Білім • 06 Шілде, 2022

Педагогикалық ғылымдарға 11 мыңға жуық грант бөлінді

1052 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2022-2023 оқу жылына арналған білім беру гранттарын бөлу тізімі жарияланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Педагогикалық ғылымдарға 11 мыңға жуық грант бөлінді

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, гранттардың басым бөлігі инженерлік, өңдеу, құрылыс салаларына бөлінген, олардың саны 17 794-ті құрайды.

«Ал педагогикалық ғылымдарға – 10 810 грант, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласына – 9 103 грант, жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика бағытына 6 288 грант тиесілі. Сондай-ақ, техникалық бағыттарға ерекше назар аударылып, мемлекеттік тапсырыстың үлесі 60%-ға дейін ұлғайды. Бакалавриатқа 2022-2023 оқу жылында 73 мыңға жуық грант бөлінді», деп жазылған ведомство ақпаратында.

Айта кетсек, халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалар үшін квоталар саны едәуір артқан. Көп балалы немесе толық емес отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардағы талапкерлер грант алу үшін көбірек мүмкіндіктерге ие болады.

«Биыл алғаш рет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша білім беру грантының жаңа түрі анықталды: «Халықтың тығыз орналасқан және батыс өңірлерінің жастарының жетекші жоғары оқуорындарында оқуға арналған мақсатты білім беру гранты» - Атырау және Маңғыстау облыстарының 10 мың талапкеріне жоғары оқу орындарында білім алу үшін мақсатты гранттар алуға мүмкіндік береді. Мақсатты «Атырау-Маңғыстау» грантына конкурсқа ағымдағы жылдың мектеп түлектері қатыса алады. Бұл ретте олар бір уақытта жалпы конкурсқа, оның ішінде «Серпін» байқауына қатыса алмайды», делінген министрлік хабарламасында.

Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаевтың мәліметінше, білім гранттары, оның ішінде «Атырау-Маңғыстау» мақсатты грант санының артуына байланысты бүгін тізім жарияланған.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық гранттың 60% техникалық мамандықтарға бөлінді. Талапкерлер берілген ақпарат негізінде дұрыс таңдау жасайды деп сенемін», деді ол.

Магистратураға түсуге 13 мыңнан астам, докторантураға түсуге 1800-ден астам грант бөлінген.

2022-2023 оқу жылына арналған білім беру гранттарын бөлудің толық тізімі Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жарияланған.