Сұхбат • 07 Шілде, 2022

Құрбан айт – қуанышқа бөлейтін мейрам

516 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Исі мұсылманның ұлық мейрамы – Құрбан айтты халқымыз «мейірім мерекесі» деп те атайды. Құрбан айт мерекесінің бірінші күні биыл 9 шілдеге сәйкес келіп тұр. Жүректерге нұр, қарым-қатынастарға мейі­рім мен махаббат сыйлай­тын айт күні қарсаңында Қазақ­стан мұсылмандары діни бас­қар­ма­сының төрағасы, Бас мүфти­ Нау­рызбай қажы ТАҒАН­ҰЛЫНА бірер сауал қойған едік.

Құрбан айт – қуанышқа бөлейтін мейрам

– Алла қаласа, алдымызда Ара­па күні, одан кейін қасиетті Құрбан айт келе жатыр. Осыған орай сұх­батымызды Арапа мен Құрбан айттың дініміздегі орнынан бастасақ.

– Келе жатқан Құрбан айт мере­кесі құтты болсын! Арапа күні – Алла Тағала ардақтаған әрі жасала­тын құлшылықтарды артық еткен күн­дердің бірі. Ардақты Пайғамбары­мыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қажылық дегеніміз – Арапа. Кімде-кім Арапаға үлгерсе, қа­жы­лыққа үлгерген болады», деген. Яғни қажылықтың негізгі шарты – Арапа күнгі Арафа жазығындағы дұға. Қажылықтың үш шарты болса, со­ның бірі – Арафада тұру. Арапа күні қа­жы­лыққа бармаған кісі ораза ұстап, нәпіл намаздар оқып, Алладан дұға тілесе сауабы өте көп болады. Әсіресе Арапа күні ораза ұстау мұстахаб амалы, сүннет болып саналады. Алайда бұл – ерікті амал. Ұстасаңыз сауабы мол, ұстамасаңыз күнә болып есептелмейді.

Һижри жыл санауы бойынша 1443 жылдың зұлхижжа айының басталуы 30 маусым болып бекітілді. Ал Арапа күні 8 шілдеге сәйкес келеді. 9 шілде – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні. Зұлхижжа айының алғашқы он күнінде барынша ықыласпен ғибадат етіп, көбірек ізгі істер мен жақсы амалдар жасауға тырысу керек. Өйткені хадистерде сол уақытта орындалған игі істердің сауабы еселеніп жазылатыны айтылған. Жоғарыда айтқанымыздай, Арапа күні ораза тұту – сүннет. Ардақ­ты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Арапа күні ораза ұстау арқылы Алладан өткен және келесі жылдың күнәсін кешіруді үміт етемін», – деген. Демек кімде-кім шамасы келіп Арапа күнінде ораза ұстаса, өткен және келер жылдағы кіші күнәлары кешіріледі.

Ал Құрбан айт күні айт намазынан кейін үш күн ішінде жағдайы келген мұсылманға құрбандық шалу – міндет. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбандық шал» («Кәусар» сүресі, 2-аят) деп бұйырған. Бағзы заманнан бері Ислам дінін ұстанып келе жатқан халқымыз Құрбан айтты ерекше дайындықпен қарсы алған. Ұлық мейрамда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, көңілі жабырқаған жанға қуаныш сыйлау, мұқтаж адамға құрбандық етін таратып, сауап алу сынды ізгі амалдар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.

Естеріңізде болса, пандемия кезінде біз құрбан шалудың онлайн жүйесін іске қосқан болатынбыз. Биыл «Құрбан-2022» қайырымдылық акциясы аясында халыққа оңтайлы болу үшін құрбан шалу офлайн және онлайн форматта жүзеге асады. Барша азаматты осы акцияға үлес қосуға шақырамын. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы кейбір азаматтарымызға оңтайлы болу үшін биыл да құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған qurban2022.kz сайтын іске қосты. Сондықтан онлайн түрде құрбан шалам деушілер болса, осы сайт арқылы құрбандық малын таңдап, Құдай жолында құрбан шалуына болады.

