Күрес • 04 Шілде, 2022

Биылғы жылдың «Барысы» – Исағабылов

304 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өткен жексенбіде Нұр-Сұлтандағы «Барыс Арена» спорт кешенінде Қа­ла күніне орайластырып ұйымдас­ты­рылған қазақ күресінен 11-ші «Қа­­зақстан барысы» турнирінің фи­нал­дық кезеңі мәресіне жетті. Еңсе­лі елорда төрінде өткізілген балуандар бәсекесінде әр өңірдегі іріктеу кезең­дерінде оза шапқан 36 балуан бақ сынады.

Биылғы жылдың «Барысы» – Исағабылов

Биылғы жарыстың құрметті қонақ­тары ретінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Мәдениет және спорт министрлігі Дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев, «Қазақтелеком» АҚ басқармасының төрағасы Қуанышбек Есекеев құттықтау сөз сөйлеп, балуан­дарға сәттілік тіледі.

Он бірінші рет ұйымдастырылған турнирде жанкүйерлер 2021 жылғы «Қазақстан барысы» Дәурен Нұра­линов пен осы турнирдің 2013 және 2019 жылдарғы жеңімпазы Айбек Нұғы­маровтың өнерін тамашалай алмады. Дәурен жарақатына байланысты биылғы додаға қатыспаса, Айбек спорттық жолын аяқтағанын ресми түрде жариялады. Тағы бір айта кетерлігі, кешегі жарыс барысында Айбек Нұғымаровқа «Әлем барысы» турнирінің бас жүлдесі ресми түрде табысталды. Себебі 2019 жылғы қазақ күресінен өткен «Әлем барысы» турнирінің финалында Айбекті жеңген ресейлік балуан Роман Бобиковтің қан сынамасынан тыйым салынған «метилгексимин» препараты табылғаны белгілі болды. Сөйтіп, жеңіс автоматты түрде отандасымызға берілді. Qazaq kuresi Ассоциациясының өкілі Айбек Нұғымаровқа жанкүйерлердің көзінше алтын белбеуді қайтарып берді.

Сондай-ақ ұйымдастырушылар жыл сайын балуандар бәсекесін тартысты, жанкүйерлерге қызықты ету үшін жарыс ережесін жетілдіріп, өзгерістер енгізіп отыратыны белгілі. Мәселен, алдыңғы жылдары балуандардың киіміне өзгеріс енгізді. Яғни күртешенің жеңі қысқарып, шалбардың балағын ұзартты. Кейіннен уақыт жағын тиімді пайдалану үшін  белдесулер уақытын бес минуттан
4 минутқа қысқартты (биыл белдесу уақыты қайтадан ұзартылды). Жаңа бозкілем төселген соң балуандар былтырдан бастап жалаңаяқ күресетін болды. Ал биылдан бастап «бүк» ұпайы жарыс ережесінен алынып тасталды. Яғни бұған дейін балуан әдіс жасағанда қарсыласының тізесі жерге тиіп кеткенде – «бүк» ұпайы берілетін. Сондай-ақ бұрынғы ереже бойынша 3 «бүк» ұпайы бір жамбас ұпайына тең болатын. Енді биылдан бастап балуандар «бүк» ұпайын­сыз белдесті. Бұл өзгерістер тур­нирдің көрігін қыздырмаса, еш кеміткен жоқ.

Бұла күші бойына сыймай тұр­ған 36 балуан «ә» дегеннен тартыс­ты белдесуімен «Барыс Арена» спорт кешеніне жиналған және теледидар арқылы тамашалаған мың­даған жанкүйердің делебесін қоздырды. Сайдың тасындай іріктелген кіл мықты балуандар жиналған биылғы жарыста мына балуан жеңімпаз атанады деген нақ­ты бір фаворит жоқ еді. Ал ширек финал бәсекелерінен кейін биыл жаңа «барыстың» есімі анықталатыны белгілі болды. Себебі осыған дейінгі жарыстарда жеңіс тұғырынан көрінген Мұхит Тұрсынов, Еламан Ерғалиев, «Әскер барысы» атанған Ерасыл Қажыбаев секілді апайтөс балуандар ширек финалдан әріге аса алған жоқ.

Сөйтіп, бірінші жартылай финалда был­тыр­ғы күміс жүлдегер Ғалымжан Қы­рық­бай мен Мақсат Исағабылов белдесті. Бұл бәсе­кеде көпшілік Жамбыл облысынан келген балуанның жеңісіне сенімді болған. Алай­да кездесу қызылордалық балуанның жеңісімен аяқталды. Екінші жартылай финалда 2017 жылғы «барыс» Еламан Ер­ға­лиевті жарыс жолынан ығыстырған шым­кенттік Нұрсәт Темірхан маңғыстаулық Нұр­­дәулет Жарылғаповтан айласын асыра алмады.

Сонымен қазақ күресінен ең мықты балуанды анықтайтын сəт те келіп жетті. Алты сағатқа созылған айтулы бәсекенің финалына турнирде бір деммен күресіп, өзінің нағыз спорттық бабында екенін танытқан Мақсат Исағабылов пен Нұрдәулет Жарылғапов шықты. Бұған дейінгі жарыстарда бірде-бір рет финалға шықпаған екі балуанның арасындағы финалдық белдесу небәрі екі-ақ минутқа созылды. Алғашқы минуттарда екі балуан да бір-бірін аңдысып, әдіс жасауға бата алмай жүрді. Алайда бел­де­судің екінші минуты аяқталар тұста қы­зыл­ордалық балуан бірінші болып әдіс жасап, қарсыласын таза жеңіспен қапы қалдырып кетті. Сөйтіп, Мақсат Исағабылов «Қазақстан барысы» турнирінің сегізінші жеңімпазы атанды. Сондай-ақ «барыста» бағы жанған үшінші қызылордалық ба­луан ретінде тарихта қалды. Бұған дейін Сыр елінің балуандарынан 2011 жылы Ұлан Рысқұл және 2017 жылы Еламан Ерғалиев топ жарған болатын.

Үшінші орын үшін Нұрсәт Темірхан мен Ғалымжан Қырықбай белдесуге тиіс еді. Алайда Н.Темірхан жарақатына байланысты бозкілемге шығудан бас тартып, қола жүлде Ғ.Қырықбайға бұйырды.

Турнир қорытын дысы бойынша, 2022 жылғы «Қазақстан барысы» атанған Мақ­сат Исағабыловтың беліне «Алтын бел­беуді» Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов байлады. Сонымен қатар қызылордалық балуанға ауыспалы «Алтын тайтұяқ» пен 25 млн теңгенің сертификаты табыс етілді. Бұдан бөлек, турнир­де күміс жүлдегер атанған Нұрдәулет Жарыл­ғаповқа «Күміс белбеу» мен 5,5 млн теңге сыйлық тапсырылды. Ал үшінші орын иеленген Ғалымжан Қырықбайға 1,8 млн теңге және «Қола белбеу» тапсырылды.