Гендерлік саясат – тең мүмкіндіктер алаңы
Алқалы жиында кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алуға, балаларға қатысты құқық қорғау құралдарын дамытуға бағытталған профилактикалық шаралар кешені ұсынылды. Сонымен қатар комиссия мүшелері ата-аналар үшін балаларын тәрбиелеумен көбірек айналысуға мүмкіндік беретін құқықтық ортаны дамыту бойынша бірқатар іс-шара ұсынды.
Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасы, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаева алғашқы отырыста Ұлттық комиссия жұмысының негізгі 6 бағыты белгіленгенін атап өтті. Бұл тақырыптар – алдағы жалпы жұмыстың басты бағыт-бағдары болып саналады. Сондай-ақ комиссияның биылға арналған жұмыс жоспарын жаңа редакцияда бекіту ұсынылды.
Біріншіден, құжат еліміздің отбасылық, демографиялық және гендерлік саясаты саласындағы өзекті міндеттерді пысықтауға бағытталған бастамалар блогын қамтиды. Осылайша, жоспарда ана мен бала өлімін азайту, жасөспірімдер арасындағы өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алу, жыныстық қол сұғушылыққа қарсы қылмыстардан қорғау, Гендерлік білім орталығын құру және т.б. мәселелер қамтылған. Комиссияның күн тәртібінде отырыстарды өткізуден басқа, жоспарда мемлекеттік органдардың жедел тыңдауларының кестесі қарастырылған. Сонымен қатар сараптамалық-талдау жұмыстарының блогы да айтарлықтай кеңейтілген.
«Бүгінде түрлі бейімдеу және әлеуметтік қолдау орталықтарын терең әдістемелік қамтамасыз етуді жүргізу ұсынылып отыр. Жалпы, гендерлік зерттеулер жалғасады, отбасылардың әлеуметтік картасы жасалып, комиссияның бюллетені дайындалады. Жобада комиссия мүшелерінің барлық негізгі ұсыныстары ескерілген. Бас жоспарға енгізілмеген ұсыныстар қабылданып, ескерілді, секторлар жоспарына енгізілді, олар осы жылдың желтоқсан айында қаралатын болады», деді Аида Балаева.
Екіншіден, комиссия жұмысының регламенті бекітілді. Ол комиссия жұмысын оңтайландырады, секторлардың, мүшелерінің қызметін бағалауды, этикалық нормаларды және басқа да рәсімдік және ұйымдастырушылық мәселелерді айқындайды.
Үшіншіден, балалар мен жасөспірімдерді рухани-адамгершілікке тәрбиелеу саласындағы жұмыстарға басымдық беріледі. Тәрбиенің қайнар бұлағы отбасынан басталатыны белгілі. Мұның, әсіресе, өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы өте зор. Ұлттық комиссия жұмысы – гендерлік теңдік мәселесін ғана емес, отбасылық саясатты да қамтиды. Бұл тақырып – біз үшін қашанда ерекше назарда болуға тиіс. Жас ұрпақты рухани құндылықтар негізінде тәрбиелеу – заман талабы. Себебі ертең қандай қоғам құратынымыз бүгінгі балалар тәрбиесіне байланысты. Болашақ қоғамның білімі мен рухани деңгейі, еңбекқорлығы мен дамуы – барлығы да осыған келіп тіреледі.
«Гендерлік саясат – ең алдымен азаматтарға тең мүмкіндіктер туғызу деген сөз. Бұл – демократиялық қоғам құрудың басты қағидаларының бірі. Ол үшін, әсіресе, азаматтық қоғам институттарын көбірек тартуымыз керек. Жекелеген белсенді азаматтардың да ұсыныс-пікірлері ескерусіз қалмайды. Ол үшін қоғаммен барынша ашық және жан-жақты байланыс орнатуға шақырамын. Мұның барлығы – Мемлекет басшысы ұсынған реформалар топтамасында айтылған тапсырмалар. Сондықтан жоспарда көрсетілген бағыттардың барлығын жіті назарға алып, алдағы жұмыста алдын алу шараларына үлкен мән беруіміз керек. Президент Жаңа Қазақстанда жаңа ұлттың болмысын қалыптастыру жөнінде міндет қойды. Түптеп келгенде қоғамдық сананы өзгерту әрқайсымыздың үлесіміз бен белсенділігімізге тікелей байланысты», деп сөзін түйіндеді Ұлттық комиссия төрағасы.
