Қоғам • 01 Шілде, 2022

Букмекерге есі кеткен есепші

312 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында 22 млн теңгеден астам қаржыны жымқырып, ойын-сауыққа және букмекер кеңселеріне бәс тігіп шашқан есепші сотталды.

Букмекерге есі кеткен есепші

Оқиға былай болған: 2018-2020 жылдар аралығында Теректі ауданы балалар музыка мек­тебінің бас бухгалтері А.Бер­дников өзі­нің қызметтік жағ­дайын пайдаланып, кәсіпорын директорының электронды-цифр­лы қолтаңба­сын қойып, интернет-банкинг ар­қылы өзінің жеке шоттарына жалақы және басқа да төлемдерді негізсіз аударған. Сөйтіп, үш жыл ішінде мемлекетке жалпы көлемі 22 200 790 теңге залал келтірген.

Осы істі тергеп-тексерген Қар­­­жы мониторингі агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша аумақтық департаменті әлгі бух­галтердің ұрлаған қар­жыны ойын-сауыққа және букмекер кеңселерінде бәс тігуге жұм­саға­нын анықтаған.

Жақында Батыс Қазақстан облысы Теректі аудандық соты А.Бердниковті Қазақстан Рес­пуб­ликасы Қылмыстық кодек­сінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тарма­ғында көзделген қыл­мыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп таныды.

Өзіне сеніп тапсырылған ақша қаражатын аса ірі мөлшерде жым­қырғаны үшін бәсқұмар бухгалтер жеті жыл мерзімге бас бос­тан­дығынан айырылды. Бұған қоса ол 5 жылға дейін мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде, коммер­циялық және коммерциялық емес ұйымдарда қаржылық қыз­­метке және материалдық жауап­кершілікке байланысты лауазымдарды атқара алмайды.

 

Батыс Қазақстан облысы