Алдымен Еурокубок жарыстарында өнер көрсететін командалардың жай-күйіне тоқталсақ. Бүгін Чемпиондар лигасында бақ сынайтын Қостанайдың «Тобылы» өз алаңында Мажарстанның «Ференцварош» клубын қабылдайды. Матч елорда уақытымен сағат 20:00-де басталады.
Қостанай командасы чемпионаттағы кейінгі үш турдың барлығында жеңіске жеткенімен, ойыны жергілікті жанкүйерлердің көңілінен шығып жатыр деп айта алмаймыз. Алғашқы екі кездесуде «Каспий» (1:0) мен «Қызылжардан» (3:1) басым түскенімен, 16-турда сырт алаңда чемпионат аутсайдерінің бірі «Тұранмен» тең ойнауға мәжбүр болды – 2:2. Кездесудің 85-минутына дейін 2:0 есебімен жеңіліп жатқан «Тобыл», абырой болғанда, соңғы минуттарда таразы басын теңестіріп, жеңілістен құтылып кетті. 16-турдан кейін (13-тур ойындары тамыз айына шегерілген) «Тобыл» турнир кестесінде 25-ұпаймен төртінші орынға жайғасқан.
Конференция лигасында биыл қатарынан екінші жыл бақ сынайтын елорданың «Астанасы» үш турда қарсыластарының қақпасына 10 гол соғып, өз қақпасына 4 гол өткізіп алды. 14-турда «Астана Аренада» «Ақсу» қақпасына жауапсыз бес гол соқса, 15-турда сырт алаңда «Ақтөбеден» ірі есеппен жеңілді – 4:1. Ал үш күнге жалғасқан 16-турда өз алаңында «Мақтаралды» 4:0 нәтижесімен қапы қалдырды. Бұл ойында «Астананың» хорватиялық легионері Марин Томасов хет-триктің авторы атанса, жас ойыншы Сұлтан Сағынаев кездесудің нүктесін қойды. Елордалықтар осы жеңісінен кейін турнир кестесінде 27 ұпаймен жеке-дара көш бастады.
Қазақстандық клубтар арасында бірінші болып Конференция лигасының топтық кезеңінде өнер көрсеткен Алматының «Қайраты» биылғы ел чемпионатын өте сәтсіз өткеруде. Біріншіліктің 16-турынан кейін «Қайрат» 23 ұпаймен 6-орынға жайғасқан. Жуырда командадан бас бапкер Құрбан Бердыев пен Польша ұлттық құрамасының ойыншысы Яцек Гуральски кетіп, клуб одан әрі қиын жағдайда қалды. «Қайрат» соңғы үш турдың екеуінде «Мақтарал» (1:0) мен «Ақжайықты» (2:0) жеңіп, «Таразбен» тең ойнады – 1:1.
Ал Еурокубок ойындарына биыл тұңғыш рет қатысқалы жатқан «Қызылжардың» да чемпионатта көрсетіп жатқаны ойыны көңіл көншітпейді. Былтырғы ел біріншілігін жоғары деңгейде өткізген Петропавлдың командасы биыл сол қарқынын жоғалтып алды. 16-турдың небәрі үш-ақ ойынында жеңіске жеткен «Қызылжар» турнир кестесінде 15 ұпаймен 12-орында келеді. Кейінгі үш турда олар сырт алаңда «Шахтерді» жеңгенімен (2:1), қалған екі ойында «Тобыл» (3:1) мен «Ақсудан» (1:0) жеңіліп қалды.
Конференция лигасына қатысатын үш команда да жарысты екінші іріктеу кезеңінен бастайды. «Астана» сырт алаңда Польшаның «Ракув» клубымен кездессе, «Қайрат» Алматыда Мажарстанның «Кишварда», «Қызылжар» елордада Хорватияның «Осиек» командасын қабылдайды. Алғашқы ойындар 21 шілдеде өтеді.
Сондай-ақ чемпионаттың кейінгі ойындарында Қазақстанның және шетелдің үздік ойыншыларынан құралған «Ақтөбе» мен кіл жастардан жасақталған Шымкенттің «Ордабасы» жақсы нәтиже көрсете бастады. Сол ойындарының арқасында екі ұжым да турнир кестесінің алғашқы үштігін түйіндеп тұр. «Ақтөбе» соңғы төрт ойында «Шахтер» (3:2), «Астана» (4:1), «Атырау» (2:0) және «Тобыл» (2:1) клубтарынан басым түссе, «Ордабасы» «Каспий» (4:1), «Ақжайық» (1:0), «Тараз» (3:2) және «Ақсуды» (3:0) қапы қалдырды.
Алғашқы айналымға дейін тәуір ойын көрсетіп, бір кездері турнир кестесінде көш бастаған «Тараз» кейінгі төрт ойында жеңіске жете алмаған жоқ. Сүреңсіз ойын көрсетіп келе жатқан командалардың қатарында «Мақтаарал», «Ақжайық», «Каспий», «Ақсу», «Шахтер» сияқты командалар да бар.