Адамгершілік тәрбие – басты назарда
Ұлттық комиссияның отырысында Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Александр Данилов алда әлеуметтік құндылықтарды жаңарту және ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру міндеті тұрғанын ерекше атап өтті.
Оның сөзінше, жасөспірімдерді рухани-адамгершілікке тәрбиелеу мәселелері ерекше назар аударуды талап етеді. Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен халықтың табысын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар өз нәтижесін беру үстінде.
«Бүгінгі күні отбасы төңірегінде өзекті мәселелер көп. Мәселен, біз баланың ең алдымен балалық шағын қорғауымыз қажет. Оған ең бірінші жауапты – ата-ана, өйткені мемлекет объективті түрде бала үшін ата-ананың орнын алмастыра алмайды және алмастырмауы керек. Сонымен қатар ішімдік, нашақорлық және басқа да тәуелділік түрлерімен күресу, халықтың психологиялық денсаулығын қолдаудың экожүйесін құру саласында профилактикалық және оңалту жұмыстарын жүргізу де маңызды», деді ол. Бұл бағытта құқық қорғау институттарын, әлеуметтік қызметтерді, call-орталықтарды қолдау, дамыту және сапасын арттыру және қажет болған жағдайда олардың әрбір балаға қолжетімділігін қамтамасыз ету – бөлек мәселе.
Тағы бір маңызды аспект – саналы әрі жауапты ана мен әке болу, ұрпақ денсаулығы, балаларды тәрбиелеудегі белсенді рөл және олардың қалыпты өсуі мен дамуы үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету. Кез келген ата-ананың баласына білім беруге мүмкіндігі болуы керек.
Халықтың табысын арттыру қажеттігі жөнінде бұдан бұрын да айтылып жүр. Ата-аналардың бос уақыты да маңызды. Алайда, өкінішке қарай, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жүргізген зерттеулерге қарағанда бүгінде ата-аналардың тек 32,7%-ы ғана күніне кемінде бір рет бүкіл отбасымен жиналып, балаларымен бос уақытын өткізе алады екен. Ата-аналардың тек 8,3 пайызы демалыс және мереке күндерін балаларымен бірге өткізеді.
«Бұл біздің отандастарымыздың өміріндегі «жұмыс» және «отбасы» (жұмыс пен өмір балансы) арасындағы айтарлықтай тепе-теңсіздікті көрсетеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жалғызбасты ата-аналардың қашықтан жұмыс істеу құқығын заңнамалық тұрғыдан бекіту мәселесі пысықталуда. Бұл ретте сарапшылар кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар ата-аналардың барлығы бірдей құқыққа ие болуы керек деп есептейді. Осы мәселеге қатысты біз де уәкілетті органға тиісті ұсыныстар енгіздік», деді спикер.
Сондай-ақ жиында отбасылық демалысқа қолжетімді инфрақұрылым құру қажеттігі айтылды. Саябақтар, алаңдар, театрлар, кинотеатрлар, воркауттар, отбасылық дәмханалар жақын маңда болғаны жөн. Қалалар мен ауылдардың айналасын абаттандыру да маңызды шаруа. Осы орайда сарапшылар Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссиямен бірлесіп тиісті бағалау науқанын өткізуді ұсынды.
Халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты кеңейту, отбасылық зерттеулер мен гендерлік зерттеулерді ынталандырудың маңызы да кеңінен талқыланды. Ұлттық комиссияның БҰҰ Әйелдер ұйымымен бірлесіп гендерлік зерттеулер орталығын ашу туралы шешімі өте өзекті әрі практикалық мәнге ие. Тұтастай алғанда, халықаралық ұйымдар, әсіресе БҰҰ құрылымдарымен: ЮНИСЕФ, Халықты орналастыру қоры, БҰҰ Әйелдер ұйымымен ынтымақтастықты нығайту маңызды. «Біз олардың сараптамалық пікірлері мен бағалауларын, ұрпақ денсаулығын сақтау, әйелдерді әлеуметтік қолдау және басқа да өзекті мәселелер бойынша озық әлемдік тәжірибені зерделеудегі көмегін бағалаймыз», деді Александр Данилов.
Алдағы уақытта министрлік Ұлттық комиссиямен бірге Tomiris жобасын іске қосуды қолға алғалы отыр. Жоба аясында әйелдер мен қыз-келіншектердің басқарушылық әлеуетін және саяси мәдениетін дамыту мақсатында еліміздің барлық өңірінде оқыту іс-шараларын (семинарлар, тренингтер, мастер-кластар, коуч-сессиялар) өткізу жоспарлануда.
