономиканың орнына нарық келгеннен кейін, елде ішкі миграция басталды. Қазір ауыл кеуде көтеріп келеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы үшін интеграция өте қажет. Қазақстанда жыл сайын 20 миллион тоннадай астық өндіріледі. Біздің астықтың сапасы, дәннің қамырлылығы өте жоғары. Қостанай облысы еліміздегі барлық астық пен ұнның төрттен бірін, еттің 11 пайызын, сүттің – 7, жұмыртқаның 12 пайызын өндіреді. Қазақстан экспортқа шығаратын астықтың – 25, ұнның 27 пайызы Қостанай жерінде өндірілетінін мақтанып айтсам да артық емес. Өндірген өніміңді сатып ұқсатпасаң шығынға батасың. Бұл экономиканың бұлжымас заңы. 20 миллион тонна астықтың барлығын Қазақстанның ішкі сұранысы сіңіре алмайды. Сондықтан оны сыртқа сату қажет. Осы тұрғыда да Еуразиялық экономикалық одақтың бізге тиімділігі жақсы болғалы тұр. Қостанайдың іргесіндегі 144 миллионға жуық халқы бар Ресей Қазақстан үшін тиімді нарық болып саналады. Астықпен қатар, соңғы жылдары біздің диқандар ішкі-сыртқы нарық сұранысын зерттеп, егін шаруашылығын әртараптандыруды сәтті енгізе бастады. Қазір диқандар тек астықпен шектеліп қалмай, майлы дақылдар алқабын кеңейтіп келеді. Осы көктемде облыс бойынша 284 мың гектарға майлы дақылдар себіледі. Бұл өткен жылға қарағанда 51 мың гектарға көп. Соңғы жылдары май сығу кәсіпорындарының қатары да жиілей бастады. Өткен жылы 340 тонна өсімдік майы сыртқа артылса, биылғы жыл басындағы екі айдың ішінде 207 тонна май облыстан сырт жерге сатылыпты. Біздің астығымыз, өндірген ұнымыз, тіпті өндірісі енді дамып келе жатқан өсімдік майы да сапа тұрғысынан Еуразиялық экономикалық одақ әкелетін бәсекеге қарсы тұра алады. Еуразия экономикалық одақтың ауыл шаруашылығына сын болатынын да мойындауымыз қажет. Ол, әсіресе, біздегі әлі өрістеп кете алмай отырған мал шаруашылығына қатысты болады деп білемін. Бізде мал басы көбейіп келеді. Дегенмен, ет пен сүттің өзіндік құны әлі жоғары. Беларусь Республикасы бұл жөнінен алда екенін мойындап, олардан үйренетін уақыт жетті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан бірер жыл бұрын мал шаруашылығын дамытып, көрші Ресейше 60 мың тонна сиыр етін экспорттауды міндеттеген болатын. Қазір осы бағытта жұмыстар жүргізіліп отыр. Ет бағытындағы мал өсіру, мал тұқымын асылдандыру және жем-шөп дайындау жұмыстарын ілгерілету қолға алынған. Сүт өндіруде де солай. Егін шаруашылығына қарағанда бізде мал өнімдерін өңдейтін ұқсату кәсіп­орындары тым аз, жұтаң. Мал шаруа­шылығынан өндірілетін өнім тек ет пен сүт емес қой? Оның жүні, терісі қазір кө­ңіл­дегідей кәдеге асып отырған жоқ. Еура­зия бізді осы жөнінде ойлантып қана қоймай, игі істерге итермелейтін болады. Еуразиялық экономикалық одақ құрылған соң біздегі шаруашылық құрылымдары да уақыттың сынынан өтетін болады. Өйткені, өзгелердің жақсысын біз ұтымды үйрене білуіміз қажет. Жоспарлы экономика кезінде біздің Меңдіғара ауданында небәрі он бес шақты кеңшар болатын. Оларда мыңдаған бас мал өсіріліп, мыңдаған гектар егін себілетін. Мен мұны өткенді аңсап айтып отырғаным жоқ. Еуразиялық экономикалық одақ кезінде сапалы өнім өндірмей қатаң бәсекеге төтеп бере алмайсың. Қай уақытта да озық технология болмай сапа жеткізген емес. Баяғы ірі шаруашылықтар орнына келген жүздеген ұсақ шаруа қожалықтары бүгінде озық технология­ларды енгізе алмай отыр. Себебі, озық технологияға озық үлгідегі шетелдік қымбат техникалар қажет. Оны алуға шағын шаруашылықтардың қаржымы келмейді. Бұл – үлкен және жан-жақты қаралатын мәселе. Озық технология тек мол өнім өндірудің кепілі ғана емес, оны қолданғанда топырақ та жақсы өңделеді, оның азуына жол берілмейді. Сондықтан олар кооперативтерге бірігуі керектігін уақыттың өзі талап етеді. Еуразиялық экономикалық одақ осы тұрғыда бізге көп мәселелерді үйретеді. 90-шы жылдары, шаруашылық ыды­раған қиын кезде ауылдастарымның жоғары сенімімен және олармен бірлесе жұмыс істей отырып, шаруашылықты тоздырмай, адамдарды лажынша ауылдан сенделтіп көшірмей ұстап қалған едім. Қазір соның қайтарымы, дұрыс бағытта жұмыс істегенімнің нәтижесі жұрттың көз алдында. Мен басқаратын «Қарқын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінде 36 мың гектар жерге егін егеді. Бізде астықпен қатар майлы дақылдар да бар. Ауыл шаруашылығына қажетті техникаларды түгелдей дерлік жаңалап алдық. Егін шаруашылығын озық, ылғал сақтау технологиясымен жүргіземіз. Бұл сапа мен топырақтың құнарын сақтаудың басты кепілі екеніне де көзіміз жетті. Мал шаруашылығын да жүйелі дамытып келеміз. Алдағы уақытта мал өнімін ұқсатуды да қолға алатын боламыз. Еуразиялық интеграция ауыл ша­руашылығына уақыт талабынан қалып қоймауға жетелейтін болады. Ол үшін агрокешенді өндірістік-инновациялық негізде дамытуға бағыттайды. Оған мемлекет тарапынан да қолдау-көмек ерекше. Биыл облыстың ауыл ша­руашылығындағы басымдық берілген салаларға 19 миллиард теңге қаржы бөлі­ніп отыр. Бұл өткен жылмен салыс­тырғанда 2 есеге көп! Ауыл шаруа­шы­лығы дамыса, онымен бірге ауыл көр­кейеді. Қазірдің өзінде ауылдың әлеуметтік деңгейі осыдан 20 жыл бұрын­ғы уақытпен салыстырғанда көш бойы ілгері кеткен. Көптеген елді мекен­дерге көгілдір отын құбырлары тартылды. Ауыз су мәселесі де біртіндеп шешімін тауып келеді. Сырт жердегі жақсы, озық тәжірибенің барлығынан біз үйренетін боламыз. Бәсеке бар жерде сілкініс, сергектік, ең бастысы, даму болады. Интеграция бізді үйренуге итермелейді. Мен осыған қуанамын. Сайран БҰҚАНОВ, «Қарқын» ЖШС директоры, Қазақстанның Еңбек Ері. Қостанай облысы, Меңдіғара ауданы. _____________ Дерек пен дәйек 2013 жылы Кеден одағы елдеріне жөнелтілген Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені өнімдері экспортының көлемі екі есе артты. *      *      * 2013 жылдың қорытындысында тағам өнімдерінің барлық негізгі түрлері бойынша ішкі тұтынудағы отандық өндірістің үлесі 80 пайыздық көрсеткіштен асып түсті.