Ақтау қаласының іргесіндегі химиялық қоспаларды төгу арқылы қолдан жасалған қауіпті Қошқар ата улы көлін тұмшалау тақырыбы жылдарға созылып сиырқұйымшақтанып әлі келеді. Ақшаның дұрыс бөлінбеуі, тұмшалау материалын таңдау, тұмшалау технологиясы сынды бітпейтін даумен, мәселемен бас айналып, уақыт өткізіп жүргенде улы көлдің қоршаған ортаға, экологияға және тұрғындар денсаулығына өз зиянды әсерін тигізіп жатқаны анық. Жаңбырдың сирек және аз жаууы, жерге шөп шықпауы салдарынан орын алған қуаңшылық, жұт, малдың қырылуы – Маңғыстау экологиясындағы жағдайдың нақты дәлелі.
Соңғы жылдары толқыны қалаға қол артып, аласұрып жататын теңіз де бірнеше метрге тартылып аптығы басылған, су жағалаудан қашты. Мамандар бұл 30-35 жылда қайталанып тұратын үрдіс деп жұбатумен көңіл тоғайтады, әйтсе де, шынымен солай ма, жоқ па нақтылықты ешкім білмейді. Итбалық, құстар сынды су жануарларының жаппай қырылуы теңіздегі жағдайдың мәз емес екенін білдіреді.
Тұрғындарының біраз бөлігі Каспий теңізі суын тұшытып, ауыз су ретінде пайдаланатын өңірде теңіз суының тартылуы онсыз да жылдар бойы шешілмей келе жатқан ауыз су мәселесін күрделендіре түсті. Оның үстіне туризмді дамыту, нарық талабына сай кәсіпкерлікті жандандыру мақсатында теңіз жағалауынан салынған түрлі демалыс орыны, кәсіпкерлік нысаны тұрғындарға онсыз да жетіспейтін ауыз суға қосымша шығынды молайтып, сұранысты арттырып отыр. Соңғы кездердегі қала және қала маңындағы ауыл тұрғындары санының артуы жуық арада ауыз су жетіспеушілігі мәселесін қиындата түспесе, шешетін ыңғайды аңғартпайды. Өткен оқу жылында Ақтау қаласында мектепке баратын оқушылар саны бірден 6 мыңға артып, мектеп жетіспеушілігі, үш ауысымды оқыту мәселесін туындатты. Бұл мектепке қатысты мәселе болғанымен, тұрғындар санының күрт көбеюі ауыз судың жетіспеушілігі мәселесін қордаландыра түсетіні анық. Бұл жағдайдың, яғни Ақтаудың ауыртпалығын жеңілдету, қосымша су көздерін табу мәселесі үкіметтен, облыс басшылығынан тың шешімдерді талап етеді. Бірақ бұл тараптың «қуаты тәулігіне бірнеше текше метрге жететін су тұшытатын зауыт саламыз, қондырғы орнатамыз, қуатын арттырамыз» деген жоспар-жобаларын қаузағанымызға да бірнеше жылдың жүзі өтті. Шешімін тапқан бір жоба жоқ, мәселе жыл сайын күрделеніп келеді. Ал кәсіпкерлік және өндірістік нысандардың қоршаған ортаға, теңізге қатысты тәртіп-тазалығы – үлкен мәселе және бұл темірдей тәртіп-талаппен қайта, жаңғырта қаралуға тиіс. Сондай-ақ халықтың тұрмысы, күнелтісі үшін, орталықтың проблемасын қоюлата бермеу үшін және даланы құлазыған далаға айналдырмау үшін ауылдарды сақтап қалудың маңызының зор екені белгілі. Әртүрлі заманауи-әлеуметтік салыстыруды тілге алмасақ та, шаңнан, құм басудан қашқандардың Ақтау мен қала маңындағы ауылдардың, Жаңаөзеннің салмағын еселеп қалаға үдере қоныс аударуы жақсы емес.
Маңғыстаулықтарды соңғы жылдары қозғалысқа түскен құм көшкіні алаңдатып отыр. Жаңбырдың аз жаууы, қуаңшылық сынды табиғаттағы үлкен өзгерістердің жалғасы болуы керек, құмды өңірлерде құмның көшуі, ауылдарды, молаларды құм басу қорқынышы үдеп келеді. Бұған дейін Маңғыстау ауданының Үштаған, Тұщықұдық және Шебір ауылдарында құм көшкінін тойтару жұмыстары қолға алынып, 2021 жылы толықтай аяқталған екен. Атап айтқанда, Үштағанда 648,8 гектар, Тұщықұдықта 847,4 гектар, Шебір ауылында 451,8 гектар, Сенек ауылында 1 288 гектар, жалпы алғанда, шөл алқаптағы төрт ауылдың айналасында 3 236 га жасыл желектер пайда болды. Қазіргі таңда егілген қара сексеуілдерді әрі қарай күтіп ұстауға және қорғауға Бейнеу ормандар және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның меншігіне беру жұмыстары жүруде және оған қосымша 2023 жылдан бастап төрт орманшы, яғни әр ауылға бір орманшыдан және сегіз көмекші қызметкер, әр ауылға екі көмекшіден штат бірліктерін бөлуді жоспарлаған.