– Құрбан айттың рухани мән-мағынасы қандай? Не үшін мұсылмандар айтты асыға күтеді?

– Құрбан айт шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті көр­сететін мейрам. Ұлық мерекенің тәр­бие­лік мәні мен мағынасы осында жатыр. Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)»(«Хаж» сүресі, 37-аят) делінген. Аятта айтылғандай, Құдай жолында жақсылық жасауға ниет еткен пенде бұл амалды риясыз оймен орындайды.

Адам баласы құрбандық шалу арқылы Алланың берген ризық-несібесіне шүкір етеді. Құдайдың нәсіп еткен мал-дүниесінің бір бөлігін көмекке мұқтаж жандарға үлестіріп, олардың да ақысын беріп, қуанышқа бөлейді. Өйткені Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Парыз амалдан кейінгі Аллаға ұнамды іс – мұсылманның жүрегіне қуаныш сыйлау» деген. Халқымыз «Бота алғанша бата ал» дейді. Үлкеннің, жалпы көмекке мұқтаж жандардың алғысын алып, батасына бөлену – айт кезінде орындалатын сауапты істің бірі. Мұсылман баласының ұлық күнде шынайы ниетпен құрбан шалып, құрбандық етін мүгедектер мен жетімдерге, көпбалалы отбасылар мен қарттарға таратып, олардың алғысын алуға тырысатыны сондықтан.

– Пандемия салдарынан екі жылдан бері қажылыққа рұқсат етілмегенін білеміз. Биылғы қажылықтың белгілі бір талаптары, ерекшеліктері бар ма?

– Рас, екі жыл бойы көптеген әлем елдерінің мұсылмандары жұқпалы індеттің кесірінен бес парыздың бірі қажылық рәсімдерін орындай алмады. Былтыр Сауд Арабиясы Король­дігі сырт елдерден қажылар қабыл­даған жоқ. Ел ішіндегі санаулы ел тұрғын­дарымен ғана қажылық маусымын өткізді. Аллаға шүкір, биыл қажылыққа рұқсат берілді. Екі жылға созылған үзілістен кейін әлем мұсылмандары зор құлшыныспен, үлкен ыждағатпен үлкен қажылық жасауда. Биыл Сауд Арабиясы үлкен қажылыққа тек 1 миллион адамның ғана қатысуына рұқсат берді. Оның 85 пайызы әлем елдерінің мұсылмандары болса, қалған 15 пайызы – сол жердің жергілікті тұрғындары.

Биыл біздің елімізден 4 мың қажы ұлы сапарға аттанды. Әрине, пандемиядан кейін алғаш рет өткізіліп отырғаннан кейін Сауд Арабиясы арнайы талаптар қойды. Атап айтар болсақ, 65 жастан асқан үлкен кісілердің қажылыққа баруына рұқсат берілмеді. Сол секілді COVID-ке қарсы екпенің екі дозасын, сондай-ақ ревакцинация алу, 72 сағат бұрын алынған ПТР тестінің нәтижесі болуы талап етілді. Елімізден барған 4 мың қажы осы талаптарды орындаған соң Сауд Арабиясына кіруге мүмкіндік алды. Бүгінде олар қасиетті мекенде тиісті құлшылығын атқарып жатыр. Алла қажыларымыздың ізгі ниетін, қажылығын қабыл етіп, елімізге аман-есен оралуын нәсіп еткей!

– Білуімізше қазіргі уақытта елі­мізден барған 4 мың қажы 14 қажы­лық компаниясының қызметіне жүгі­ніп отыр. Одан бөлек Меккеде осы ком­пания­лардың жалпы қажылық жұмы­сын жүйелеуге арналған Қазақ­стан қажылық миссиясы жұмыс істеп жатыр. Бұл компаниялар қа­лай таң­далды? Миссияның міндеті қандай?

