КӨКШЕТАУ. 26 сәуір. Ақмола облысында ұйқы қысып, есінен танғандар қатары көбеюде. Осындай жағдаймен Есіл ауданы Калачи ауылының тағы да 5 тұрғыны ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Калачи ауылының тұрғыны Владимир Кургузкин: «Бастапқыда 1 тәулік ұйықтамадым. Бұл жолы екінші рет қайталанып отыр. Ауруханаға байлап әкеліпті. Сандырақтап жүріп кеткен екенмін. Әйелім де осындай жағдайға тап болды», – дейді.
Терең ұйқыға кеткендердің сыртқы белгілері ұқсас көрінеді. Бәрі де есінен жаңылып, сандырақтайды екен.
Ұйқы қысқандарды алғашқыда Есіл аудандық, содан кейін облыстық ауруханаға алып келген. Қазір олар оянғанымен, әлі де болса дел-сал күйде.
Былтырдан бері аталған кеселге Калачи ауылының 42 тұрғыны шалдығыпты.
Естеріңізге сала кетейік, 2004 жылдың 19 сәуірінде egemen.kz тілшісі осы дертке қатысты толымды мақала жариялаған. Тілші өз материалына Қазақстан кәсіпкерлер форумы Астанадағы өкілдігінің директоры Гүлнар Қуанғанованың аталған мәселеге байланысты пікірін арқау еткен болатын. Сол мақала арқылы Гүлнар Қуанғанова ресейлік ғалымдардың зерттеуіне сүйенген Денсаулық сақтау министрлігінің: «Аталған дерт вирустық, бактериялық және сәулелік ауру емес. Калачи тұрғындары радонмен уланған» деген мазмұндағы хабарын жеткізген еді.
Тілші жазғандай, радонның құрамындағы неон, аргон, криптон, ксенон секілді газдардың есірткілік қасиеті бар. Бұлардың ішіндегі криптон мен ксенон қалыпты атмосфералық қысымда адамды терең ұйқыға батырады. Ксенон 15 жылдан бері медицинада ота жасау кезінде наркоз ретінде қолданылуда. Ал радонның одан да есірткілік әсері күшті. Бұл газ түссіз, иіссіз, ауадан салмағы ауыр келеді. Суда 50 пайызға дейін ериді. Сондықтан да, радон күн жылына топырақтан бөлініп шығады. Ол жертөлелер мен жабық жайларға жиналады. Әсіресе, көктем айларында қар еріп, радон бөліне бастағанда «ұйқы ауруы» күрт белең алады.
Маманның айтуынша, радоннан қорғанудың қарапайым түрлері болады екен. Мәселен, «ұйқы дертіне» ұрынбау үшін жертөле, жабық мекемелерді желдету, құдық суын тұндырып алу, суды арнайы сүзгіден өткізу, қарды алыс жерге апарып тастау секілді белгілі бір талаптар сақталса, жетіп жатыр.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: КТК телеарнасы.
Фото: Nur.kz.