Елорда • 06 Шілде, 2022

Бағдарың қалай, бас қала?

617 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қас-қағым сәтте бір қадасын қағып үлгеретін бас шаһардың бүгінгісі ертеңіне ұқсамайды. Осыдан 25 жыл бұрын Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері Сарыарқа төсіне көшірілген сәттен бастап, Қазақ елінің тағдырын айқындайтын, келешегін жарқын ететін елдік маңызды мәселелер елордада қабылдана бастады. Қаланың тұрғындары бастапқы сәтте небәрі 200 мыңдай болған еді.

Бағдарың қалай, бас қала?

Алғашқы жобалар, алғашқы адымдар

Елорданың алғашқы бас жоспарларында халық саны тек 2030 жылға қарай 1 млн 200 мыңға жетеді деп болжанған. Бірақ ертегі батырларындай ерте есейген еңселі шаһар бұл көрсеткішке 2020 жылы жетіп қойды. Осы жетістіктің өзі-ақ оның қарқынды даму динамикасын айғақтаса керек.

Алаштың алтын алқасындай қазақ астанасының айбын, ажарын сөзбен айтып жеткізе алмайсыз. Төрткүл дүниенің төрі саналатын Еуразияның дәл кіндігінде еңсе көтерген жас елорда аз ғана уақыт аралығында сағат санап өсетін ертегі кейіпкеріндей ерек кейіпке енді. Ерке Есілдің қос қапталында сап түзеген салтанатты сарайлар, ғажайып ғимараттар, еңселі ескерткіштер бір күннің жұмысы емес. Сарыарқаның сайын даласындағы шағын шаһарды бүкіл бір елдің астанасына айналдыру алғашқы сәттен-ақ қолға алынған.

Бұған сол кезде қаланың қада­сын қағысып, бас жоспарды әзір­леуге қатысқан архитектор­лар куә. Солардың бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген архитекторы Серік Рүстембеков. «Ел астанасын Алатау бөктерінен Сарыарқа төсіне көшіру – ұлттық стратегиялық мұ­раттан туындағаны белгілі. Менің туған өңірім елдің бас қаласы болады деген сүйіншілі хабарды алғаш естігенім әлі күнге көз алдымда. Ол кезде мен Алматыда едім. Өзімнің жерлес досымның үйінде әңгіме-дүкен құрып отырдық. Бір кезде радиодан «Еліміздің бас қаласы Ақмола болады» деген сөзді естіп қалдым. «Шалыс естідік пе?» деп өз құлағымызға өзіміз сенбей, радионың даусын шығарып қойдық. Бұл – 1994 жылдың 6 шілдесі болатын. Әлбетте, ол кезде көп адам елорданың ауысатынына сене қоймады. Бірақ менің күмәнім болмады. Бірден жігіттерге хабарласып, болашақ шаһардың бас жоспарына атсалысуға әзірлене бастадық», дейді архитектор.

Уикипедиядағы ашық мәлі­метке сүйенсек, Алаш астана­сының бас жоспарын жасауға тұңғыш халықаралық байқау жарияланып, әлемдік сәулет өнерінің шеберлері жіберген жүздеген жобалар сараптаудан өткізілген. Конкурсқа талай ел­дің ең мықты деген сәулетшілері қатысқан. Соның ішінде Жапония, АҚШ, Аустралия, Ита­лия, Франция, Германия, Ресей, Финляндия, Корея, Бол­гария, Пәкістан, Польша, Чехия, Украина, Өзбекстан, Қыр­ғызстан және Латвия сияқты елдерден ұзын-ырғасы 50-ден астам жоба түскен. Ұсыныстар топ­тамасының ішінен халық­аралық конкурстың шарттары мен талаптарына жауап бере алатын 27 жобалық әзірлеме беделді қазылар алқасының қарауына іріктеледі. Сөйтіп, конкурс қорытындысы бо­йынша жапон концептуалисі Кисе Курокаваның (шын аты Нориаки) жетекшілік ететін Халықара­лық ынтымақтас­тық бойынша жапон агентті­гі­нің зерттеу тобы әзір­леген жоба үздік деп танылды. «Қазылар алқасы іріктеген жобаны ха­лықаралық жапондық қор қар­жыландырды. Ал олардың талап шартында белгілі бір қала­ның бас жоспарын жобалауға жергілікті бір компания міндетті түрде қатысуы керек деген талап бар еді. Сол ереже негізінде біз құрған «Ақ орда» жобалау-құрылыс компаниясы Үкіметтің қаулысымен екі жапондық фирмамен консорциум құрып, бас жоспарды түзуді қолға алды», дейді С.Рүстембеков бізбен әңгімесінде.

