Спорт • 04 Шілде, 2022

Ваут ван Арт бірінші орында келеді

120 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Данияның бас шаһары – Копенгагенде басталған «Тур де Франс» көпкүндігінің алғашқы екі кезеңі артта қалды.

Ваут ван Арт бірінші орында келеді

Роскилле мен Нюборг қалаларын жалғаған екінші кезеңде Нидерланд өкілі Фабио Якобсен (Quick Step Alpha Vinyl Team) жеңіске жетті. 25 жастағы велошабандоз 199 шақырым қашықтықты 4 сағат 34 минут 34 секундта жүріп өтті. Мәре сызығын екінші болып Ваут ван Арт (Jumbo – Visma) кессе, үшінші орынға даниялық Мадс Педерсен (Trek-Segafredo) жайғасты. Екі спортшы да мәреге жеңімпазбен бір уақытта келді. Екінші кезеңде «Астана» өкілдері арасында ең үздік нәтижеге команда капитаны Алексей Луценко қол жеткізді. Ол мәреге 45-ші болып жетті.

Екі кезеңнің қорытындысы бойынша жалпы есепте бельгиялық Ваут ван Арт (Jumbo – Visma) көш бастады. Оны Quick Step Alpha Vinyl Team командасының өкілі Ив Лампарт өкшелеп келеді. Екеуінің арасын бір секунд бөліп тұр. Үшінші орынды «Тур де Франстың» екі дүркін жеңімпазы словениялық Тадей Погачар (UAE Team Emirates) иеленуде. Көшбасшыдан 45 секундқа қалып қойған Алексей Луценко үздіктер қатарында 34-орында тұр.