Биылғы жарыстың құрметті қонақтары ретінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Мәдениет және спорт министрлігі Дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев, «Қазақтелеком» АҚ басқармасының төрағасы Қуанышбек Есекеев құттықтау сөз сөйлеп, балуандарға сәттілік тіледі.
Он бірінші рет ұйымдастырылған турнирде жанкүйерлер 2021 жылғы «Қазақстан барысы» Дәурен Нұралинов пен осы турнирдің 2013 және 2019 жылдарғы жеңімпазы Айбек Нұғымаровтың өнерін тамашалай алмады. Дәурен жарақатына байланысты биылғы додаға қатыспаса, Айбек спорттық жолын аяқтағанын ресми түрде жариялады. Тағы бір айта кетерлігі, кешегі жарыс барысында Айбек Нұғымаровқа «Әлем барысы» турнирінің бас жүлдесі ресми түрде табысталды. Себебі 2019 жылғы қазақ күресінен өткен «Әлем барысы» турнирінің финалында Айбекті жеңген ресейлік балуан Роман Бобиковтің қан сынамасынан тыйым салынған «метилгексимин» препараты табылғаны белгілі болды. Сөйтіп, жеңіс автоматты түрде отандасымызға берілді. Qazaq kuresi Ассоциациясының өкілі Айбек Нұғымаровқа жанкүйерлердің көзінше алтын белбеуді қайтарып берді.
Сондай-ақ ұйымдастырушылар жыл сайын балуандар бәсекесін тартысты, жанкүйерлерге қызықты ету үшін жарыс ережесін жетілдіріп, өзгерістер енгізіп отыратыны белгілі. Мәселен, алдыңғы жылдары балуандардың киіміне өзгеріс енгізді. Яғни күртешенің жеңі қысқарып, шалбардың балағын ұзартты. Кейіннен уақыт жағын тиімді пайдалану үшін белдесулер уақытын бес минуттан
4 минутқа қысқартты (биыл белдесу уақыты қайтадан ұзартылды). Жаңа бозкілем төселген соң балуандар былтырдан бастап жалаңаяқ күресетін болды. Ал биылдан бастап «бүк» ұпайы жарыс ережесінен алынып тасталды. Яғни бұған дейін балуан әдіс жасағанда қарсыласының тізесі жерге тиіп кеткенде – «бүк» ұпайы берілетін. Сондай-ақ бұрынғы ереже бойынша 3 «бүк» ұпайы бір жамбас ұпайына тең болатын. Енді биылдан бастап балуандар «бүк» ұпайынсыз белдесті. Бұл өзгерістер турнирдің көрігін қыздырмаса, еш кеміткен жоқ.
Бұла күші бойына сыймай тұрған 36 балуан «ә» дегеннен тартысты белдесуімен «Барыс Арена» спорт кешеніне жиналған және теледидар арқылы тамашалаған мыңдаған жанкүйердің делебесін қоздырды. Сайдың тасындай іріктелген кіл мықты балуандар жиналған биылғы жарыста мына балуан жеңімпаз атанады деген нақты бір фаворит жоқ еді. Ал ширек финал бәсекелерінен кейін биыл жаңа «барыстың» есімі анықталатыны белгілі болды. Себебі осыған дейінгі жарыстарда жеңіс тұғырынан көрінген Мұхит Тұрсынов, Еламан Ерғалиев, «Әскер барысы» атанған Ерасыл Қажыбаев секілді апайтөс балуандар ширек финалдан әріге аса алған жоқ.
Сөйтіп, бірінші жартылай финалда былтырғы күміс жүлдегер Ғалымжан Қырықбай мен Мақсат Исағабылов белдесті. Бұл бәсекеде көпшілік Жамбыл облысынан келген балуанның жеңісіне сенімді болған. Алайда кездесу қызылордалық балуанның жеңісімен аяқталды. Екінші жартылай финалда 2017 жылғы «барыс» Еламан Ерғалиевті жарыс жолынан ығыстырған шымкенттік Нұрсәт Темірхан маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғаповтан айласын асыра алмады.
Сонымен қазақ күресінен ең мықты балуанды анықтайтын сəт те келіп жетті. Алты сағатқа созылған айтулы бәсекенің финалына турнирде бір деммен күресіп, өзінің нағыз спорттық бабында екенін танытқан Мақсат Исағабылов пен Нұрдәулет Жарылғапов шықты. Бұған дейінгі жарыстарда бірде-бір рет финалға шықпаған екі балуанның арасындағы финалдық белдесу небәрі екі-ақ минутқа созылды. Алғашқы минуттарда екі балуан да бір-бірін аңдысып, әдіс жасауға бата алмай жүрді. Алайда белдесудің екінші минуты аяқталар тұста қызылордалық балуан бірінші болып әдіс жасап, қарсыласын таза жеңіспен қапы қалдырып кетті. Сөйтіп, Мақсат Исағабылов «Қазақстан барысы» турнирінің сегізінші жеңімпазы атанды. Сондай-ақ «барыста» бағы жанған үшінші қызылордалық балуан ретінде тарихта қалды. Бұған дейін Сыр елінің балуандарынан 2011 жылы Ұлан Рысқұл және 2017 жылы Еламан Ерғалиев топ жарған болатын.
Үшінші орын үшін Нұрсәт Темірхан мен Ғалымжан Қырықбай белдесуге тиіс еді. Алайда Н.Темірхан жарақатына байланысты бозкілемге шығудан бас тартып, қола жүлде Ғ.Қырықбайға бұйырды.
Турнир қорытын дысы бойынша, 2022 жылғы «Қазақстан барысы» атанған Мақсат Исағабыловтың беліне «Алтын белбеуді» Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов байлады. Сонымен қатар қызылордалық балуанға ауыспалы «Алтын тайтұяқ» пен 25 млн теңгенің сертификаты табыс етілді. Бұдан бөлек, турнирде күміс жүлдегер атанған Нұрдәулет Жарылғаповқа «Күміс белбеу» мен 5,5 млн теңге сыйлық тапсырылды. Ал үшінші орын иеленген Ғалымжан Қырықбайға 1,8 млн теңге және «Қола белбеу» тапсырылды.