Архитектордың айтуынша, алғашқы жылдары қиындықтар болмай қойған жоқ. Әсіресе, жобалау институттары тарағаннан кейін жан-жаққа бытырап кеткен білікті кадрларды қайтадан жинау оңайға соқпаған. Екінші, бұл – экономика күйреп, өндіріс тоқтаған қиын-қыстау кезбен тұспа-тұс келген кезең. Сон­дықтан қаржы жағы біраз қолбайлау болған. «Деген­мен де өз ой-тұжырымдарымыз­ды қағаз­ға түсіріп, ұсындық. Ке­йін Үкі­мет­тің қаулысы шығып, бізді бас жос­пар­дың авторлары ретінде бекіт­ті. Бұл сәулетшілер тобының қата­рында Б.Досмағанбетов, С.Бай­мағанбетов, Қ.Монтақаев, Т.Ера­лиев, С.Жүнісов, Е.Мұ­ха­метшина, Л.Нысанбаева, В.Глад­ких, В.Тоскин сынды білік­ті азаматтар болды», дейді ол.

Бас қаланың алғашқы нобайын қағазға түсірген архитек­торлардың сөзіне қараған­да, алдымен Есілдің оң жағалауы – ескі орталықты жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Өйт­кені бұрынғы Ақмола Қазақ­стан­ның бас қаласы болып жария­­ланғаннан кейін орталық мем­ле­кеттік органдарды орналас­тыру – басты мәселелердің бірі болған. Осылайша, шағын ша­һар­дың астаналық келбетін қалыптастыру үшін тынымсыз тірліктер басталып кетті.

Сәулетшілердің жобалауы бойынша алдымен қазіргі ескі орталық алаңдағы ғимараттар ретке келтірілген. Кезінде жо­ба­лау институтының ғима­раты болған 16 қабатты нысан Пар­ла­мент­ке беріліп, қайта жаң­ғырту жұмыстары жүргі­зіл­ген. Байырғы облыстық атқа­ру комитеті отырған ғимарат Үкі­мет кеңсесі болып өзгерген. «Москва» қонақүйін Сыртқы істер министрлігінің ғимараты еттік. Тың игерушілер сарайы Кон­гресс-холл болып ажарланды. Міне, осылайша, елорданың ал­ғашқы кескін-келбеті ай­шық­тала бастады. Кейін шаһар­дың көркем бейнесін жасау мақ­сатында жаңа ғимараттар бой көтерді. Қазақтың астанасы көз алдымызда көз ілеспес жыл­дам­дықпен дами бас­тады. Менің жобам бойынша дүниеге кел­ген «Миллениум» галереясы, «Бизнес сервис орталығы», Қар­жы министрлігі алдындағы алаң, Астаналық саябақтағы «Аквапарк» кешені, елорданың алғаш­қы ауданы – «Самал» тұрғын үй кешені – бас қаланың дамуына қосқан үлесім», дейді С.Рүстембеков.

