Алғашқы айналымда мажарстандық Мартон Фучовичтің тас-талқанын шығарған жерлесіміз екінші кезеңде Душан Лайовичпен күш сынасты. 31 жастағы Сербияның саңлағы бұл күндері АТР рейтингінде 64-орында тұр. Былтыр ол Аустралияның ашық біріншілігінің төртінші кезеңіне дейін жеткен. Негізі Лайович «Уимблдонда» топ жаруды көптен бері армандап жүрген еді. Бұған дейін де сол мақсатына қол жеткізу үшін бірнеше мәрте әрекет жасап көрді. Бірақ әзірге асығы алшысынан түсер емес. Бұл жолы да дәп солай болды. Тұсаукесер кездесуінде Душан Испанияның аса мықты теннисшісі Пабло Карреньо-Бустадан басым түскенімен, келесі айналымда біздің Бубликке есе жіберді. Есеп – 6:7, 2:6, 5:7.
Үшінші кезеңде Александр Бублик әлемнің 28-ракеткасы Фрэнсис Тиафомен шеберлік байқасады. Алашқы айналымдарда АҚШ-тың өкілі италиялық Андреа Вавассори мен германиялық Максимильян Мартерерді жеңді.