Осыған орай Агенттік төрағасы мен облыс әкімінің орынбасары Виктор Ионенко және ИИДМ Құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы істері комитеті тұрмыстық қатынастар басқармасының басшысы Сұлтанғали Жалқұл, Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыстық департаментінің басшысы Ақан Ташпаев, тағы да басқа тиісті мекемелердің басшыларынан құралған жұмыс тобы Қостанай қаласы мен бірқатар аудан-қалаларда жергілікті жұртпен кездесіп, алдағы уақытта енгізілмек қанатқақты жобаның аясында болатын өзгерістердің жай-жапсарын түсіндірді. Бұл кездесулерге жергілікті қоғамдық кеңестердің мүшелері, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өңірдегі өкілдері, монополияға қарсы департамент жанындағы Кедергілер жөніндегі кеңес мүшелері, коммуналдық және энергия тасымалдайтын кәсіпорындардың басшылары да қатысты.
Бүгінде энергиямен қамтамасыз ететін мекемелердің тарифтері тұрмыстық тұтынушылар, заңды тұлғалар және бюджеттік мекемелер болып үш топқа жіктеледі. Серік Жұманғариннің айтуынша, бұған дейін заңды және бюджеттік тұтынушылардың тарифі жасанды ұлғайтылып, соның есебінен тұрмыстық тұтынушылардың тарифі төмендетіліп келген. Электр қуатын таратудағы әділ бөліністің жоқтығы кәсіпкерлерге ауыртпалық артып отыр. Мәселен, дифференциялы тарифтің салдарынан еліміздегі шағын және орта бизнес жыл сайын 31 млрд теңге көлемінде артық төлем жасауға мәжбүр болып келеді. Электр қуатын ірі көлемде тұтынушы болып есептелетін шағын және орта бизнес қуатты электр стансаларынан тікелей сатып алатындықтан, олар дифференциялы тарифке енбейді.
– Қанатқақты жоба кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобаның аясында іске асырылып жатыр. Дифференциялы тариф алдағы бірнеше жылдың ішінде түбегейлі жойылады. 2022 жылдың 2 наурызында Мемлекет басшысы энергетика және инженерлік инфрақұрылымды дамыту жөнінде кеңес өткізген болатын. Осы кеңес барысында бұл міндетті қанатқақты жоба режімінде Алматы, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында қолға алу туралы тапсырма берілді. Бұрын тұтынушыларды электр энергиясымен бір ғана монополиялық компания қамтамасыз етіп келсе, бүгінгі таңда еліміз бойынша электр энергиясын жеткізетін және реттеп отыратын 36 мекеме жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы жеке-жеке өңірлерге қызмет көрсетеді. Осыдан келіп тұтынушының күні бір ғана қызмет көрсетушіге қарап қалып отыр. Ал қолданыстағы заң бойынша электрмен қамтамасыз ету қызметі ашық бәсекелестік ортада жүзеге асырылуға тиіс. Қазақстанда, жоғарыда аталған 36 мекеменің сыртында, электр энергиясын жеткізумен айналысатын шамамен 180 мекеме жұмыс істейді. Мұндай мекемелердің саны әр өңірде бесеуден кем емес. Бүгінде дифференциация электр қуатын тарататын ескі компаниялар мен жаңа компаниялардың арасындағы ашық бәсекелестікке кедергі келтіріп отырғанына көз жеткізіп отырмыз. Демек тұтынушылар да өздері қалаған мекемені таңдау құқығынан айырылып, басқа мекемеге ауысу мүмкіндігі шектеліп отыр. Мұның сыртында, дифференциация арқылы жасырын субсидияға да жол беріліп жатыр. Қазіргі жағдайда кімде-кім қуат көзін көп жұмсаса, субсидия түріндегі қолдауға да сол көбірек ие болып отыр. Осының салдарынан, әлеуметтік қолдаудың ең басты қағидаты іске асырылмай келеді, яғни мемлекеттің қолдауы нағыз мұқтаж мекемеге жетпей отыр. Нәтижесінде, кәсіпкерлер электр қуатын жеткізуге кеткен шығындарды тауардың, өздері атқарған жұмыс пен көрсеткен қызметінің құнына қосатындықтан, жасырын субсидияның өтеуі түптеп келгенде бәрібір тұтынушылардың қалтасынан төленіп жатыр, – деді Серік Жұманғарин.
Қанатқақты жоба аясында Қостанай облысының тұрғындары бұдан былай, тұтынылатын қуат көлеміне қарай, электр қуаты үшін ай сайын орта есеппен 200 теңгедей артық төлейтін болады. Әлеуметтік осал топтағылар үшін тариф құны бұрынғыша қалады. Мұндай тұрғындардың төлем айырмашылығы мемлекеттің атаулы әлеуметтік көмегінің есебінен субсидияланады.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілі Сұлтанғали Жалқұлдың айтуына қарағанда, алдағы уақытта тұрмыстық көмек көрсету қызметі отбасының цифрлы картасы автоматтандырылып, әрі қарай «Е-Шаңырақ» ақпараттық жүйесіне енгізілетін болады.
– Тұрмыстық қор мен халықтың коммуналдық шығындарын бақылайтын үдерістердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін біз ТКШ-ның табиғи монополиялар, басқарушы және сервистік компаниялар сияқты барлық субъектілерін «Е-Шаңырақ» деп аталатын бірыңғай цифрлы экожүйеге қосамыз, – деді С.Жалқұл.
Еліміздің өзге аймақтарындағы электр қуатын тұтынушылар жаңа тарифке 2023 жылдан көше бастайды.
Кездесу барысында жұмыс тобының мүшелері көпшілік тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Жиын соңында жаңа тариф енгізілмес бұрын өңірдегі шағын және орта бизнес нысандарына өздері өндіретін тауарлар мен көрсететін қызметтерінің құнын төмендету жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет екені айтылды.
Қостанай облысы