Қазіргі таңда ескі орталықтан бетер көркейген Есілдің сол жаға­лауына ел қонады деп байырғы тұрғындар ойламаса керек. Тіпті сәулетші-мамандар да бұған сенбеген. «Біздің есіл-дертіміз – оң жа­ғалауды жандандыру еді. Бірақ қаланың жоспарлы құры­лы­­мы мен құрылысын дамыту жөнін­дегі тұжырымдама бо­­йын­ша елор­даның аумақтық дамуы тек батыс және шығыс бағыттар­ға ғана емес, оңтүстікке, Есіл өзенінің сол жа­ғалауына қарай жүргізілу керек­тігі жөнін­де шешім шықты. Ал Есіл өзені­нің арнасы қаланың қос қап­талын бөліп тұратын негізгі өзегі ретінде қарастырылып, оны жағалай көркем нысандар тұр­ғызу көзделді. Осылайша, сол жаға­лаудың алғашқы үш ғима­раты – «Ақорда» резиденциясы, «Қазмұнайгаз», «Бәйтеректің» қазығы қағылды. Кезінде ашық алаңқай болған сол өңірлер қазір адам танымастай өзгеріп, келісті қала болғанына өзім де таңғаламын», дейді архитектор сол кезді еске алып.

Елорданың дамуы – елдің дамуы

Жалпы, елдің бас шаһары ретінде Ақмоланың таңдалуы бекерден-бекер емес. Дүние жүзінде қалыптасқан тәртіп бойынша белгілі бір қаланың астана атануы үшін ол 32 талапқа сай болуы керек екен. Сәулетшілер Ақмола осы өлшемдердің бәріне лайық деп санайды. Ашық дереккөздегі мәліметтерге сүйенсек, қазіргі бас қала өмір сүруге қолайлы, тыныс-тіршілікке ыңғайлы. Әрі экологиялық жағынан да, географиялық тұрғыдан да, жол, тасымал жөнінен де өзгелерден оқ бойы озық. Осының бәрі Бас жоспарды жасаған кезде де ескерілген. Жапондық архи­тектор Кисе Курокава жоба­сы­ның ұтымды тұсы да сол – оның эскизінде ел астанасының сейсмикалық жағдайы, табиғат ерекшеліктері көрініс тапқан.

Осылайша, жапон сәулет­шісі­нің нобайымен болашақ аста­наның құрылысы тұрғы­зыла бастады. Тарихқа үңілсек, жұмыстар үш бағдарламалық кезеңге негізделген. Елорданы дамытудың алғашқы жұмыстары 1998-2001 жылдар аралығын қамтиды. Осы уақыт аралығында кезіндегі қоңыртөбел кейіпті шаһарды әсем Астанаға айналдыру мақсаты өзекті бол­ған. Жоғарыда архитекор Серік Рүстембеков атап өткен ғима­­раттар осы кезеңде бой көте­рді. Ескісі жаңарды. Бұрын болма­ғандары салынды. Қас-қағым сәтте шағын шаһар адам танымастай түрленді. Құрылыс қызу жүрді. Осындай маңызды сәттерде қала құрылысының басы-қасында жүрген, қалалық әкім­дікте лауазымды қызметкер атқар­ған Қазақстанның еңбек сіңір­ген құрылысшысы Нико­лай Тихонюк бізге берген сұхбатында: «Кезіндегі Ақмола – қазіргі елорданы басына бақ қонған, құрылыс жағынан айы оңынан туған қала дер едім. Тың игеру жылдарында да мұнда тура қазіргідей қарқынды құрылыс жүргізілгені есімде. Бес қабатты үйлерді алғаш рет сол кезде көрдік. Бірінен кейін бірі бой көтерген ғимараттарға ең жақсы, ең сапалы құрылыс материалдары пайдаланылды. 60-жылдары үздік болып саналған ірі блокты, қаңқа-панелді үйлер алғаш Ақмолада бой көтерді. Қаланың алғашқы бас жоспарын сол кезде «қаны жерге тамбай тұрған» Ленинградтың архитекторлары жасады. Ал елордаға айналғанда да осында сол кездің ең үздік құрылыс материалдары қолданылды. Есілдің қос қапталында жүргізілген құрылыс нысандарында барлығы 20 мыңға жуық адам жұмыс істеді. Тіркелген ірі құрылыс ком­па­ниялардың саны 200-ден асып жы­ғылды. Бұл – сол кездегі өте ірі көр­сеткіш. Қазақстанның қуат­ты құрылыс базасы да дәл осы к­езең­дерде қалыптасқан еді», дейді.

