Оқиға • 08 Шілде, 2022

Елордада қылмыстық топ мүшелері ұсталды

180 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордалық полиция қызметкерлері арнайы операция жүргізу барысында және ұзақ уақыт бойы жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде елорда аумағына аса ірі көлемде есірткі заттарын жеткізіп, сатумен айналысқан қылмыстық топ мүшелерін ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада қылмыстық топ мүшелері ұсталды

Полиция қызметкерлерінің үйлестірілген іс-қимылдарының арқасында елордаға кіре берісте, Қарағанды – Нұр-Сұлтан тас жолында 36 жастағы жүргізушінің басқаруымен Toyota Еstima маркалы автокөлік ұсталды. Оның салонынан салмағы 16 келіден асатын «гашиш» тәркіленді.

«Көліктің ішінде қылмыстық топтың 23 жастағы ұйымдастырушысы мен 20 жастағы сыбайласы болған. Күдіктілер бұл затты Шу қаласынан әкеліп, елордада сатпақ болған. Есірткі құралдарының бағасы «қара нарықта» 16 миллион теңге болар еді. Сондай-ақ арнайы операция барысында полиция қызметкерлері тас жолда 27 жастағы жүргізушінің басқаруымен Toyota Camry 50 маркалы автокөлікті тоқтатып, одан да жеке тінту барысында «гашиш» тәркіледі. Жүргізілген операцияның нәтижесінде заңсыз айналымнан 16 келіден астам «гашиш» есірткі заты шығарылды», деді Нұр-Сұлтан қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ерлан Акбаров.

Аталған факті бойынша ҚК 297-бабы 2-бөлігімен «Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу» сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Ұсталғандар қамауда, тергеу жүргізілуде. Ерлан Акбаровтың айтуынша, елордаға есірткі құралдарын әкелуге жасалған барлық әрекеттердің жолы қатаң түрде кесілетін болады.