Спорт • 30 Маусым, 2022

«Тур де Франс» додасы басталды

223 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгін 119 жылда 109-шы мәрте ұйымдастырылып жатқан әйгілі «Тур де Франс» велобәйгесінің жалауы желбірейді. Велоспортшылар арасында бейресми әлем чемпионаты саналып кеткен жарыс Данияның бас шаһары – Копенгагеннен бастау алып, 24 шілде күні Париждің Елисей алабында өз мәресіне жетеді. Ұйымдастырушылар жарыстың ауқымын кеңейтіп, жанкүйерлерді көптеп тарту үшін жыл сайын көпкүндіктің алғашқы кезеңдерін Франциядан басқа елдерде өткізіп отырады.

«Тур де Франс» додасы басталды

Биылғы тас жолдағы жарысты Дания, Бельгия және Швейцария елдерінің тұрғындарына өз көзімен көру бақыты бұйырып отыр. Былтыр мұндай бақыт андорралық жанкүйерлерге бұйырған еді. Велоспортшылар 21 кезеңнен және үш демалыс күнінен тұратын бәсекеде жалпы ұзындығы 3349,8 шақырым жолды жүріп өтеді. Бұл – 2021 жылғы жарыспен салыстырғанда шамамен 60 шақырымға аз. Үш аптаға созылатын гранд-турда велоспортшылар Францияның солтүстігіндегі брусчатка жол­дарымен жүріп өтіп, «үш жолақты» елдің солтүстік-шығысында орналасқан Вогез бен Альпі тауын бетке алады. Одан кейін оңтүстікке қарай ойысып, Орталық Massif деп аталатын Франциядағы таулар мен үстірттерден тұратын таулы аймақтарды бағындырады. Ал соңғы кезеңдерде Пиреней түбегі арқылы Парижге жетіп, дәстүр бойынша «Тур де Франс» бәсекесі Елисей алабындағы достық кезеңімен мәреге жетеді.

Осы уақыт аралығында спортшылар екі мәрте жекелей кезеңде өнер көрсетіп, жеті таулы, алты жартылай таулы және алты тегіс жолдағы кезеңдерді бағындыруға тиіс. Ресми мәлімет бойынша, жарысқа қатысуға бас-аяғы 176 вело­шабандозға рұқсат берілген. Олар­дың қатарында Лондон Олим­пиадасының чемпионы Алек­сандр Винокуров жетекшілік ететін қазақстандық Astana Qazaq­stan велокомандасының сегіз өкілі бар.

Атап айтқанда, Еуропаның тас жолында өтетін бәсекеде 29 жастағы қазақстандық велоша­бандоз Алексей Луценко, 36 жас­тағы Дмитрий Груздев және 26 жастағы Андрей Зейцтің, 23 жас­тағы италиялық Самуэл Баттис­телла, 32 жастағы Фабио Феллине, 26 жастағы Симоне Веласко, 28 жас­тағы Джанни Москон мен 31 жас­тағы америкалық Джо Дом­бровскидің жолына үмітпен қараймыз.

Қазақстандық команданың ішінде осы жарыстағы ең тәжіри­белі велоспортшысы – Алек­сей Луценко болып тұр. Ол биыл «Тур де Франс» жарысына жетінші мәрте қатысып жатыр. 2020 жылғы жарыста жерлесіміз алғаш рет әлемдік ірі гранд-турдың алтыншы кезеңінде жеңімпаз атанып, отандық спорт жылнамасындағы тарихи же­тістіктердің бірін тіркеді. Өйткені әлемнің ең үздік велоспортшылары бас қосатын осындай айтулы додада жеңіске жету кез келген спортшыға бұйыра бермейді.

Алексей Луценко Қазақ­стан­ның даңқты велошабандозы Александр Винокуровтен  кейін кезең жеңімпазы атанған екінші спортшы. А.Винокуров «Тур де Франстың» жалпы есебінде 2003 жылы үздік үштіктің қатары­нан табылса, арада 2 жыл өткен­де бесінші орынға табан тіреді. Сондай-ақ ол 4 рет кезең жеңім­пазы атанған. Ең кейінгі рет 2010 жылы «Астана» велоклубында жүріп жарыстың 13-кезеңінде мәреге жеке-дара келген еді. Содан кейін араға 10 жыл салып Александрдың жетістігін жерлесі Алексей Луценко қайталады. 2020 жылғы жарыстың алтыншы кезеңінде Луценко 200 шақырымға жуық қашықтықты бірінші болып кесті.

Жалпы 119 жылдық тарихы бар айтулы турнирде жан­күйер­лер талай мықты велоша­бан­доз­дардың өнері мен олар орнатқан түрлі рекордтарға куә болып жүр. Мәселен, «Тур де Франста» жалпы кезеңде ең көп жеңіске жеткен небәрі төрт спорт­шы бар. Олар: Жак Анке­тиль (1957, 1961-1964) мен Бернар Ино (1978-1979, 1981-1982, 1985), гер­маниялық Эдуард Меркс (1969-1972, 1974) және испания­лық Мигель Индурайн (1991-1995). Кейіннен бұл спортшылар орнатқан рекордты әйгілі амери­калық велошабандоз Лэнс Армс­тронг (1999-2005) бұзып, олардың алдын орап кетті. Алайда «Тур де Франстың» жеті дүркін жеңімпазына допинг қолданды деген айып тағылып, АҚШ спортшысы барлық атақ-даңқынан айырылды.

Жалпы, 119 жылдың ішінде Францияның – 36, Бельгияның – 18, Испанияның 13 спортшысы жеңіс тұғырынан көрінген. «Тур де Франста» топ жарған ең егде спортшы – Фирмин Ламбо (Бельгия). Ол 1922 жылы 36 жасында тұғырдың биік сатысынан көрінген. Ал ең жас жеңімпаздың есімі – Анри Корнет. Франциялық велошабандоз 1904 жылы небәрі 19 жасында барлық қарсыласынан қара үзіп шыққан болатын.

Қазақстанның «Астана» командасы сапынан 2009 жылы испаниялық Альберто Контадор дара шықса, 2014 жылы ита­лия­лық Винченцо Нибалиге тең келер ешкім табылмады. Одан кейін­гі аралықта қазақстандық коман­даның бірде-бір өкілі жеңім­паздар қатарынан көріне алмай жүр.

 Жыл сайын әлемнің ең үздік велоспортшылары қатысатын додадан биыл да дүниежүзінің дүлділдері шет қалған жоқ. Атап айтар болсақ, осы доданың кейінгі екі жылдағы чемпионы словениялық Тадей Погачар (UAE Team Emirates), 2018 жылғы жеңімпазы британиялық Герант Томас (Ineos Grenadiers), «Испания Вуэльтасының» үш дүркін (2019, 2020, 2021) жеңімпазы словениялық Примож Роглич және даниялық Йонас Вингегор (Jumbo – Visma), аустралиялық Бен О'Коннор (AG2R Citroen), британиялық Адам Йейтс (Ineos Grenadiers), «Астананың» бұрынғы велошабандоздары Александр Власов (Bora-hansgrohe) пен даниялық Якоб Фульсанг (Israel – Premier Tech) секілді атақты велошабандоздар мен тағы басқа спортшылар осы жарыстың көрігін қыздырады деп күтілуде.