28 Сәуір, 2014

Астанада 1 Мамыр мерекесіне 100 мың адам қатысады

323 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

28-14-Astana-1mamir merekesine 100 min adam katisadi01

АСТАНА. 28 сәуір. Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай Астанада көпшіліктің көңілін көтеріп, жан сарайын ашар мәдени іс-шаралар молынан әзірленуде. Бұл туралы astana.gov.kz сайты хабарлады. Тарата айтар болсақ, 1 мамырда алдымен «Қазақ елі» монументінің алдында халықтық серуен ұйымдастырылады. Бұдан кейін осы монументтің алдындағы алаңда түрлі спорттық сайыстар, көрмелер мен жәрмеңкелер, қойылымдар, фестивалдар мен концерттер қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылмақ. Аstana.gov.kz сайтының хабарлағанындай, алаңға 3 сахна орнатылады. 1 мамыр күні сағат 11.00-14-00 аралығында негізгі сахнада шығармашылық ұжымдардың 700-ден астам әртісі өнер көрсетпек. Жалпы, бұл мерекелік щараның ең басты 5 нөмірі болады. Олар: «Қазақстан халқының бірлігі күні-2014» әнұраны», «Отан даусы осындай», «Қазақстан болашағы» және «Қазақстан халқының биі». Айтулы думанда еліміздің және өзге мемлекеттердің алдыңғы қатарлы би ұжымдары өнерлерін жұртшылық назарына ұсынбақ. Бұларды атап өтер болсақ, Өскеменнің «Флэш» шоу-балеті, Қарағанды қаласының «Ұшқын» би ансамблі, Шымкенттің «Шамсинур» және «Айгөлек» би ансамблдері, сонымен қатар, Ресей Федерациясы Шешенстан республикасының «Вайнах» би ансамблі мен Омбы қалалық (Ресей) Мемлекеттік би және ән ансамблі. Сондай-ақ, Тбилиси қаласының грузин ұлттық хоры мен Анкараның түрік ұлттық қоры көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйламақ. Бұдан бөлек, шетелдік және еліміздің жек аспапта орындаушылары да өз өнерлерін ортаға салады деп жоспарлануда. Олар: Зитхер (Германия), Чжу (Қытай), Мадан Оак (Үндістан) және Қорлан Картенбаев (Қазақстан). Әрине, эстрада өнерпаздарынсыз мерекенің сәні келмесі анық.Сондықтан, Концерттік бағдарламаны отандық эстрада жұлдыздары жалғастырады. Олардың қатарында  Ардақ Балажан, Индира Расылхан, «Алаш ұлы» тобы, Қазақ қоры және Қазақ Ұлттық өнер университетінің жеке орындаушылары бар. Сондай-ақ, бұлармен бірге Өзбекстанның «Ялла» тобы да сахнаға шығады деп күтілуде. Ал алаңдағы шағын сахнада сағат 10.00-17-00 аралығында астаналық 23 этномәдени бірлестіктің концерттік бағдарламалары көрерменнің көзайымына айналмақ. Тағы бір ерекше тоқтала кетер жәйт, жоғарыда айтып өткеніміздей, мерекелік шара барысында спорттық сайыстарды өткізу ұмыт қалмайды. Мәселен, арқан тарту, армрестлинг, гір көтеру, тоғызқұмалақ және тағы басқа да спорт түрлеріне бәсекелер ұйымдастырылады. Сонымен бірге, 15 сауда нүктесінде азық-түлік саудасы жүргізіледі. Бұл айтулы шараға 100 мыңнан астам адам қатысады деп күтілуде. Жолдыбай Базар. Дереккөз: astana.gov.kz. Фото: Alashainasy.kz.