Әлем • 11 Шілде, 2022

Нөкісте медициналық орталық ашылады

420 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев «2022-2024 жылдары Қарақалпақстан Респуб­ликасында халық денсаулығын қорғауды одан әрі күшейту туралы» қаулыға қол қойды.

Нөкісте медициналық орталық ашылады

Шавкат Мирзиёев аймақта созылмалы аурулары және мүгедектігі бар 120 балаға арналған балалар медициналық оңалту орталығын, 80 орындық балалар фтизиатрия­лық санаторий, Нөкіс қаласы медицина бірлестігі құрамындағы 20 орындық хирургиялық бөлімше­сін, 20 орындық ауыр науқастарға паллиативтік көмек көрсету бөлімін (хоспис), шалғайдағы ауылдарда 34 қосымша медициналық пункттер құруды тапсырды.

Сонымен қатар 2022 жылдың соңына дейін жергілікті жедел жәр­дем қызметін 63 арнайы көлік­­пен қамтамасыз етілуі керек. 1 қыр­күйектен бастап орталық көп­са­ла­лы және отбасылық емхана­лар­­дың филиалдары негізінде 16 отба­сылық дәрігерлік пункт жұмыс істей бастайды. Қарақалпақстанда бала­лар арасында кең тараған ауру­ларды ерте анықтау мақсатында 2-10 жас аралығындағы балалар арасында гельминтоз, 12-15 жас ара­лығындағы қыздар арасында анемия бойынша скринингтік бағдарлама жүзеге асырылады.

Биылғы 1 шілдеден бастап лепрозорияларда жұмыс істейтін бар­­лық қызметкер лауазымдық жа­лақысына 50 пайыз үстемеақы алады. Аталған қаулыда кадрларды даярлау шаралары да нақтылан­ған. Оған сәйкес кемінде 3 жыл жұмыс өтілі бар отбасылық дәрігерлер жер­гілікті бюджет қаражаты есебі­нен қайта даярлау курстарынан өтеді. Медициналық жоғары оқу орындарының түлектері және меди­циналық мекемелердің мамандары Жедел медициналық көмекті дамыту қоры есебінен жедел жәрдем және жедел медициналық қызмет­те жұмыс істеу үшін қайта даярлау курстарында оқытылады. 2022-2024 жылдары кемінде 75 медицина қыз­меткері біліктілігін арттыру және та­ғылымдамадан өту үшін беделді шетелдік медициналық мекемелер мен орталықтарға жіберіледі.