Аймақтар • 10 Шілде, 2022

Каспийдегі Қашаған кен орнынан мұнай өндіру қайта жалғасады

625 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы «Қашаған» кен орнынан мұнай өндіру қайта жалғасады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Каспийдегі Қашаған кен орнынан мұнай өндіру қайта жалғасады

NCOC компаниясы баспасөз қызметінің мәліметінше, «Қашаған» кен орнындағы теңіз және құрлық нысандарында жоспарлы алдын алу мақсатындағы жөндеу жұмыстары ойдағыдай аяқталған. Өндірістік операцияларды толықтай тоқтату кезінде NCOC қажетті техникалық күтім жасау мен тексеру жұмыстарын жүргізді. Өндірістік операциялардың қауіпсіздігі мен сенімділігін қамтамасыз ету бағытындағы бірқатар жобаны іске асырды.

«NCOC үшін жоспарлы алдын алу мақсатындағы жөндеу жұмыстары – нысанның бүтіндігін қамтамасыз ету, сенімділігін мен өндіріс көлемін арттыру бағытындағы айтулы кезең. Кең ауқымды жұмыстарды қауіпсіз әрі уақтылы орындауға 10 мыңнан астам адам жұмылдырылды. Оны қазақстандық мамандар атқарды. Жөндеу жұмыстарын атқаруға атсалысқан тараптарға – мердігерлеріміз, акционерлеріміз бен мемлекеттік органдарға осы маңызды жобаны уақтылы және ойдағыдай аяқтау мақсатында көрсеткен қолдаулары мен қосқан үлестері үшін алғыс білдіргім келеді», дейді NCOC компаниясының басқарушы директоры Оливье Лазар.

Оның айтуынша, жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін NCOC ұңғымаларды қайта ашып, өндірістік жүйелерді қалыпты жұмыс режиміне ауыстырды. Теңіз және құрлық нысандарын біртіндеп қайта іске қоса бастады.

NCOC қауіпсіздік пен өндірістің тұрақтылығына басты назар аударып, өндіріс көлемін арттыруды бұдан әрі жалғастыра бермек.

«Қашаған» – Каспий теңізінің қазақстандық секторында мұнай өндірілетін алғашқы ең ірі кен орны. 2000 жылы ашылған. Мұнда өндірілетін мұнай қоры – болжам бойынша 9-13 млрд баррель. «Қашағанда» коммерциялық мұнай өндіру 2016 жылғы күзде басталған.