Елорда • 08 Шілде, 2022

Елордадағы Тұран даңғылы кеңейеді

363 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кептелістен көз ашпайтын елордадағы Тұран даңғылына келесі жылы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көше кеңейе түседі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордадағы Тұран даңғылы кеңейеді

Бұған дейін шаһардағы Түркістан және Мәңгілік ел көшелеріндегі жолды екіге бөліп тұрған құрылыстар толығымен сүріліп, көліктердің еркін қатынауына жол ашылған болатын. Ендігі кезекте дәл осындай жұмыс Тұран даңғылында да іске асырылмақ.

«Тұран даңғылына қатысты да осындай жоспарымыз бар. Қазір жобалап жатырмыз. Оның бәріне демонтаж жасап, көшені кеңейтеміз. Сонда екі жақтан да солға бұрылу жеңіл болады. Ол жоспарымызда бар. Бұл жұмыс келесі жылы іске асырылады. Биыл үлгере алмаймыз», деді қала басшысы.

Бұдан бөлек, Алтай Көлгінов Нұр-Сұлтанда 146 проблемалы учаскеде су басу мәселесі шешілгенін атап өтті. Оның ішінде жаңбыр жауған кезде қаланың ең проблемалы аумағы саналатын Б.Момышұлы даңғылындағы мәселе толығымен шешілген екен.

«Қала бойынша 130 шақырымнан астам нөсер кәрізі мен арық-науа жүйесі салынды, 1 мыңға жуық бақылау және жаңбыр қабылдағыш құдық, сондай-ақ 20 км коллектор тазартылды, 6,5 мың құбыр буландырылып, 350 тоннаға жуық тұнба қалдық шығарылды. Бұдан басқа, Жастар шағын ауданында (Тәшенов пен Амман көшелерінің қиылысы) жеткізуші коллекторларды қайта жаңғырту арқылы тазарту құрылысы салынды. Ол Тәшенов, Бараев, Уәлиханов, Пушкин, Иманбаев көшелерінің, Республика, Тәуелсіздік даңғылдарының жоғарғы бөлігінде су басу мәселесін шешуге мүмкіндік берді», деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.