Қазақстанда туысқан Қырғызстан халқымен өзара құрмет пен тату көршілікке, көпғасырлық достық дәстүрлеріне, тілдік және мәдени жақындастыққа негізделіп қалыптасқан қарым-қатынастар деңгейін жоғары бағалайды.
Қырғыз Республикасындағы осы жылдың сәуіріндегі қайғылы оқиғалардың алғашқы күнінен бастап Қазақстан туысқан халыққа екіжақты негізде де, ЕҚЫҰ-ның Қазіргі төрағасы ретінде де көмек пен қолдау көрсетуде. Гуманитарлық көмек көрсетілді, халықаралық жүк және жолаушы тасымалы, білім алып жатқан оқушылар мен студенттердің барып-келуі тоқталған жоқ.
Сонымен қатар, көрші мемлекеттегі тұрақтылықты, заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз етудегі елеулі проблемалар Қазақстан Республикасындағы қауіпсіздік пен қылмыстық ахуалға да едәуір теріс ықпал етуде. Осының бәрі ел басшылығын үстіміздегі жылдың 6 сәуірінен бастап Қазақстан-Қырғызстан мемлекеттік шекарасына уақытша шектеулер енгізуге мәжбүр етті.
Өкінішке қарай, Қырғыз Республикасындағы ахуал толықтай реттелу мен тұрақтылықтан әлі де алшақ қалып отыр. Қазақстан Республикасының аумағына атыс қаруын, есірткі және басқа да тыйым салынған заттарды заңсыз алып өту фактілері орын алуда.
Алайда, Қырғызстандағы күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере және бізге достас ел азаматтарының көптеген өтініштерін назарға ала отырып, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ағымдағы жылғы 20 мамырдан бастап Қазақстан-Қырғызстан мемлекеттік шекарасындағы:
– “Қордай”;
– “Сыпатай батыр”;
– “Айша Бибі” өткізу бекеттеріндегі уақытша шектеулерді алып тастау жөнінде Үкіметке тапсырма берді.
Өткізу бекеттері мемлекеттік шекара арқылы транзиттік халықаралық көлік, жүк және жолаушы тасымалын, жеке тұлғаларды, азық-түлік өнімдерін, дәрілік препараттарды, жанар-жағармай материалдарын, ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізуді қамтамасыз ететін болады.
Сонымен қатар, ықтимал қауіп пен қатерлерді дер кезінде бейтараптандыруды қамтамасыз ету мақсатында шекаралық, кедендік және көші-қон бақылауы күшейтілетін болады.
Біз Қырғызстанның Уақытша үкіметін жағдайды тездетіп тұрақтандыруға, заңның үстемдігін қалпына келтіруге және ел халқының көкейкесті проблемаларын шешуге шақырамыз.
2010 жылғы 19 мамыр.