Балалар цензурасын енгізу керек пе?
Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Элина Паули бала тәрбиесі, оларға жағдай жасау сапасы халықтың тағдыры мен мемлекеттің болашағымен тікелей байланысты екенін айтты.
Оның айтуынша, адамгершілік, руханият, тәрбиенің жоғары деңгейі білім беру ұйымдарында баланың өсіп-жетілуінің барлық кезеңінде қалыптасады. Ұлттық комиссияның мүшесі қоғамды толғандыратын бірнеше мәселеге тоқталды. Бірінші мәселе пән мұғалімі мен сынып жетекшісінің функцияларын біріктіруге қатысты. Сарапшының айтуынша, бұл мұғалімдердің жұмысын қиындатады. «Өйткені тәрбие және тәрбие процестері бір-бірімен тығыз байланысты. Ал мұндағы негізгі тетік – мұғалім. Мұғалім – идеология негіздерін жүргізуші. Қазірде күрделі оқу бағдарламасы ауыр жүктемелерді қамтиды. Сондықтан бізге бірқатар негізгі функциядан босатылған сынып жетекшілері немесе мектеп тәрбиешілері қажет: мектеп оқушыларын жұмыспен қамтуды ұйымдастыру және олардың қызметін үйлестіру; пән мұғалімдерімен, психологиялық және әлеуметтік қызметтермен, ата-аналармен және әкімшілікпен ынтымақтастық; табысты оқу үшін оңтайлы жағдай жасау», деді ол.
Екінші мәселе – 2019 жылы Білім және ғылым министрлігінің ішкі бұйрығымен бекітілген Білім берудің тұжырымдамалық негіздері балаларды тәрбиелеудің стратегиялық құжаты емес. 2011 жылдан бері балаларға арналған стратегиялық құжат жоқ: не «Қазақстан балалары» мемлекеттік бағдарламасы, не 2030 жылға дейінгі Балалар мүдделерінің тұжырымдамасы, не 2030 жылға дейінгі Балалардың ұлттық іс-қимыл жоспары бұл мәселені қамтымайды.
Үшінші мәселе – ата-аналарды алаңдатып отырған интернет пен БАҚ-тың жағымсыз контентіне қатысты. Балалар арасындағы зорлық-зомбылық пен қатыгездік оқиғалары БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы қоғамды алаңдатуда. Бұқаралық ақпарат құралдары оқиғаларға қатысты материалды көрсетуді қайта бағдарлап, өмірімізге жағымды контент енуі керек. Балалар ересектерге арналған мазмұнды тұтынуда, осы қауіпті үрдіске шектеу қою қажет. Елімізде кибербуллингке қатысты заңға өзгерістер енгізілді. Балалар жылының іс-шаралар жоспары аясында қауіпсіз интернетті енгізуге ерекше мән беріліп отыр. Осыған орай жиында БАҚ-тың өз жауапкершілігі деңгейінде Сингапур тәжірибесіне сүйене отырып, балалар цензурасын енгізу мәселесі сөз болды.
Төртінші мәселе мектептен тыс ұйымдардың аздығына қатысты. Елімізде әлі күнге дейін қосымша білім беру ұйымдары желісінің стандарты жоқ. Мысалы, 50 мың балаға арналған оқушылар сарайы, техникалық шығармашылық мектептер, өнер және музыка мектептері, жас туристер станциялары мен жас натуралистер станциялары, т.б. қанша болуы керек? Қосымша білім беру ұйымдарының желісін кеңейту балалардың шығармашылық, спорттық және зияткерлік әлеуетін іске асырудың қажеттілігіне айналады. Бүгінгі жас ұрпақ гиперактивті, амбициялы, ақпаратты жылдам қабылдайды. Бұл әлеуетті жақсылыққа дамытуға, игі істерге қарай пайдалануға болады. Оң тәжірибе бар. Биылғы 5 айда 743 пікірсайыс клубы ашылып, республика бойынша бұл көрсеткіш 5905-ке жеткен. Сондай-ақ 120 мың жас пікірсайысшы бар. Барлық өңірдің мектеп және студенттік парламенттерінің 350 мың жас саясаткері өзін-өзі басқару ұйымдарын дамыту тұжырымдамасына сүйене отырып, әртүрлі білім беру, шығармашылық және волонтерлік мектеп жобаларын өз бетінше жүзеге асырып келеді.
