Қоғам • 03 Шілде, 2022

СҚО-да балық аулау тәртібін бұзғандар жазаланды

533 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жыл басталғалы Солтүстік Қазақстан облысында балық аулау тәртібін бұзғандарға 70 әкімшілік хаттама толтырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

СҚО-да балық аулау тәртібін бұзғандар жазаланды

Балық шаруашылығы комитетінің Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мәліметінше, былтыр өңірде заңсыз балық аулауға қатысты 149 әкімшілік хаттама толтырылды.

«Заң бұзушылықтардың 146-сы – ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабының 1-бөлігі «қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ балық аулау қағидаларын, сондай-ақ балық ресурстары мен басқа да су жануарларын пайдаланудың басқа да түрлерін жүзеге асыру қағидаларын бұзу» бойынша, үшеуі - ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабының 3-бөлігі «тыйым салынған мерзімде, тыйым салынған құралдармен немесе тәсілдермен, тыйым салынған орындарда балық аулау қағидаларын өрескел бұзуға» қатысты. Жеке тұлғалар үшін 5 АЕК-тен 10 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған, заңды өрескел бұзған жағдайда оның мөлшері 20 АЕК-ке дейін ұлғаяды», дейді облыстық балық инспекциясының мемлекеттік инспекторы Андрей Лопацкий.

Өткен жылы балық аулау тәртбін бұзғандарға 2 млн 406 мың теңгенің айыппұлы салынған, оның 2 млн 231 мың теңгесі өндіріліп алынды. Браконьерлерден 1 қайық және рұқсат етілмеген 8 ау тәркіленді. Бұдан басқа көлдерден иесіз 60 балық аулау құрал-жабдығы алынған.

«Биыл айыппұл мөлшері 15 мың мен 61 мың теңге аралығында. Алайда заңсыз балық аулаушыларға бұл тоқтау салмай отыр. Жыл басталғалы бері балық аулау тәртібін бұзғандарға, заңсыз сату, тасымалдаумен айналысқандарға 70 әкімшілік хаттама толтырылды. Айыппұлдың жалпы сомасы – 1 млн 329 мың теңге. Оның 1 млн 114 мың теңгесі өндіріліп алынды. Бұдан басқа 11 ау тәркіленді, иесі анықталмаған 77 балық аулау құралы алынды», деді Андрей Лопацкий.