Бас қаланы өркендетудің екінші кезеңі, мамандардың айтуынша, 2001-2005 жылдар аралығын құраған. Бұл кезеңде ескі қаланың орнына жаңасы тұрғызылған. Қандай ғимараттың да лезде бой көтергені осы кезең­мен тұспа-тұс келеді. Ресми мәлімет бойынша, тек 1997-2007 жылдар аралығында бас шаһарда ұзын-ырғасы 25 жаңа ғимарат салынған екен.

Өркендеу өлшемдері

Елорданың негізгі құжаты – Бас жоспар. Шаһар осында көр­сетіл­ген бағытты ұстана отырып, әрі қарай дамиды. Бұл сәулет-құ­рылыс сызбасы Үкі­меттің 2011 жылдың 30 шілде­дегі қаулысымен бекітіл­ген Астана қаласын дамыту­дың 2030 жылға дейінгі бас жос­парына сәйкес жүргізіліп келеді. Бірақ қаланың даму қарқыны мен тұрғындардың санына байла­ныс­ты бас жоспарға да өзгерту­лер мен түзетулер енгізіліп отыра­ды. Айталық, елорданың қарқын­ды дамуы К.Курокава болжаған межеден асып кеткеннен кейін жоспарға бірнеше рет түзетулер енгізілген. Соның ішінде елеулі түзету бас шаһарда ЭКСПО – 2017 көрмесін өткізуге байланысты болды. Ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстанды әлемге танытатын бұл беделді шараға сәйкес Астананың бас жоспарына өзгерістер енгізу жұмыстары 2014 жылдың қаңтарынан бас­талған. Жобада ЭКСПО көр­месі қалашығын тұрғызу, Есіл ауданын бұрынғыдан да көркейту, Қабанбай батыр, Хусейн бен Талал, Орынбор және Рысқұлов көшелерін абаттандыру, көрме қалашығы маңайында саябақтар мен гүлзарлар тұрғызу, жаңа тұрғын үй кешендерін салу қарастырылды. Қазір көріп отыр­ғанымыздай, Бас жоспарда ай­шықталған ЭКСПО маңайы – қаладағы ең көрікті аудандардың бірі, тіпті басты орталыққа айналды десе де болады.

Жалпы, Бас жоспарды түзету барысында оның негізгі қағида­лары өзгермейді, дейді мамандар. Атап айтқанда, аумақтардың ық­шамдылығы, кешенділігі және өзара үйлесімділігі бұрынғы қал­пында қалады. Халықаралық көрме барысында түзетілген өз­герістерге сәйкес 2017 жылы тұрғындардың саны 900 мың адамға, ал 2030 жылы 1 млн 220 мың адамды құрай­ды деп болжанған еді. Ал тұр­ғын үй қоры – 37,2 млн шаршы метр болады деп жоспарланған. Алай­да қаланың даму бағдары бұл бол­жам шегінен де асып түсті. Сон­­дықтан елорданы дамытудың Бас жоспарына тағы да түзетулер пысықталып жатқанын шаһар әкімі Алтай Көлгінов әлеуметтік желідегі парақшасында жария­лады. «Қала тұрғындарының саны жыл сайын артып келеді, яғни жыл­да олардың саны орта есеппен 55-60 мыңға артады. Егер 2010 жы­лы 650 мыңға жуық тұрғын бол­са, 2020-2021 жылдардағы көр­сет­кіштер бо­йынша 1 млн 200 мың адамға жетті. 2010 жылы Бас жоспарды қабылдаған кезде 2030 жылы ғана осы межеге жетеміз деп болжанған. Бірақ бұл көрсеткішке біз болжанған уақыттан 10 жыл бұрын жетіп қойдық», деді А.Көл­гінов. Әкімнің айтуынша, ал­дағы уақытта тұрғындар саны 2 млн-ға жетуі мүмкін. Соған сай салынатын тұрғын үйлер, инженерлік желілер, мектептер және басқа да мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылдануы керек. Ал бұл есептеулер Бас жоспар­ға түзету­лер енгізуге әкеледі. Әзірше бұл өзгерістер пысықталу сатысында екен. Өзгерістер 2035 жылға дейінгі кезеңді қамтымақ.