«Бірақ бұл сан тұрғындар санының әралуандығына және ауылдарда қосымша білім беру үшін тиісті инфрақұрылымның болмауына байланысты әлі де жеткіліксіз. Бәлкім, осындай мекемелердегі жүктемені реттейтін стандарт керек шығар, ал жергілікті билік балаларға арналған қосымша үйірмелер мен секциялар ашуға басымдық бергені жөн», деді комитет өкілі.
Тәрбие тұжырымдамасы қажет
Отырыста Ұлттық комиссия мүшесі, Абай облысы «Семей таңы» газетінің бас редакторы Риза Молдашева білім беру жүйесін жетілдіруді басым бағыт ретінде қарастырып жүргенін айтты. Ол ұлттың тұтас психологиясын, философиясын, этикасы мен мәдениетін, педагогикасын қалыптастырған ұлы тұлғаларымыздың көзқарасы негізінде «Мектепке дейінгі және бастауыш мектеп мекемелеріндегі тәрбие тұжырымдамасын» жасауды ұсынды. «Өйткені ақпараттық технологиялардың тасқыны рухани құндылықтарды тықсырып барады. Әлеуметтік желіде балдырғандарға көрсетіп жатқан зорлық-зомбылық туралы видеолардан, жарияланымдардан көз сүрінеді. Ұлттық тәрбие көзі рухани құндылық ретінде бағаланбай, жойылып бара ма деген алаңдаушылық бар», деді комиссия мүшесі.
«Ұят. Обал. Сауап. Бізді ұлт ретінде сақтаушы ата-бабадан келе жатқан осы үш қағида еді. Бүгін әлеуметтік желідегі түсініктер текетіресі нәтижесінде «ұятмэн» деген жаңа ұғым пайда болды. Сондықтан мектеп оқушыларына медиасауаттылық пен цифрлық сауаттылықты үйрету заман талабына айналып отыр. Бұл шындап келгенде – қажеттілік! Халқымыздың сан ғасырлар бойы қанына сіңген асыл қасиеттері, рухани байлығымыз, ұлттық код негізінде мектеп бағдарламасына «Адамгершілік әліппесі» пәні енгізілсе деген ұсынысымыз бар. Ол пән ұлттық менталитетімізге тән шаңырақ, намыс, тіккен туың биік болсын сияқты өзіндік мінез қалыптастыратын, рух түзейтін қасиетті ұғымдарды оқытудан басталуы керек. Мәселен, жапон елінде «Адамгершілік негіздері» деген пән оқытылады. Сол арқылы әр жапон баласы әлемге самурайлық рухты, сакураны паш етіп жүр», деп атап өтті ол.
Риза Молдашеваның мәлімдеуінше, бір ғана Семей қаласында 2021-2022 жылдары 3156 жұп некелерін қиса, 555 отбасы ажырасып кеткен. «Қызды қонақ, ұлды ұрпақ жалғастырушы, шаңырақтың иесі деп қараған қазақ отбасындағы әке ұлының босбелбеу болып өсуіне жол бермей тәрбиелеген. Қазір жалғызбасты аналардың көбеюі ер бала тәрбиесіне кері әсер етіп отыр. Ендеше, мектептерде ер мұғалімдердің санын арттыру қажет. Ол үшін мұғалім мамандығын қалаған ер балаларға мемлекет тарпынан түрлі ынталандыру шаралары қарастырылуы қажет. Ұстаз болып жүрген жігіттеріміздің арасында оқушыларды жеке дамыту тұрғысынан да, оқытып тәрбиелеуде де үлгі болып жүргендер жетерлік. Мысалы, семейлік Асхат Жұмабеков бүкіләлемдік 50 үздік мұғалімнің қатарына енді. Ұлыбританияда білім алып, облысымыздың шалғай ауылында ұстаздық етіп жүрген Аралбек Берікұлы деген азамат бар. Осындай азаматтар ұлтымыздың болашағына деген сенімді ұялатып, рухты көтереді. Осындай адамдарды насихаттауымыз керек», деді ол.
Әкелер кеңесінің мәні зор
Ал Ұлттық комиссия мүшесі, «Талбесік» көпбалалы аналар одағы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ләззат Қожахметова мектеп пен отбасындағы бала тәрбиелеу әдістерінің сәйкеспеуі оның психо-эмоционалды жағдайына теріс әсер ететінін, ішкі қайшылықтардың дамуына түрткі болатынын алға тартты.
