Спорт • 01 Шілде, 2022

Бозкілемде – бұрымдылар

298 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарағандыда әйелдер күресінен Қазақстан чемпионаты аяқталды. Бір тәулік аралығында республикамыздың барлық аймағынан жиналған балуандар 10 салмақ дәрежесінің жүлделерін сарапқа салды. Бұл жарыста Алматы облысынан келген қыздар атой салып, жалпыкомандалық есепте көш бас­тады. Олар 126 ұпай жиды. Екінші сатыға жергілікті спортшылар (115 ұпай) жайғасса, Ақмола мен Шымкенттің өкілдері (95 ұпай) үшінші және төртінші орындарды өзара бөлісті.

Бозкілемде – бұрымдылар

Әйелдер күресінен жарыс айналмалы жүйе бойынша өтті. Жалпы есепте озған Алматы облысының балуандары арасында алғашқы алтынды аса жеңіл салмақтағы Айгүл Нұрәлім жеңіп алды. 55 кило салмақта жастар арасындағы әлем біріншілігінің (U-23) екі дүркін қола жүлдегері Марина Седневаның бағы жанды. 62 кило салмақ дәрежесінде Аяулым Қасымова қарсылас шақ келтірмеді. Азия чемпионатында екі рет жүлдегерлер қатарынан көрінген Аяулым шешуші тұста күні кеше ғана Бішкекте өткен 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы құрлық бірін­шілігінде бас жүлдені олжалаған ақмолалық Ирина Кузнецованы қапы қалдырды. Тағы бір бас жүлдені Гүлмарал Еркебаева олжалады. Азия чемпионатының төрт дүркін қола жүлдегері деген атағы бар балуан бұл жолы да алдына жан салмады.

«Қарағанды-Аренаға» жи­нал­ған жұрт 65 кило салмақтағы сайысты қызыға тамашалады. Бұл жерде негізгі бәсекелестік шымкенттік Елена Шалыгина мен шығысқазақстандық Ирина Казюлина арасында өрбіді. 35 жастағы Шалыгинаның Бей­жің Олимпиадасының қола жүл­дегері, әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері, Азия ойын­дарының жеңімпазы, Азияның екі дүркін чемпионы секілді толып жатқан атақ-даңқы бар. Осыдан бірер жыл бұрын ол үлкен спорттан қол үзген. Биыл боз кілемге қайта оралды. Жуыр­да Елена Алматыда өткен Болат Тұрлыхановты еске алуға арнал­ған халықаралық турнирде күресті. Бірақ қадамы сәтсіз болды. 27 жастағы Казюлина да қа­ра жаяу емес. Ол жастар ара­сында Азия чемпионы ата­нып, әйелдердің құрлық бірінші­лігінде үшінші орынды иеленген. Өте шиеленісті өткен бәсекеде талай ірі дүрмектерде ысылған Шалы­гинаның асығы алшысынан түсті.  

Өзге салмақ дәрежелерінде ақмо­лалық Эллада Махядди­нова (53 кило), Әлбина Қайыр­гел­динова (68 кило), Александра Зайцева (72 кило) және нұрсұл­тандық Эмма Тисина (57 кило) мен Диана Қаюмова (59 кило) сынды бұрымдылар жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Тағы бір айта кетерлік жайт, әйелдер күресінен еліміздің ең белді балуандары – Жамиля мен Мадина Бақбергеновалар бұл жарыстан босатылды.