Өмір болған соң тосын оқиғалар, айтып келмес апаттар орын алмай тұрмайтындығы белгілі жайт десек те, алайда, солардың біразы адамдар өзінің сақтыққа салғырттық салдарынан ұшырауы да шындық. Өткен айда Көкпекті ауылы іргесіндегі өзендегі бөгеттің су жіберіп тұратын шлюздерінен саңылау табылмай асып төгілген тасқын үйлерді басып, мал-жан шығынына да тап етуі соның бірі еді. Тәубе дейсің, дер кезінде жеткен көмек арқасында болжаусыз қатер беті тез қайтты.
«Ел қадірін көрген біледі» дегендей, сонда зардап шегушілер бұл күнде барша жұрттың жұмылған қамқорлық шапағатын жақсы біледі. Әрқайсысы тұрмысындағы қиын кезде ауыртпалықты бірге көтеріп, бірге жеңілдетуге өз аймақтарынан бастап, басқа да өңірлердің қолдауға келуіне алғыстары шексіз. Абдыраған шақтарында алдымен қастарынан табылған Қарағандыдағы мекемелер мен жоғары оқу орындары жасақтары аулаларды, көшелерді тазалауға қолқанат көрсетсе, іле Астанадан, Тараздан, Шығыс Қазақстанның Көкпекті ауданынан келіп жеткен көмекке қосылушылар әлі де жалғасып ауылдың да, тұрғындарының да көңілін өсіріп, шырайын кіргізіп отыр.
«Көп түкірсе көл» деген осы. Жан-жақтан жұмылдырылған күш пен техниканың ілкімді жұмысының арқасында қысқа мерзімде 944 аула тазартылып, 6300 тонна күл-қоқыстан арылған ауыл қазір тап-таза. Апатты деп танылған және бұзылуға тиісті 51 үйдің орнын жаңалары басатын уақыт та алыс емес. Ал мұнымен бірге 157 үй мен 5 дүкеннің күрделі жөндеуден өткізілетіндігі Көкпектінің көркін өзгерткелі тұр. Жер аяғы кеңейген бетте басталған құрылыс істері күннен-күнге қанатын жайып келеді.
Жағдайды қалпына келтіріп, жақсартуға арналған қат-қабат іс-шаралардың ішінде, ең бастысы, қиындық қатты батушы тұрғындарды әлеуметтік қолдау негізгі назарда. Баспаналарын су шайып, жатақханаларға орналастырылған 14 отбасы әзірге ештеңеге алаңдаусыз болса, балғын жастағы балалы 7 шаңырақ Қарағандыға қоныстандырылды. Тағы 11-і тұрмысқа қолайлы мекенжайлардан орын теппек. Көкпектіліктердің қай-қайсысына да әсіресе, зейнеткерлерге, мүгедектерге, көпбалалы және жалғызілікті аналарға қамқорлық құшағы кең. 337 отбасыға көрсетілген гуманитарлық көмек соның бір парасы. Ешкімді ескерусіз етпеуге деген шынайы ықыластан жергілікті студенттер де қалыс қалмаған. Олардың 11-нің оқу үшін төлемақысы өтелді. Ауылға қоғамдық қайырымдылық қорына аударылған 245 миллион теңге арнаулы комиссияның шешімі бойынша бүлінген тұрмыстық техникалары мен мүліктердің жаңалары сатып алынуына, басқа да мұқтаждықтар өтелуіне жұмсалуда. Тұрғындарды, сондай-ақ, шығынға ұшыраған малдарының орны толтырылуы да риза етті. Бұл ретте сонау Алтайдан жаңа төлдеген 300 тұсақты қозыларымен қоса тиеп алып келіп, қолдарына табыс еткен аудан фермерлерінің мәрттігі бүгінде әрқайсысының аузында. Қорасында суға тұншыққан 8 қой басы түгенделген Қойкен Қасенова сияқтылы бәрі алдарына қайта мал бітті.
Айта берсе, көмек түрлері көп. Бәрін атамағанда осының өзі-ақ, ел ынтымағын, жұрт бір-біріне тілеулестігін, қысылшаң шақта қолдауға дайындығын айқын танытуы анық. Көкпектінің тез арада еңсесін көтеріп, бой тіктеуіне елдігіміздің осынау бір тамаша қасиетті шуағы тисе, сонымен бірге, өңір басшыларының соған ұйыстырып, жағдайды уақыт асырмай түзеуге үйлестіре білуі де атап өтерлік жайт. Осы іс-шаралар басынан тікелей қадағалауындағы облыс әкімі Бауыржан Әбдішев оны күн аралатпай көріп, міндеттерді нықтап та, мықтап та жүруіне көкпектіліктер ілтипаты бөлектігі ауыл тұрғындарымен кезекті кездесуінен білінді. «Елбасы ауылдарыңыздағы жағдайды бақылауда ұстап отыр. Тапсырмаға сәйкес күз соңына қарай ахуал толық оңалады. Үйлерді күрделі жөндеуге және салуға облыс әкімі резервінен бөлінген қаржы мол. Бұл мақсаттағы қазіргі қарқынды бәсеңдетпеумен қатар барлық инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстарының белгіленген шараларға сәйкес тыңғылықты атқарылуына өздеріңізге баян етілгендей әлеует те, мүмкіндік те бар. Талап пен тәртіп бәрімізге ортақ. Мәселелерді осылайша бірлесіп шешіп, орындаймыз», деді ол.
Бұл жолы да ауылдың тайлы-таяғы қалмай қатысқан жиында өтініш-тілектер аз айтылмай, көңілді мазалаған сұрақтар жауды. Бәріне жан-жақты жауап қайтарылып, көмек түрлері қалай көрсетілетіні, қалпына келтіру жұмыстарының қалай жүргізілетіндігі, кімдер, қай ұйымдар жауапты екені түсіндірілді.
Облыс әкімінің ұдайы орталарында болып, басшы ғана емес, адами тұрғыдағы шынайы жанашырлық, қамқорлық көңіліне риза болған жұрт емен-жарқын әңгімелесті. Жиынға қатысушылар атынан ардагерлер кеңесінің төрайымы Надежда Булыбина, ауыл ақсақалдары Жетпісбай Құнанов, Барақ Кендібеков қиын жағдайда бүкіл ел қауымының қолұшын созып, тығырық зардабын жеңілдетуге мейір шуағын барынша төккен отандастарына ақ алғыстарын арнап, жеткізуді тілек етті.
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Қарағанды облысы,
Бұқар жырау ауданы.