Елорда • 05 Шілде, 2022

БҚО-да Астана күні атап өтіледі

634 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында Елорда күніне орай түрлі форматтағы іс-шаралар өткізу жоспарланған. Бұл жөнінде облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы Гүлмира Қауланова айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

БҚО-да Астана күні атап өтіледі

Батыс Қазақстан облысының барлық ауданы мен қала орталығында мәдени-көпшілік шаралар, концерттік бағдарламалар, көрмелер, спорттық шаралар ұйымдастырылмақ.

Атап айтқанда Теректі ауданында «Туған күніңмен, Елорда!», Сырым ауданында «Еңсесі биік Елорда – татулық бесігі» атты концерттер, «Жайна, жаса Елордам» атты жастарға арналған шоу-бағдарлама, Қазталов ауданы орталығындағы «Достық» саябағында «Жасай бер, жайна, Астана» мерекелік концерті, Жаңақала ауданында «Еңсесі биік Елорда», Тасқала ауданында «Бағаналы Орда – басты Орда», Шыңғырлау ауданында «Сәлем, Елорда», Бөкей ордасында «Нұр-Сұлтан – ұлтымыздың рухани ордасы», Бөрлі ауданында «Еңсесі биік Елорда», Қаратөбе ауданында «Ел жүрегі – Нұр-Сұлтан» атты мерекелік концерттер өтеді. Бөрлі ауданының қарттар үйінде «Мейірім сәулесі» атты мерекелік концерт өтіп, облыс кітапханалары мен музейлерінде тақырыптық көрмелер, балаларға арналған ертеңгіліктер, әдеби-танымдық сағаттар, викториналық ойындар ұйымдастырылмақ. Орал қаласының ықшам аудандарында, мәдени-ағарту бірлестігінің аула клубтарында «Елордам – ару қалам асқақтаған», «Асқақта айбынды елдің Елордасы» атты концерттік бағдарлама, спорттық шаралар көрерменін күтуде.

Астана күніне орай ең басты іс-шара 6 шілде күні кеште «Ел жүрегі – Елорда» атауымен Тұңғыш Президенті алаңында өтеді. Алаңда қолөнер шеберлерінің көрмесі болады. Ал концерттік бағдарламада Қарлығаш Қадырбекова би студиясы, «Назерке» халық би ансамблі, «Серілер» квартеті, өнерпаз балалардың «Әуен» тобы, «Қарақат», «Айналайын» мектеп-студиялары, «ДД рекордс» орталығының әншілері өнер көрсетпек.