Оқиға • 07 Шілде, 2022

Теңіз кенішіндегі жарылыстан зардап шеккен жұмысшының жағдайы ауыр

252 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Теңіз кенішінде болған жарылыстан екі жұмысшы қайтыс болып, үш адам жарақат алған еді. Қазір бір жұмысшы аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Оның жағдайы ауыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Теңіз кенішіндегі жарылыстан зардап шеккен жұмысшының жағдайы ауыр

«Кен орнындағы жарылыстан екі адам қаза тапты. Бірі оқиға орнында, екіншісі «Теңізшевройл» ЖШС-нің медициналық клиникасында көз жұмды. Жарақат алғандардың бірі – 1996 жылғы жігіт екі сағаттың ішінде жедел облыстық ауруханаға жеткізілді. Оның ішкі ағзасы зақымданған. Дәрігерлер науқастың бауыры мен бүйрегіне тігу арқылы қалпына келтіру отасын жүргізді. Сондай-ақ науқастың өт жолы үзілгені белгілі болды. Омыртқасы мен бірнеше қабырғасы сынған. Қазір науқастың жағдайы ауыр. Дәрігерлер науқастың жағдайын үнемі бақылауда ұстап отыр», деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев.

Оның айтуына қарағанда, жарақат алғанның екіншісі – 1998 жылғы жұмысшы. Оған алғашқы психологиялық көмек көрсетілген. Қазір зардап шеккен жұмысшы есін жиып, өз-өзіне келе бастаған. Ал, зардап шеккен үшінші жұмысшы Жылыой аудандық орталық ауруханасына жеткізілген. Ол өзінің қолхатымен үйіне жіберілген.

«Зардап шеккен жұмысшы компьютерлік томографияға, рентгенге түсірілді. Оның аздаған жарақаты болған. Қазір жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып отыр», деп мәлім етті Асхан Байдуәлиев.

Еске сала кетейік, 6 шілдеде жергілікті уақытпен сағат 09:55 шамасында теңіз кен орнында жарылыс болды. Кен орнындағы атмосфералық газы бар құбырда гидротест жүргізіліп, қысымға төтеп бере алмаған құбыр жарылып кеткен.

Жарылыстың салдарынан екі жұмысшы көз жұмды. Ал, үш адам әртүрлі дене жарақатын алды. Олардың екеуі ауруханаға жеткізілген болатын.