Қазақстан • 30 Маусым, 2022

Қос жобаны қайта қарау қажет

170 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ауылдық жерлерде жұмыс орындарын ашып қана қоймай, жас мамандарды тарту үшін сапалы материалдық-техникалық база, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым құрылуы тиіс. «Ауыл – ел бесігі» және «Дипломмен – ауылға!» жобаларының жүзеге асырылу барысы талқыланған Amanat партиялық бақылау комитетінің кезекті отырысында осындай ұсыныс айтылды.

Қос жобаны қайта қарау қажет

Комитеттің мәліметінше, «Дип­лом­мен – ауылға!» жобасы іске қо­сылған 12 жылдың ішінде 85 мыңнан астам маман 14,1 млрд теңге көлемінде жәр­дем­ақы алған. Ал 40 мыңнан астам ма­манға тұрғын үй сатып алу үшін 123,5 млрд теңге көле­мінде несие берілген.

«Жергілікті жерлерде денсаулық сақ­тау, агроөнеркәсіптік кешен сала­сын­­дағы мамандар мен әкім аппараты қызметкер­лерінің жетіспеушілігі бай­қа­лады. Эколог, аспаз, дәнекерлеуші, механизатор бір сөз­бен айтқанда, кәсіп­тік-техникалық білі­мі бар ма­мандар қажет. Алайда, олар жо­ба­ның тізіміне кірмейді. 2020 жы­лы ауыл, кент, ауыл­дық округ әкі­мі аппаратының мем­­лекеттік қыз­мет­шілері тізімге кірді. Алайда олар аудан әкімдігінің ма­ман­дары туралы ұмытып кеткен көрінеді», деді коми­тет мүшесі, Мәжіліс депутаты Мәди Ахметов.

Депутат «Дипломмен – ауыл­ға!» жо­басына қатыспайтын моноқа­лаларға да тоқталды. Ол облыс орта­лық­тарынан 500 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан Державинск және Мам­лют­ка қалаларындағы жағдайды мысалға келтірді.

«Бұл қалаларда «Дипломмен – ауыл­ға!» жобасына қатысуға мүм­кіндік жоқ. Жас мамандарға көтерме жәр­дем­ақы төленбейді және тұрғын үйге бюд­жет­тік несиелер берілмейді. Сон­дай-ақ жал­ақы жақын маңдағы ауыл­мен са­лыстырғанда 25 пайыз­ға аз. Осы­лай­ша азаматтардың тең мүмкіндік­те­рі қа­ғи­даты жоға­лады», деді Мәди Ахметов.

Сонымен қатар Партиялық ба­қы­л­ау комитетінің жұмыс тобы 2020-2022 жыл­дары «Ауыл – ел бесігі» жобасының іске асырылуына мониторинг жүргізу мақ­сатында Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында тексеру жүргізді.

Солтүстік Қазақстан облысындағы 63 ауылда 102 жобаны жүзеге асы­руға 15,2 млрд теңге бөлінген. Екі жылда 34 білім беру, 10 денсаулық, 9 мәдениет нысаны және 35 ауыл­да 226 шақырымнан астам ішкі жол жөнделген. Бұл ретте бірқатар түйткілді мәселе бар. Мәселен Афонь­кино ауылында мектепке жүр­гізілген күрделі жөндеу жұмыстары ке­зінде көп кемшіліктер болған.

Ақмола облысында 41 жобаны жүзеге асыруға 7,2 млрд теңге бөлін­ген. Алайда кестеден қалып қоюына байланысты Сан­дықтау ауылындағы мектеп пен аудандық аурухана ғимара­тын күрделі жөндеуден өткізуге және Ақмол ауылында дене шынық­тыру сауық­тыру кешенін салуға бөлінген қаражат игерілмей қалған.

Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбековтің айтуынша, биыл 576 ауылда жобаларды іске асыру­ға республикалық бюджеттен 127,9 млрд теңге бөлінген. «Қазіргі уа­қытта тұжырымдамалық шешімді қа­жет ететін бірқатар мәселе бар. Бүгінде тиісті ведомствоаралық үйлестіру жұ­мыстары жоқ. Ауылды дамыту жө­нін­дегі іс-шаралар бірнеше ұлттық жоба шең­берінде іске асырылады және жауапты мемлекеттік органдардың құзы­ретін тиісті үйлестірусіз, жүйелен­дір­мей елді мекендердің өмірі мен эко­номикалық белсенділігінің әр түр­­лі аспектілеріне бағытталған. Бұдан бас­қа, бюджеттік қаржыландыру үшін жо­ба­лар­ды іріктеу тетігі реттелмеген. Жоба­­лар­ды іріктеуді негізінен жергі­лік­ті атқа­ру­шы органдар дербес, кейде қаржы­лан­ды­ру бағыт­тары бойын­ша тиісті басым­дық­сыз жүзеге асы­ра­ды. Сонымен қатар қолда­ныстағы ай­мақ­тық стандарттар жүйесі­нің фор­ма­­тын сапалы етіп жаңарту қажет», деді ол.

Партиялық бақылау комитетінің төр­ағасы Артур Платоновтың ай­туын­ша, «Ауыл – ел бесігі» және «Дип­­лом­мен – ауыл­ға!» жобалары бойын­ша ақпараттық қам­тамасыз ету жұ­мыс­­тары мардымсыз. Ол бұл олқы­лық­тарды тү­зететін уақыт жеткенін айтты.

«Әрбір елді мекеннің және әрбір нақты қатысушының жеке ерек­ше­лік­терін ескеру қажет. Жас мамандар үшін қажетті сапалы әлеу­меттік инфра­құрылым жоқ. Көпте­ген құрылыс жұ­мы­сы сапасыз, стан­дарт­тарға сай орын­далмаған. Тек ақша құрту сияқ­ты. Бұл жүйелі фор­ма­лизмнің және мем­ле­кеттік бағ­дар­ламалардың беделін тү­сіру­дің көрінісі», деп түйіндеді Артур Платонов.