Қоғам • 29 Маусым, 2022

Петропавлда жалған хабарлама таратқан адам сотталды

178 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Петропавлда жарылғыш зат туралы жалған хабарлама таратқан ер адам бір жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Петропавлда жалған хабарлама таратқан адам сотталды

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметі хабарлағандай, оқиға 14 ақпанда Петропавл қаласында болған. Мас күйдегі ер адам «102» арнасына телефон шалып, Заводская көшесіндегі үйдің подъезінде жарылғыш зат қойылғаны туралы айтқан.

Оқиға орнына патрульдік полиция батальонының қызметкерлері, жарғыш техниктер мен басқа да шұғыл қызметтердің өкілдері келіп жетті. Тәртіп сақшылары үйдің жанында мас күйде жүрген ер адамды ұстады. Тексеру барысында жарылғыш зат табылған жоқ.

Бұл факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» 273-бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды.

Петропавл қалалық соты ер адамды бір жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауға үкім шығарды.

«Ер адамның заңсыз әрекеті қалалықтардың тынышын алып, демалысының шырқын бұзды. Осындай оқиғалар меншік иелеріне материалдық шығын келтіре отырып, арнайы қызметтердің жұмысына жиі кедергі жасайды, адамдардың мазасын алады, ғимараттарды тексеру үшін тұрғындарды эвакуациялауға тура келеді. «Телефон терроризмі» үшін ҚР ҚК 273-бабының санкциясына сәйкес ірі көлемдегі айыппұл мен 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін естен шығармаған жөн», деді СҚО ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Жарасбаев.