Аймақтар • 05 Шілде, 2022

Жалған шот-фактура жарға жықты...

511 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Соңғы уақытта Павлодар облысында тіркелген алаяқтық фактілердің сюжеті криминалды фильмдерден кем емес. Екібастұзда полиция формасын киіп, тұрғындардың ұялы телефонын тексеру кезінде онлайн несие ресімдеген пысықайлар ұсталған еді. Жақында жалған шот-фактуралар жасаумен айналысқан екі айлакер құрықталды.

Жалған шот-фактура жарға жықты...

Қаржылық мониторинг агент­тігінің Павлодар облысы бойын­­ша департаментінің қызметкер­лері шот-фактураларды заңсыз жазып беру фактілерінің жолын кесіп, тергеу барысында В.Легин және С.Рыжаков есімді азаматтар­дың жал­ған тұлғаларға ресімделген 13 ком­пания құрғанын анық­та­ды. Олар материалдық пайда табу мақсатын­да 2019 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі кезең­де компаниялардың атынан бір­қа­тар заңды тұлғаға жалпы сомасы 6,5 млрд теңгеге жалған шот-фактуралар жазып бер­ген. Пысы­қайлардың қылмыстық әре­­­­кеттерінің салдарынан мем­ле­кет­ке төленбеген салық түрінде 2 млрд теңгеден астам сомаға залал келген.

Сот екеуін де кінәлі деп та­уып, 2 жыл 9 айға бас бостан­дық­тарынан айырып, Легиннен 13 млн теңгеден астам ақша тәркілеу туралы үкім шығарды.

Алаяқтардан көбіне зейнет­кер­лер зардап шегіп жатады. Мәселен, былтыр мынадай «қы­зық» қылмыс тіркелген еді. Пав­ло­дарлық тұрғын көрші зейнет­кердің атынан 2 млн теңгеге iPhone ұялы телефон алуға несие ресім­деген. Жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында Ленин кентінің 22 жастағы тұрғыны ұсталды. Облыстық полиция де­пар­таменті баспасөз қызметінің мәлі­метінше, 63 жастағы зейнеткер өзінің атына онлайн несиені заңсыз ресімдеу туралы өтінішпен полицияға жүгінген. Тергеу барысында жас жігіт әңгімелесіп тұрған кезде әйелден оның жеке куәлігін сұрап, ұялы телефо­нына суретке түсірген. Сондай-ақ онлайн-банктердегі не­сиені ресімдеу кезіндегі талапқа сәй­кес тұтынушының бет әлпетін де түсіріп, гаджетіне сақтап алған. Содан кейін ақпараттарды пайдалана отырып, зейнеткердің атына онлайн дүкендердің бірінде iPhone 12 PRO Max 2 ұялы телефонын сатып алуға онлайн несие ресімдеген. Шығын шамамен екі миллион теңгені құрады.

Еліміздегі кейбір шағын несие ұйымдарынан қарызға ақша алу үшін ол жерге барудың қа­жеті жоқ. Кейде менеджерге WhatsApp арқылы жеке куәліктің фотосын жіберу жеткілікті. Бұл сіз­дің құжатыңыз ба немесе басқа біреудің құжаты ма еке­ні маңызды емес, ақша немесе та­уар сізге бәрібір беріледі. Құ­қық қорғау органдары осындай келең­сіздіктерді болдырмау үшін жеке куәлікті, төлқұжатты, банк карталарын бөтен азаматтар­дың қолы жетпейтін жерлерде сақтауға кеңес береді. Белгісіз тұл­ғаларға дербес деректерді бер­меу, тауарларға немесе қызмет­терге телефон арқылы тапсырыс беру кезінде ДСН-кодты, СМС-кодтарды бермеуді еске салады. Бөтен дейміз-ау, кейде жақын туыстың өзі әккі әрекетін жүзеге асырып, несие ресімдеген оқиғаларды талай естідік. Не десек те, барынша сақ болыңыз!

 

Павлодар облысы