Қазақстан • 11 Шілде, 2022

Мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бағалау тәртібі өзгереді

515 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің жұмыс тиімділігін бағалау тәртібі өзгеруі мүмкін, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бағалау тәртібі өзгереді

Президент Жарлығының жобасында «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің жұмысын реттеуге қатысты нормаларға өзгерту енгізу ұсынылған.

Құжаттың толық атауы – «Мемлекеттік қызмет өткерудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 152 Жарлығына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы Жарлық жобасы.

Құжат жобасымен бірге ұсынылып отырған өзгерістер мен қолданыстағы нормалардың салыстырмалы кестесі берілген. Сол кестеге сәйкес, қолданыстағы Жарлықтың 33-тармағына келесі өзгеріс енгізу ұсынылып отыр:

Қазір «Б» корпусы қызметшілерінің жұмысын бағалаудың 4 деңгейлі шәкілі (шкала – ред.) белгіленген – «қанағаттанарлықсыз», «қанағаттанарлық», «тиімді», «өте жақсы». Мұндағы жерде 4 деңгейдің мазмұны нақтылана түспек. Дәлірек айтсақ, «Лауазымдық міндеттерін тиімді атқарады», «Лауазымдық міндеттерін тиісті түрде атқарады», «Лауазымдық міндеттерін қанағаттанарлық деңгейде атқарады», «Лауазымдық міндеттерін қанағаттанарлықсыз деңгейде атқарады» деген бағалау деңгейлері енгізіледі.

Қолданыстағы Жарлықтың 35-тармағында «Б» корпусы қызметшілерінің қызметін бағалаудың нәтижелері олардың қызметтік тізімдеріне енгізілетіні айтылған. Ұсынылып отырған тәртіп бойынша бұл тармақ алынып тасталмақ, яғни «Б» корпусы қызметшілерінің қызметін бағалаудың нәтижелері олардың қызметтік тізімдеріне енгізілмеуі мүмкін.

Қазіргі таңда тәртіптік жазаға тартылған мемлекеттік саяси қызметші жаңа теріс қылық жасамаса және өзін адал қызметкер ретінде көрсетсе, тәртіптік жаза алты ай өткенге дейін алынуы мүмкін.

Ұсынылатын жобада бұл тәртіпке қосымша талап енгізілмекші, яғни мемлекеттік саяси қызметшілерге орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін тәртіптік жазалар қолданылған кезде Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының және оның орынбасарларының тапсырмалары бойынша оларды мерзімінен бұрын алып тастау Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша жүргізіледі.

Сондай-ақ жаңа құжат аясында мемлекеттік қызметшілердің ротациялау мерзімі мен ротацияға жататын қызметшілердің санаттарын кеңейту көзделіп отыр.

Жарлық жобасының толық мәтіні Ашық НҚА сайтына орналастырылған. Құжат 22 шілдеге дейін көпшілік талқылауында болады.