21 Мамыр, 2010

ГРЕКИЯ ЕУРОПАНЫҢ БАС АУРУЫНА АЙНАЛДЫ

599 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Ресми түрде 2008 жылдың қоңыр күзінде басталды деп есептелетін дүниежүзілік қаржы-экономикалық дағдарыс оңайлықпен беті қайта қоятын үрдіс емес екенін дәлелдеп бағуда. Одан, әсіресе, Америка Құрама Штаттары бастаған Батыс пен Еуропадағы дамыған мемлекеттер қатты зардап шекті, бірқатары әлі де шегіп жатыр. Мәселен, Исландияны соңғы сәттерде банкроттықтан дамыған туризм саласы ғана аман сақтап қала алса, Грекиядағы жағдай еуро аймағына кіретін Еуроодақ елдерін түгел алаңдатып отыр. Өткен жылдың аяққы тұсында бұқаралық ақпарат құралдарында Грекияның дефолтқа ұшырау ық­тималдығы зор екендігі туралы әң­гіме айтыла бастады. Өйткені, елдің сыртқы қарызы 300 млрд. еуроны құрап, ішкі жалпы өнімнің шама­мен 130 пайызына жуықтаса, бюд­жет тапшылығы ІЖӨ-нің 14,4 пайы­зына жетіп, еуроаймақ елдері арасындағы ең көлемдісі болды. Мұндай қарыз рекорды Еуропада Екінші дүниежүзілік соғыс аяқтал­ған 1940-шы жылдардың соңынан бері орын алып көрмепті. Бұл – қазіргі кезде Грекияның әрбір тұр­ғыны орташа есеппен 24 мың еуро қарыз деген сөз. Бюджет тапшы­лығын қалайда жеңілдету үшін Грекия үкіметі зейнетақы төлеуді шегере тұруды және еңбекақыны қысқартуды қарастыратын жоспар қабылдады және оны біртіндеп жүзеге асыра бастады. Бұл өз кезе­гінде ел ішінде жаппай наразы­лық­тар туғызып, мыңдаған халықты қарсылық акцияларына шығуға итермеледі. 2010 жылдың ақпан айында Еуро­одақ Грекияға көмек қолын созатынын мәлімдеді. Бірақ осыған байланысты ұйымдастырылған кез­десулерде көп уақытқа дейін белгілі бір деңгейде шешім қабылдау қи­ынға соқты. Өйткені, дағдарыстан өздері де айтарлықтай зардап шегіп, еңсесін енді тіктей бастаған елдерде басы артық ақша жоқ екені  түсінікті болатын. Бұл арада эко­номикасы біршама мығым Гер­ма­нияға әжептәуір салмақ түсетіні де белгілі еді. Сондықтан неміс жағы көп ойланып, толғанды. Халық­ара­лық валюта қорының жәрдемдесу туралы уәдесін алғаннан кейін Еуро­одақ елдері, оның ішінде Гер­мания Грекияға көмектесу туралы белгілі бір деңгейде батыл шешім қабылдады. Сәуір айында Еуроодақ пен Ха­лықаралық валюта қоры Грекияға 45 млрд. еуро бөлетіні белгілі болды. Кейінірек бұл сан 110 млрд. еуроға дейін көбейтілді. Оның есе­сіне Грекияға өз бюджетін 3 жылда жалпы сомасы 30 млрд. еуроға қысқарту міндеті жүктелді. Сөз ре­тіне орай, Халықаралық валюта қоры 12 мамырда бөлінетін несие­нің алғашқы 5,5 млрд. еуросын аударғанын айта кетейік. Несиенің жылдық өсімі келісім бойынша – 5 пайыз. Афинада мұндай өсімге ке­лісуден басқа амал қалмағаны тү­сінікті. Ал 19 мамырда Еуропаның Орталық банкі 14 млрд. еуро ау­дарды. Бұл қаржылар Грекияны де­фолттан құтқарады деген болжам­дар жасалуда. Бірақ аталған қадамдар Гре­кия­ны экономикалық тұңғиықтан то­лық алып шығады деуге болмайды. Бөліне бастаған қаржылардың қарыз түрінде берілетінін, қайтару керек болатынын ескеріп, оларды жоспарлы және тиімді пайдалануға күш салу қажет. Қазақ қарыз күліп барып, күңіреніп қайтады деп тектен тек айтпаса керек. Енді “Біріккен Еуропа” Гре­киядағы қаржы-экономикалық жағ­дайға неліктен соншалықты алаң­даушылық танытты деген сауал­ға келейік. Бұл жерде мәселе Еуроодақ елдерінің ортақ валютасы – еуроның позициясына үлкен қатер төнгенінде жатыр деуіміз ке­рек. Себебі, соңғы кездері бир­жа­дағы жағдай еуро бағамының дол­лар­ға қатысты сезінерліктей дең­гейде құлдырағанын көрсетті. Сөй­тіп, ештеңеге қарамастан, еуроны шұғыл құтқару қадамдарына бару қажет болды. Жалпы, Еуропа осыдан тура 10 жыл бұрын сәйкес келісімге қол қою арқылы ортақ валюта енгізу туралы шешім қабылдағаны белгілі. Түрлі пікірлерге қарамастан, ал­ғашқы 10 жылда еуро өзінің өмір­шеңдігін көрсетті. Осы уақыт ара­лы­ғында жаңа валюта құны дол­лар­ға қатысты 2 есе дерлік өсті. По­зи­циясын күрт жоғалта бастаған дол­ларды көрген көптеген халық­аралық сауда-саттыққа қатысушы­лар негізгі есеп айырысу валютасын еуроға ауыстыру жайын ойластыр­ғаны да күні кеше еді... Бүгінде еуроны долларға қатысты қайта ны­ғайту Еуроодақ елдері үшін кезекті сынаққа айналып отыр. Бұған алғашқы қадам ретінде таяуда Еуроодақ тұрақтандыру қо­рын құруға шешім қабылдады. Халықаралық валюта қорының қаржысын қоса алғанда қордағы ақша 720 млрд. еуроны құрамақ. Бұл сома, тұтастай алғанда, Еуро­одақ үкіметі – Еурокомиссия кре­дит түрінде жинайтын 60 млрд. еуро мен Еуроодақ мемлекеттері кепілдендіретін 440 млрд. еуродан және Халықаралық ва­лю­та қоры салатын 220 млрд. еуродан жи­нақ­талатын болады. Бұл қаржы еуроны тұрақтандырумен қа­тар, бірінші ке­зек­те Одаққа мүше елдерді дағдарыстан шығару үшін де жұм­салады деп кү­тілу­де. Еуроодақ елдерінің ұлттық қаржы жүйелерін тұрақтандыру үшін құрылған аталған қор дүние жүзі тарихындағы аса ірі қаржы те­тігі болып табылады. Ал қор қар­жы­сы елдерге нақты іс-қимыл бағ­дарламасы шеңберінде кредит негізінде беріледі. Әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс Исландия мен Грекияға ғана ауыр тиіп отырған жоқ. Мә­селен, қазіргі кезде Португалиядағы жағдай күрделене түсуде. Испания мен бұрынғы социалистік лагерь құрамында болған Румыния, Бол­гария, Венгрия, т.б. елдердегі ахуал да мәз емес. Дағдарыс әлеуметтік-экономи­калық жағдайы онсыз да қалт-құлт етіп тұрған Қырғызстанды қан­тө­гіске ұрындырып, оның ақыры төң­керіске алып келді. Сөйтіп, би­ліктегі президент тағынан тайды­рылып, ешқандай заңдық негізі жоқ уақытша үкімет ел басқаруды қолына алды. Енді ағайын елде ты­ныштық орнап, билікке заңды түр­де сайланған басшылық келмесе, мұндағы жағдай оңала қоймайтыны басы ашық жәйт. Өкінішке қарай, қырғыздар екіге жарылып, қыр­қы­суларын доғарар емес. Күні кеше бұрынғы президент Қ.Бакиевті жақ­таушылар Жалалабад универ­си­те­ті маңында тағы да тәртіп­сіз­дік­терге барды. Уақытша үкімет бас­шы­сы Р.Отунбаеваның сөзіне қа­рағанда, аталған қалада ахуал ушы­ғып тұрғанға ұқсайды. Мұндай жағ­дайда, елге сырттан жеткілікті дең­гейде көмек келеді деп үміттенудің өзі күпірлік. Ал Қазақстан жаһандық қаржы-экономикалық дағдарысты қатты қиналмай еңсеріп келеді. Бұған бірінші кезекте Елбасының Ұлттық қор құру туралы дер кезіндегі бас­тамасы жәрдемдесті деуіміз керек. Сондай-ақ, сауатты жүргізілген әлеуметтік-экономикалық саясат өз септігін тигізгені күмәнсіз. Осын­дай оң үдерістердің нәтижесінде еліміздегі биылғы жылдың алғашқы тоқсанындағы экономикалық өсім шамамен 7,6 пайызды құрады. Әлем елдерінің басым бөлігі аз ғана өсімді армандап отырғанда, мұны үлкен табыс десек, артық айтпа­ғанымыз.