СУРЕТТЕ. Неміс этнограф Рихард Карутцтың «Среди киргизовъ и туркменовъ» кітабындағы қазақ домбырасы. 1903 жыл.
Сол сияқты қазақтың майталман этнограф – жазушысы Ақселеу Сейдімбек, «үнді жұртының қайраткері Р.Тагор: «Кез келген халық адамзат руханиятына қосқан үлесімен бағаланады», дегеніндей қазақ халқы үшін күллі адамзат руханиятына қосқан үлесі не десеңіз, ол оның – күй өнері» деген екен. Осы орайда қазақтың күй өнері һәм оның аспабы домбыра жайлы айтар болсақ, қытай жазбаларында: «Түркінің оркестрін әкеліп хан сарайында ойнаттық» дейді. Плутарх жазады: «Сақтың әскерлері садақтың адырнасын шертіп отырып, ән салады». Сол сияқты, моңғолдың көне шежіре – жазбаларында керей Тоғырыл ханның сарайында сырттан келген елшілерді күй ойнап қарсы алатын жетпіс кісілік ансамблі болғаны жайлы айтылады.
Оның сыртында, 1927 жылы Руденко дейтін археолог скифтердің қорғанынан қобыз аспабын тапты. Ол біздің жыл санауымыздан 5000 жыл бұрын жасалыпты. Әлгі қобызға Василев дейтін шебер реконструкция жасап шықты. Біздің қазіргі қобыздан аумайды. Соңғы жылдары еуразиялық аумақта жүргізілген қазба жұмыстарынан осыдан 2 немесе 2,5 мың жыл бұрынғы ұлттық музыка аспаптарымыздың өзі болмағанда көзі табылып жатыр. Ұлытаудағы Жанғабыл өзенінің бойынан 1946 жылы академик Әлкей Марғұлан балбал тас тауып зерттеді. Балбалдың жауырынында қобыз, қоңырау бар. Ел оны «Бақсы тас» деп атайды. Мұның өзі-ақ 1600 жылдың арғы жағын меңзеп тұр.
Осы деректерден біз Ұлы даланы ен жайлап жатқан бабаларымыз күй өнерін керемет әспететенін аңғарамыз. Өйткені күй өнері – басқа халықтарда атымен жоқ. Жазушы Ақселеу Сейдімбек 2002 жылы жары көрген «Қазақтың күй өнері» атты көлемді еңбегінде, біз білетін кейбір күйдің тарихы 2 мың жыл бұрын тіркелген. Рим тарихшылары «түркілер қағандарын күй шертіп оятады» деп жазғаны жайлы баяндапты.
Ақселеу Сланұлының пайымынша, қазақ топырағында музыка өнерінің 5 ірі мектебі бар. Олар:
- Сыр бойы мектебі. Бұларда оғыз-қыпшақ сарыны бар. Ірі өкілдері – Тұрмағанбет, Балқы Базар, Шораяқтың Омары, Кете Жүсіп, т.б. Бұлар әнді күй сияқты тарта береді. Бүгінгі өкілі – Алмас Алматов.
- Атырау – Батыс Қазақстан мектебі.
- Жетісу мектебі.
- Алтай, Тарбағатай, Шинжан, Бай-өлке мектебі.
- Арқа мектебі. Бұл мектептің өкілдері – Тәттімбет, Ықылас, Сүгір, Мәди, Ақан, Біржан, Балуан Шолақ, Естай, т.б.
Қазақ күйін былай бөліп қарауға негіз бар:
- Қоңыр ән мен қоңыр күйлер («Сары жайлау»).
- Тік ән, тік күйлер ( «Ақ киік», «Жез киік»).
- Бойлауық күйлер («Кішкентай», «Зар қосбасар»).
- Көнеден келе жатқан тармақты күйлер бар. Ертеде 365 күнде 365 күйді 365 бала тартады екен. Осылардан ең жақсы 9 күйді таңдап алып, басқасын ұмытқан. Бұлар бүгінгі «Тоғыз тарау», «Аққу» секілді циклді күйлер болған.
Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ, Ұлы даланың негізгі ендігін ен жайлаған бабаларымыз жылдың төрт мезгілінде жосып жүргендіктен архитехтура және бейнелеу өнерімен айналыса алмады. Бірақ олар сөз өнері мен саз өнерін дамытты. Сөз өнері – телегей теңіз дастандар болса, саз өнері (музыка) адамзат тарихына қосқан ұлы мұрасы. Біз ғаламға мақтансақ, музыкамен мақтана аламыз. Себебі оның жанрлық тектілігі, байырғылығы, саздық үні ешқандай халықта кездеспейді. «Ақсақ құлан» күйінің 10 түрі жеткен. Асан қайғының «Ел айырылған» күйі ХVI ғасырдың мұрасы. Қазтуғаннның «Сағыныш» атты күйі жетті. Абылайдың «Қара жорғасы» ХVIII ғасырдың туындысы.