Аймақтар • 08 Шілде, 2022

Тәттіге талас күшейді

210 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Таяуда әлеуметтік желілерде халықтың қантқа таласып жат­қан видеосы тараған еді. Бұл – Семейдегі сауда орталық­тары­ның бірінде орын алған жағдай. Қазір жергілікті дүкендерден аталған азық-түлік өнімін арзан бағаға табу қиын.

Тәттіге талас күшейді

Шілденің шіліңгір күндері бақшасы бар азаматтардың жеміс-жидек өсіріп, тосап қайнататын уақыты саналады. Бұл мезгілде қанттың құны әдеттегіден екі есеге қымбаттайтынына халықтың еті үйренген. Әлбетте, бұған еріксіз көнетін әлеумет бар ақшасын жұмсап, маңызды тауарды әупірімдеп жүріп сатып алатын. Алайда биылғы жазда әдеттегі қымбатшылық жайына қалып, аталған өнімнің бағасы екі-үш есеге аспандап кетті. Содан болса керек, көпшіліктің уақыты шекерді арзанға сататын жерлерді аңдумен өтеді.

Айталық, жуырда Семейдегі супер­маркеттердің бірінде қантқа кезекке тұрғандардың қатары көбейіп, ұзын-сонар кептелістің аяғы таласқа ұласқан. Мұны әлеуметтік мессенд­жерлерде тараған видеодан да бай­қауға болады. Келеңсіз жағдайдың орын алуына қанттың килосының 495 теңгеден сатылуы себеп. Ал жергілікті дүкендерде оның бағасы мың теңгеден бастап 1300 теңгеге дейін барып жатыр.

Видеода байқалғандай, бір адам­ға тек үш кило қанттан ғана бері­ліпті. Сол себепті аталған сауда орны­на тұрғындар тұтастай отбасы мүше­лерімен барған.

Қалалық әкімдік болған жайттан хабардар. Әкімдіктің ақпаратына сенсек, қантты жеткізудегі іркілістер өндіруші зауыттардағы логистикалық проблемалармен байланысты.

«Зауыттардың басшыларымен қант­­ты қаланың көтерме сауда өкіл­деріне дереу жеткізіп беру бойын­ша жұмыс жүргізілді. Қантқа қатыс­ты жағдайды тұрақтандыру үшін ке­лесідей шаралар қабылданады. 5 шілдеде «Ермакова» ЖК көтерме фирмасына (қант орталығы) қант тиел­ген вагон келіп, қажетті өнім қаладағы сауда кәсіпорындарына жеткізіле­ді. 20 шілдеге дейін тағы 3 вагон келе­ді деп күтіліп отыр. Семей қаласын қант­пен қамтамасыз ету үшін өңірлік тұрақ­тандыру қорынан қосымша қант жеткізу туралы сұраныс жасалды», делінген әкімдік таратқан ақпаратта.

Жуырда Үкіметтің цифрлы кеңсе­сінде өткен жиында Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазақбаев республика көлемінде қанттың жалпы қоры маусымдағы ішкі тұтыну көрсеткішін (59 мың тонна) есепке алғанда, 101,4 мың тоннаны құрайтынын айтқан болатын. Демек министрліктің мәліметіне сәйкес нарық 171,4%-ға қамтылған.

Премьер-Министр Әлихан Смайылов «үйдің жанындағы» дүкен­дердегі бақылау жұмыстарын күшейту қажеттігін айтып, елімізді қантпен қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берген еді.

«Ауыл шаруашылығы министр­лігінің деректері бойынша, қант қоры 100 мың тоннадан асады. Ал бір айлық тұтыну көлемі – 59 мың тонна. Бұл жеткілікті көлем. Десе де «үйдің жанында» орналасқан жеке­леген дүкендерде қант 700-800 теңгеден сатылады. Бұл қолдан жа­сал­ған сұранысты пайдаланып, экстра-маржаны табуды көздеген жеке тұлғалардың заңсыз қызметінің нәтижесінде орын алады. Тұтастай, қанттың орташа бағасы шамамен 480-490 теңге болуға тиіс», деген болатын Ә.Смайылов.

Бәрін айт та, бірін айт. Жекелеген дүкендерді қайдам, мысалы Семей­дегі көтерме және бөлшек сауда орын­дарының өзінде қант бағасы 700-800 теңгенің аралығында сатылып жатыр.

 

СЕМЕЙ