Құм көшкіні енді жоғарыда аталған ауданның өзге ауылдарына салды. Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе ауылынан 90 шақырым қашықтықта орналасқан Сазды, Сауысқан, 77 шақырым қашықтықтағы Жарма елді мекендерінде 220-дан астам тұрғын тұрады. Инженерлік инфрақұрылым тартылған, яғни аталған 3 елді мекен тоқ, газ, сумен толықтай қамтылған. Тұрғындардың негізгі табыс көзі – мал шаруашылығы. Сауысқан елді мекенінде «Сауысқан» су өндіру-тарату мекемесі бар. Аталған мекеме Жаңаөзен, Ұштаған, Сазды, Сауысқан халқын жерасты ауыз суымен қамтамасыз етеді.
Бұл елді мекендердің географиялық орналасуы Бостанқұм атты құмды жерде болғандықтан тұрғындардың өмір сүруіне көшпелі құм кедергі келтіруде. Желдің әсерінен көшкен құм қоражайларды басып, құлауына дейін алып келуде. Маңғыстау облысы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Д.Құсбековтің айтуынша, басқарма тапсырысымен 2018 жылы аталған үш елді мекенді көшпелі құмнан қорғау жобасы жасалған. Қазіргі таңда қаражаты қаралып, конкурсқа төрт рет шығарылғанмен ешбір мердігер қатыспапты. Өйткені қазіргі бағаның сол кездегі бағадан қымбат болуы жобаға өзгеріс енгізуді қажет етеді екен. Үш ауылға дайындалған 6 жылдық жобасы бойынша барлығы 134,02 га жерге
327 152, атап айтқанда, сексеуіл 40%, жүзген 30% және томирикс 30% өсімдіктерін өсіруге 422 893,8 мың теңге қарастырылған. Сондықтан аталған жұмыстың сметалық құны қайта есептелуі қажет.
– Маңғыстау өңіріндегі түйіні тарқамаған экологиялық мәселелердің бірі – құм сілемдерін күреу жұмыстары. Жалпы, шөлейттенуге қарсы жұмыс жолға қойылған. Мәселен, Жарма ауылында 18 үй бар, барлығы 154 адам тұрады. Сауысқан ауылында 10 үй бар, онда 57 адам тұрады. Екі ауылда толықтай газбен, сумен, тоқпен және медициналық пунктпен қамтылған. Сазды ауылында 28 үй бар, онда 153 адам тұрады. Сондай-ақ сумен жабдықтау, газ, электр жарығы бар, медициналық орталық бар. Жергілікті тұрғындар мал шаруашылығымен, атап айтқанда, сиыр, жылқы, түйе және қошқар өсірумен айналысады. Мектебі жоқ, балалар Үштаған ауылындағы орта мектеп жанындағы интернатта оқиды. Жаңа құрылыс салынған жоқ. Округ бойынша 2021 жылы – 46 шаруа қожалығындағы мал басы – 21 216 бас құрады. Осылай өз тірлігін күйттеп, малын өсіріп, баласын оқытып, әдемі тірлігін үйлестіріп отырған ауылдарды құм басуы жақсы емес, – деді ECOJER қазақстандық экологиялық аймақтық бастамалар қауымдастығының Маңғыстау өңірлік экологиялық кеңесінің кезекті отырысында Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков.
Ауыл тұрғындарына құммен өз бетінше күресу қиынға соғуда. 500-600 мың теңгесін беріп құмды күреткенімен, бұл мәселені біржолата шешпейді – тау-тау құм сол жерді немесе басқа тұстан үй мен қораны, ауланы қайта басып қалып, әлекке салады. Ауыл тұрғындары бұл келеңсіздікті жерасты суларының үздіксіз алынуымен байланыстырып отыр.
Осылайша, Маңғыстау ауданының аталған үш ауылында құм тоқтатуға қатысты бір жылдары ақша бөлінбей, енді қымбатшылық құрсауында бар ақша жұмырына жұғым болмаған шаруа басы ашық күйінде тұр. Зардабын, әрине, халық тартады. Бейнеу ауданы аумағында да құм көшкіні өзгерісі байқалады. Бұл табиғи құбылыс, табиғи апат дегенмен де, «қаржы жоқ» деген желеумен қарап отырып тұтас қауымды құм аранына жұтқызу, ауылдарды құм құрсауында қалдыру қаншалықты дұрыс?
Маңғыстау – мұнайлы өлке. Бұл, әрине, жақсы. Бірақ жылдар бойы тонналаған тоқтаусыз мұнай өндірісінің Маңғыстау экологиясындағы тепе-теңдікті жоғалтып, жерүсті климатының өзгеруіне әсері жақсы емес деуге болады. Сонымен мұнай Маңғыстаудың бағы ма, соры ма? Бағы дейін десем «қара алтынның» байлығына балқып, шекесі шылқып отырған ешкімді көрмедік. Мұнайдың қаражатынан қала салып, жұмыссыздықты ауыздықтап, ауыз су үшін құдық қазып, зауыт салып, құмды тоқтату үшін шаралар алып, шабылып жүргендер тағы жоқ.
Қазіргі таңда құм басу құбылысы жаңбыр жаумаған, ауыз су жетпейтін, былтырғы қуаңшылықтан біраз малынан айырылған маңғыстаулықтар үшін үлкен мәселеге айналып отыр. Құм көшкінін тоқтатудың жолы қандай, жалпы, Маңғыстау экологиясына үкіметтік деңгейде назар аударылып, ғылыми тұрғыда талдау жасалып, соған сәйкес кешенді іс-шаралар қолға алынғаны дұрыс болар еді.
Маңғыстау облысы