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қажылық науқаны қарсаңында жыл сайын қажылық және ұмра саласында қызмет көрсететін тәжірибелі турфирмалар арасында арнайы конкурс жариялайды. Мұндағы мақсат – адал бәсекелестікке қол жеткізу және қажыларымызға қолайлы жағдай жасау. Қажылық орындарын бөлуде әділдік қағидатын қамтамасыз ету мақсатында арнайы комиссия құрылды. Комиссия туроператорлардан келген өтініштер мен талап етілген құжаттарды ортаға са­лып, мұқият қарайды. Биыл 20 қа­жы­лық компаниясы конкурсқа қаты­сып, оның 14-і 2022 жылғы қажы­лық­ты ұйымдастыруға қабілетті деп танылды.

Бірнеше жылдан бері баратын отандық қажыларымызға рухани жол көрсету, қажылық қызметін ұйымдастырып-үйлестіру мақсатында Қажылық миссиясы қызмет атқарып келеді. Мұндағы мақсат – отандық қажыларға қолайлы жағдай жасап, оларға сапалы уағыз-насихат жұмыстарын жүргізу. Биылғы миссия құрамына елімізге танымал ұстаздар мен ғалымдар, имамдар мен білікті мамандар енді. Діни басқарма жанындағы уағыз-насихат бөлімі қажылық сапары кезінде уағыз айту жұмыстарын үйлестіреді. Ал Шариғат және пәтуа бөлімінің мамандары қажылық сапарына қатысты сұрақтардың жауабын беріп, өзекті діни мәселелерге қатысты пәтуа шығарып, қажыларымызды құлағдар етеді. Сонымен қатар Қажы­лық миссиясымен барған дәрігер­леріміз де отандастарымызға медици­налық қызмет көрсетіп, дер кезінде ем-дом жасау іс-шараларын жүзеге асырады. Ал ақпарат саласының маман­дары қажылықтан тікелей репортаждар жасап, жаңалықтарды дер кезінде жет­кізіп жатыр. Нақтырақ айтқанда, биыл қажылық миссиясы 5 бағыт бойын­ша жұмыс істеуде. Олар – ұйымдас­тыру, уағыз-насихат, алғашқы дәрігерлік көмек, ақпарат және Сall center орталығы.

Биыл Діни басқарма 14 қажылық компаниясына арнайы уағызшы имамдар бөлді. Қажыларға уағыз айтып, қызмет көрсетудің өзі – үлкен сауап. Сондықтан осындай ұлық істі атқару үшін еліміздегі көптеген дін қызметкері арасынан 14 уағызшы имам таңдап алынды. Қажыларымыздың рухани қанаттанып, қасиетті мекеннен ерекше әсермен оралуына уағызшы имамдардың айтар насихатының ықпалы мол болады деп білеміз.

– Дінімізде әр құлшылықтың өз деңгейі, соған сай сауабы бар. Қажылық қандай құлшылық?

– Қажылық – бүкіл болмысыңмен, шынайы ниет-ықыласыңмен, мал-дүниеңмен, денсаулығыңмен жасайтын ұлы құлшылық. Ислам дініндегі көптеген құлшылық түрі жамағатпен бірге орындалады. Мұсылмандар күніне бес уақыт намазды бір жерде, яғни мешітте оқуға тырысады. Алла­ның үйінде күніне бес рет бір-бірі­не жолыққан жамағаттың бауырмал­дық қасиеті беки түседі. Одан бөлек көпшілікпен оқылатын жұма, Ораза айт, Құрбан айт, тарауық намаз­дары мұсылман үмбетін мешітке топтас­ты­рады. Алла Тағала бұдан бөлек дүниенің төрт бұрышындағы мұсылман­дарды қасиетті Қағбаға бірнеше күнге жинап, бір-бірімен бауырластырады. Өйткені бұл – Алланың хикметі. Алла Тағала барша мұсылман үмбетіне қабыл болған қажылықты нәсіп етіп, отан­дас­тарымыздың елімізге аман-есен оралып, отбасымен қауышуын жазғай. Әмин!

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Бану ӘДІЛЖАН,

«Egemen Qazaqstan»