Туризм • 30 Маусым, 2022

Kids Go Free: 230 баланың билет құны субсидияланды

336 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биылдан бастап елімізде турпакет шеңберінде саяхаттайтын 2-17 жас аралығындағы балаларға билет құнын субсидиялайтын Kids Go Free бағдарламасы күшіне енгені белгілі. Атал­ған жоба тек ел ішінде демалатын балалардың әуе билетін тегін алуға мүмкіндік береді.

Kids Go Free: 230 баланың билет құны субсидияланды

Бағдарламаны жүзеге асырушы Kazakh Tourism ұлттық компаниясының мәліметі бойынша, қазіргі таңда соммасы 5,2 млн теңге болатын 230 баланың билет құнын субсидиялау бойынша 118 өтінім түскен. Бағдарлама аясында сұранысқа ие бағыттар – Түркістан, Алматы және Маңғыстау облыстары. Турлардың орташа бағасы – 320 мың теңге. Ең арзан тур Алматыда 82 мың теңгеге сатылған. Ал қазірше ең қымбат бағыт – Ақтау қаласы болып тұр. Онда тур 1,2 млн теңгеге сатылған.

Сондай-ақ аталған бағдарламаны Қазақстан Республикасының азаматтары ғана пайдалана алады. Бағдарлама талаптары бойынша, кәмелетке толмаған балалар әуе рейсіне тек ата-анасы және өзге де ересек жақын туыс­тарымен бірге отырғызылады, бағдарлама тек турпакет шеңберіндегі сапарларға ғана жарамды және турпакет ішкі туризмде лицензиясы бар тур­оператордан сатып алынуға тиіс. Аталған ережелер сақталған жағдайда, туристік жолдаманы сатып алу кезінде балалардың әуе билетінің құны алынып тасталады. Бағдарлама аясында туроператорлардың шығындары мемлекет есебінен өтеледі.

Саяхат бағытында қызмет көрсететін компаниялар туристердің демалу мерзімі аяқталғаннан кейін Kazakh Tourism ҰК-на құжаттар әзірлеп, субсидиялау бойынша өтінім беруге тиіс. «Белгіленген құжаттар топтамасы толық болса, ұйым 10 жұмыс күні ішінде субсидия төлеу немесе субсидия төлеуден бас тарту туралы шешім қабылдайды. Кейін 45 жұмыс күні ішінде субсидия сомасы туроператордың көрсетілген шотына аударылады», деп көрсетілген ұлттық компанияның хабарламасында.