Салтанатты іс-шарада Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық ықыласын жеткізіп, құттықтау хатын оқып берді.
«Халықаралық қатынастардың қазіргі заманғы жүйесіндегі Қазақстан Республикасы» атты халықаралық конференция қатысушыларына жолдаған құттықтау хатында Президент еліміздің дипломатиялық қызметінің отыз жылдық мерейтойы халқымыз Жаңа Қазақстан құруға кіріскен сындарлы сәтпен тұспа-тұс келгенін атап өтті. «Құрметті Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің ардагерлері мен қызметкерлері! Сіздерді еліміздің дипломатиялық қызметінің 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Біз осынау тарихи межеге үлкен жетістіктермен жеттік», делінген Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді оқып берген Мемлекет басшысының хатында.
Ел Президентінің атап өтуінше, еліміз 186 елмен қарым-қатынас орнатып, 50 халықаралық ұйымның мүшесі болды. «Біз өңірлік және жаһандық процестерге белсенді қатысатын орнықты әрі беделді мемлекетке айналдық. Сіздер тәуелсіздігіміздің алғашқы күнінен еліміздің мүддесін халықаралық аренада қорғап келесіздер. Қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында сіздер жаһандық әлемде Қазақстанның ұстанымын нығайтуға және шет мемлекеттермен ынтымақтастықты дамытуға үлкен үлес қосасыздар», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы еліміздің дипломатиялық қызметінің отыз жылдық мерейтойы халқымыз Жаңа Қазақстан құруға кіріскен сындарлы сәтпен тұспа-тұс келгенін баса атап өтеді.
«Осыған орай Сыртқы істер министрлігіне үлкен жауапкершілік жүктеледі. Дипломаттардың басты міндеті – мемлекетіміздің әлемдегі мәртебесін одан ары арттыру, сыртқы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, шетелдегі азаматтарымыздың құқықтары мен мүүдделерін қорғау», деді Президент.
Салтанатты жиында министр ардагерлердің қазақ дипломатия мектебінің қалыптасуына қосқан үлесін жоғары бағалады. Сондай-ақ ол Сыртқы істер министрлігінің алғашқы ғимараты орналасқан Алматыда Қазақстан сыртқы саясатының басты қағидаттары мен іргетасы «таза парақтан» жазылғанын, сыртқы қатынастар органдары қызметінің ұйымдық-құқықтық негіздерін жасау бойынша маңызды жұмыс атқарылғанын атап өтті. «Сіздер шетелдік дипломатиялық корпуспен кәсіби шеберлікпен байланыс орнаттыңыздар. Қосқан үлестеріңіздің арқасында бүгін қазақ дипломаттары кез келген халықаралық алаңдарда мемлекетіміздің мүдделерін сенімді қорғап, одан әрі ілгерілете алатын деңгейге жетті», деді М.Тілеуберді.
Министр ардагерлер мен қызметкерлерге зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілеп, кәсіби мерекеге орай мемлекеттік және ведомстволық наградалар табыс етті. Жиынға құрметті қонақ ретінде шақырылған дипломатия ардагері, ақын Олжас Сүлейменов тәуелсіз қазақ дипломатиясының алғашқы кезеңдерін еске алды. «Тәжірибеміз мен мүмкіндігімізді қазақ елін әлемге танытуға және инвестиция тартуға жұмылдырдық. Тәуелсіз қазақ дипломатиясының 30 жылдығына арналған медаль мен үшін ерекше. Бұл менің ЮНЕСКО-да, Италияда дипломатиялық қызметпен өткен 20 жылдық өмірімді еске түсіреді», деді О.Сүлейменов.
Сондай-ақ министр М.Тілеуберді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Жаңа геосаяси жағдайдағы Қазақстан дипломатиясы» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде сөз сөйледі. «Отыз жыл ішінде біз өңірлік және жаһандық процестерге белсенді қатысатын тұрақты және беделді мемлекетке айналдық. Дипломатиямыз егемендік алған күннен бастап мемлекеттік шекараның бүкіл периметрі бойынша халықаралық-құқықтық танылуын және барлық көршілерімізбен және әлемнің басқа мемлекеттерімен бейбіт және тең құқықты байланыстар орнатуды қамтамасыз етті», деп атап өтті министр өз сөзінде.
Оның айтуынша, Қазақстан Еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық процестердің қозғалтқыш күшіне айналды және бірқатар ірі халықаралық ұйымға табысты төрағалық етті. Осы тұрғыда еліміздің сыртқы саяси ведомствосы үшін кәсіби дипломатиялық кадрларды даярлауға ҚазҰУ-дың қосқан елеулі үлесі ерекше атап өтілді.
Дөңгелек үстелде университет ректоры Ж.Түймебаев, дипломатиялық қызметтің ардагерлері Тілеухан Қабдрахманов пен Әділ Ахметов баяндама жасады. Сонымен қатар іс-шара шеңберінде министр мен ректор ҚазҰУ жанынан Сыртқы саясат және дипломатия орталығын салтанатты түрде ашты.
Өз кезегінде оқу ордасының ректоры Жансейіт Түймебаев дипломатиялық корпус өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтады. «Біздің халықаралық дәрежедегі түлектеріміз заң шығарушы және атқарушы билік органдарында Парламент пен Үкімет аппаратында, СІМ-де және шетелдердегі өкілдіктерде жемісті еңбек етуде. Олардың көпшілігі елімізді дипломатиялық өкілдіктерде таныстырады, академиялық мекемелер мен іскерлік орталарда жоғары сұранысқа ие», деп атап өтті ректор.
Сондай-ақ кездесу барысында БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі және Қазақстандағы БҰҰ Ақпараттық бюросының басшысы Властимил Самек, ҚХР-дың Алматыдағы бас консулы Цзян Вей, Түркия Республикасының Алматыдағы бас консулы Али Рыза Акынжы сөз сөйлеп, өзара ынтымақтастықтың жарқын болашағы мен дипломатиялық кадр даярлаудағы ҚазҰУ-дың рөлін ерекше атап өтті.
АЛМАТЫ