Оның пікірінше, оқу орындары мен отбасы бірлескен жағдайда ғана бала ненің жақсы, ненің жаман екенін түсіне алады. Ата-ана мен мұғалімнің бір мақсатқа жұмылуы – білімді ғана емес, тәрбиелі азаматты да қалыптастыруға түрткі болады. Дегенмен мектептерде педагогтердің 90 пайызы әйел адам болғанына қарамастан, оқушылардың бойынан әдептілік, үлкенді құрметтеу, кішіге қамқор болу азайып барады. Мектептерде ата-аналар комитетінде әйел адамдар белсенді, ұстаздардың басым бөлігі де нәзік жандар.
«Ер адамның ықпалының азаюынан болар, әскерде әлжуаз сарбазға айналып, қиындықтар мен сынақтарда морт сынатын ұрпақ көбеюде. Ер адамдардың, әкелердің рөлін көтеру үшін әр сынып жанынан әкелер кеңесін ашуды ұсынамыз. Әкелер кеңесі – ер балалармен түрлі тақырыпты жеке талқылайтын, тәртібі бойынша тіркеуге алынған оқушылар да жүгіне алатын ортаға айналуы керек. Сондай-ақ мектептерде әскери өмірге даярлайтын клубтар құрудың мәні зор. Ер балалар қаруды, сапқа тұруды, жүгіруді үйреніп, әскери бөлімдерге саяхат жасап, әскери лагерьлерде түнеп, сайыстарға қатысып, Отан қорғайтын азамат екенін мектеп қабырғасынан біліп шығуға тиіс», деген спикер балаларды еңбекке баулуға, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға, экологияны қадірлеуге үйрету үшін сенбіліктерді жандандыруды ұсынды.
«Мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылардың арасында ажырасулар жиі. Науқас баланы психологиялық тұрғыда қабылдамау, қаржы тапшылығы ерлі-зайыптылардың ажырасуына түрткі болуда. Науқас баламен бетпе-бет қалған аналарды қолдайтын тегін психологиялық жедел желі құру да маңызды іс болар еді. Себебі бұл жағдай барлық отбасы мүшелеріне түсетін ауыртпалық. Психолог маманнан кедергісіз кеңес алған ана басқа балаларына да көңіл бөлуге уақыт табатын болады», дейді қоғамдық бірлестік өкілі.
Балаларға рухани-адамгершілік тәрбие беру – әке мен ананың жауапкершілігі бірдей болғанда ғана толыққанды жүзеге асады. Қазақстанда тұрмысы төмен отбасылардың басым бөлігін алимент алмайтын отбасылар құрап отыр. Осыған орай, алимент төлеуден жалтарған азаматтарға ХҚКО-да анықтамалар беру, кредит ресімдеу, банктік шоттарға тыйым салу, есептен шығару/есепке қою, көлік жүргізуші куәлігін алу қызметіне тыйым салуды ұсынамыз. Балалар ата-ананың рухани-материалдық қолдауын толыққанды сезінуі үшін алименттен жалтарған әкелерді әкімшілік-қылмыстық жауапкершілікке тартуды күшейту керек деп санайды ол.
«Адамгершілік-рухани тәрбиеге ұлттық салт-дәстүрді, құндылықтарды құрметтеу де жатады. Осы орайда, этнолагерьлерге орта жастағы адамдарды тәлімгер ретінде жұмысқа қабылдап, қыз балаларға құрт қайнату, бидай қуыру, құрақ құрау, киіз басу, сиыр сауу, ал ұлдарға ағаш жару, киізүй, алтыбақан құру, қой қырқу, тай үйрету, т.б. дағдыларды меңгертсе, дәстүрімізден хабары бар азаматтар шығар еді. Малдың төрт түлігін айыра алмайтын ұрпақ өсіп келе жатқанда, мұндай лагерьлер бала бойында ауылға деген ізгілікті қалыптастырып, ана тілінде сөйлеу дағдысын да жетілдірер еді», деп сөзін түйіндеді Л.Қожабекова.
Жалпы, комиссия жұмысының негізгі басымдығы – адамгершілік-отбасылық құндылықтарды нығайту, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту. Проблемалық мәселелерді шешу үшін Ұлттық комиссия алаңында мемлекеттік органдарды жедел тыңдау кестесі бар. Онда комиссияның сараптамалық-талдау жұмысын жүргізу құралдары мен тетіктерінің кең ауқымы қарастырылған. Атап айтқанда, түрлі бейімдеу және әлеуметтік қолдау орталықтарын әдістемелік сүйемелдеу қамтамасыз етіледі, өмірде қиын жағдайға тап болған балалар мен аналарға қажетті көмек көрсету мүмкіндігін қамтамасыз ететін отбасылардың әлеуметтік картасы жасалады.