Елорда • 05 Шілде, 2022

Шаңырақ шаттығын сыйлаған мекен

247 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елорда – қыз-қыз қайнаған құрылыстың ортасы. Мұндағы жұмыстың қарқыны жыл өткен сайын үдемесе, кеміген жоқ. Мәселен, 2020 жылмен салыстырғанда былтыр құрылыс жұмыстарының көлемі 4,6 пайызға ұлғайып, 622,6 млрд теңгені құрады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 3,2 млн шаршы метр тұрғын үйдің пайдалануға берілуі де осы сөзімізге анық дәлел.

Шаңырақ шаттығын сыйлаған мекен

Елорда – елдің әкімшілік, іскер­л­ік, экономикалық, мәде­ни һәм саяси орталығына ай­нал­ған шаһар. Сондықтан мұн­­дағы халықтың үлесі де көбейіп келеді. Тұрғындар саны 1997 жылмен салыстырғанда шамамен төрт есе көбейген. Астананың алғашқы Бас жоспарында 2030 жылға қарай қала халқы 1 млн 200 адамға жетеді деп межеленді. Алайда бұл көр­сеткіш діттеген уақыттан он жыл бұрын орындалып қойды. Мұны айтып отырған себебіміз, адамның көптігі құрылыс жұ­мыс­тарын жандандырды. Оның ішін­де тұрғын үй құрылысына қарқын қосты. Көрсеткіштің жыл сайын ұлғаюы – соның айғағы. Мәселен, 2020 жылмен салыстырғанда былтыр пай­да­лануға берілген шаршы метрдің көлемі – 4,3 пайызға жоғары.

Коммерциялық бағыттағы тұрғын үйлердің көбейгені мәлім. Сол секілді әлеуметтік пәтерлердің де саны артқан. Нұр-Сұлтан қаласының әкім­дігі ұсынған ресми мәліметке сүйенсек, 2018 жылы кезекте тұрғандар үшін 1,1 мың әлеу­меттік пәтер берілген. 2019 жылы бұл көрсеткіш 3 мың пәтерді құрады. 2020 жылы бірден 7 мың пәтерге көтерілді. Ал былтыр 10 мың пәтер ұсы­нылды. Биылғы жоспар да – осы межеден төмен түспеу.

– Қазіргі уақытта елордада 48 мыңға жуық адам мемлекеттен тұрғын үй алуға кезекте тұр. Тұрғын үй кезегінде тұр­ғандарды есепке алу бес санат бойынша жүргізіледі. Олар – жетім балалар, көпбалалы отбасылар, халықтың әлеуметтік осал топтары, жалғыз тұрғын үйі авариялық деп танылған адамдар, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қыз­мет­керлері және әскери қызмет­шілер. Соңғы жылдары біз қолжетімді тұрғын үй санын үш еседен астам ұлғайттық, – деді бас қаланың әкімі Алтай Көлгінов QAZAQSTAN арнасына берген сұхбатында.

Астанадағы жастардың саны 230 мыңнан асып кетті. Сондықтан олардың да баспана мәселесін реттеу маңызды. Elorda Jastary тұрғын үй бағдарламасы осын­дай мақсатпен қолға алын­ғаны да мәлім. Бағдарлама был­тыр басталған болатын. Бүгін­де оның аясында 150 несие берілген. Elorda Jastary жұ­мысшы жастарға арналған. Талап­тары да тиімді: несие сомасы 18 млн теңгеден аспайды, пайыздық мөлшерлемесі жылына 5 пайыз, бастапқы жарнаның көлемі 10 пайыздан басталады, несие 25 жылға дейінгі мерзімге беріледі.

Сонымен қатар бас қалада үш жыл бойы «Жұмыс істейтін жас­тар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы іске асырылуда. Іріктеу балдық жүйе бойынша, ал пәтерлерді бөлу өтініш берушілердің отбасы құрамы бойынша жүргізілді.

Айтпақшы, тұрғын үй құры­лысы саласында астанаға тән үлкен проблема бар. Ол – үлескерлердің мәселесі.

«Құрылысы ұзаққа созыл­ған ны­сандар кезек бойынша жан­данып жатыр. Тоқтап тұр­ған тұрғын үй кешендерін аяқтау үшін ауқымды жұмыс жүргізілуде. 150 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің 90-ы аяқталды. Қалған 60 нысанды биыл және келесі жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жуырда қаланы аралау барысында Royal Expo тұрғын үй кешенінің құрылыс барысымен таныстым. Құрылысы ұзаққа созылған бұл нысанда 300-ден астам үлескер отбасы бар. Олардың бәрі жылдар бойы бас­паналарын күтіп келеді. Бұл нысанды аяқтау үшін инвестор жұмылдырылды. Тұрғын үй кешенін биыл аяқтау жоспарланып отыр. Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмасы бо­йынша 16 мың үлескердің 13 мыңының проблемасы шешілді. Дегенмен әлі де 3 мың үлескер отбасы бар. Олардың үлестік құрылыс нысандары бойынша нақты іс-шаралар жоспары бар», деп жазды Алтай Көлгінов өзінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасына.

Ресми дерекке сүйенсек, 2019 жылы құрылысы ұзаққа созылған 13 үйдің құрылысы аяқталып, 2,5 мың отбасы жаңа пәтерге кір­­ген. 2020 жылы үлестік құрылыс­пен салынған 20 үйдің мәселесі шешілді. Сөйтіп, 2 723 үлес­кер қоныс тойын тойлауға мүм­кін­дік алды. Былтыр «сақалды құрылыстардың» қатарындағы 57 үйдің құрылысы аяқталды. Нәтижесінде, шамамен 7,3 мың үлескердің мәселесі реттелді. Соңғы үш жылда басы даудан арылмаған 90 үйдің құрылысы сәтімен аяқталса, биыл 3,5 мың үлескердің мәселесін шешу жос­парланып отыр. Бұл дегеніміз – 40 үй. Келер жылы 20 үйдің мәсе­лесін реттеу көзделіп отыр.