Қаржы • 30 Маусым, 2022

Қазақстандықтардың мемлекетке қарызы көп

342 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде салық төлемей, мемлекетке қарыз болып жүргендер көп. Қазақстандықтардың мүлік салығы, жер салығы және көлік құралдары салығы бойынша берешегі 919 мың салық төлеуші бойынша 24,3 млрд теңгені құрапты. Соның ішінде берешектің негізгі сомасы көлік құралдары салығына тиесілі – 22,8 млрд теңге.

Қазақстандықтардың мемлекетке қарызы көп

Қаржы министрлігі Мемлекет­тік кірістер комитеті мамандары­ның хабарлауынша, көлік салығы бо­йынша қарызға белшесінен батып жүргендердің дені Алматы қаласында. Бұл шаһардағы 88 мың борышкердің мемлекетке қарызы 5,2 млрд теңгеге жеткен. Одан кейінгі орында Алматы облысы тұр. Мұнда 132 мың борышкер бар болса, олардың қарызы 3,9 млрд теңгені құраған.

Салық берешегі жағынан Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларының  тұрғындары да қалыспай тұр. Олардың жалпы борышы – 2,6 млрд теңге, соның ішінде 76 мың борышкердің 1,9 млрд теңге қарызы бар.

Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаеваның айтуынша, 2021 жылға көлік құралдары­на са­лық төлеу мерзімі 2022 жылғы 1 сәуір­де аяқ­тал­ған. Ал 2022 жыл­ғы 17 ма­мырдан бас­тап салық сомасын уа­қ­тылы төлемеген азамат­тарға са­лық берешегін өндіріп алу туралы са­лық бұйрықтары жолдана бастады. «Салық қарызы төленбеген жағдайда салық бұйрығы табыс етілген күннен кейін 5 жұмыс күні өткен соң құжат жеке сот орындаушыларының өңір­лік палатасына мәжбүрлеп орындату­ға жіберіледі. Өз кезегінде жеке сот орындаушылары «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушылары­ның мәртебесi туралы» заңға сәйкес банк шоттары мен мүлкіне тыйым салу түрінде мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдануға құқы бар. Егер қарыз 40 АЕК-тен асса, азаматқа елден шығуға тыйым са­лынуы мүмкін. Бұл туралы ақпарат­ты мына сілтеме арқылы білуге бола­ды https://aisoip.adilet.gov.kz/debtors», дейді А.Сартаева

Қазіргі кез – жазғы демалыс кезеңі. Уақытын қызықты әрі тиімді өткізу үшін кейбіреулер отбастарымен шетелдерде демалғанды жақсы көреді. «Осындай демалыс маусымы кезінде жағымсыз салдарларды болдырмау үшін Комитет салық берешегі болған жағдайда оны уақтылы төлеуге кеңес береді. Салық қарызы туралы мәліметтерд e-Salyq Azamat мобильді қосымшасындағы «Электронды сервистер» бөлімінен көруге болады», дейді мамандар.