Өткен ғасырдың басында іске қосылған мұндағы кеніш жылына бір тонна алтын беріп отырған көрінеді. Кеңес өкіметі кезінде қайта жаңғырып, 1960 жылдарға дейін жұмыс істеп келген кәсіпорын алтын игеруге сынап, аммиак, күшәла секілді химиялық элементтерді пайдаланып отырған. Осылайша, өндірістік мақсатта қолданылған зиянды ауыр металл аралас тұнба қалдықтардың үйіндісі жыл өткен сайын биіктеп, үлкен төбеге айналған. Жергілікті жұрттың бұл төбені «Тұнба тау» («Иловая гора») деп атауының да себебі осы.
Жітіқара қаласының көнекөз тұрғындарының бірі, 82 жастағы Мәлік Бектабанов қарияның айтуынша, соғыстан кейінгі жылдары алтын өндірісінде жұмысшы көп болыпты. Бірақ шетінен селикоз деп аталатын өкпе ауруына шалдыға берген соң, кеншілердің көбі мал бағамыз деп жан-жақтағы кеңшарларға тарап кеткен көрінеді.
– Сол кезде алтын жуатын. Қысы-жазы тоқтамай ағатын ыстық су өзенге құйылып жататын. Баламыз ғой, біз оның не екенін де білген жоқпыз. Мынау тұрған төбенің топырағы жазда желмен бірге бұрқырап ұшып жатты. Қыста біз соның үстінен сырғанап ойнайтынбыз. Төбенің беті бертін келе комбинат ашылғаннан кейін ғана жабылды. Мұның зардабын тартқан кісілер көп. Мысалы, көп жылдар осы алтын өндірісінде қызмет еткен есепші сыныптасым еді. Ол кісінің кейін аяқ-қолы істемей қалды. Анау жылдары бұл төбені шетелден мамандар келіп зерттейді екен деген сөз шыққан. Бірақ ешкім келмеді. Мұны қопарудың қажеті жоқ-ау деп ойлаймын, өзімше. Керісінше, бетін қалыңдап қайтадан жабу керек. Бұл қалдықтың құрамында да алтын бар дейді. Біреулер соған қызығып, өндіріс ашқысы келеді екен дегенді естіп қалып жатамыз. Бірақ халықтың денсаулығы алтыннан да қымбат қой, – деді ақсақал.
Шахта жабылған соң зиянды қалдықтардан пайда болған қауіпті төбенің бетіне саз бен құм төгіліпті. Алайда бүгінде ақ жаңбырлар мен азынай соққан жел тоздырған сыртқы қорғанысы әбден бұзылып, арша-арша болып аршыла бастаған. Бұл құбылыс тұрғындарға да айтарлықтай зардабын тигізіп келеді.
– Көктемде қар ерігенде осы таудан аққан лай су мына үйлердің артында тұрған Шортанды өзеніне келіп құйылады. Зиянды заттардың бәрі сонда ағады. Жазда өзеннен су алып кір жуамыз, бақша суарамыз, үйде жуынамыз. «Тұнба таудың» астында сынап көп дейді. Қазір төбенің жоғары жағы әр жерден қотырланып ашық жатыр. Ол жерге шықсаңыз, төменнен ашық жатқан ескі шахтаны көруге болады. Сондықтан сынап буланып ауаға тарай ма деп қауіптенеміз, – дейді Жітіқара қаласының тұрғыны Маусымжан Мыңжасарова.
Аптап ыстық күндері «Тұнба таудан» жағымсыз өткір иіс шығып, айналаны жайлап кетеді екен. Аудан әкімдігінің өкілдері алдағы уақытта қауіпті төбеге экологиялық сараптама жасалатынын жеткізді.
Соңғы жылдары Жітіқара тұрғындары тарапынан құрамында сынап пен ауыр металдар бар зиянды төбенің сыртқы қабаты аршылып, техногендік минералды түзілімнің төңірекке айтарлықтай қауіп төндіре бастағаны жөнінде өтініш-шағымдар жиі түсе бастағанын облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының өкілдері де растап отыр.
Аталған басқармаға қарасты табиғат қорғау бағдарламалары бөлімінің бастығы Светлана Арсентьеваның айтуынша, биыл техногендік кен орнының қоршаған ортаға қаншалықты зиян келтіріп жатқанын анықтау жоспарланған. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 21,6 млн теңге көлемінде қаржы бөлініп, зерттеу жұмыстарын жүргізуге мемлекеттік сатып алу бойынша конкурс жарияланыпты.
Сарапшы мамандардың пікірінше, қауіпті төбені зерттеу жұмыстары жыл он екі ай бойы, жылдың төрт мезгіліндегі ауа райының ерекшеліктерін бірдей ескере отырып жүргізуді қажет етеді. Осыған байланысты, мониторинг жұмыстары да бір жылға дейін созылып, 2023 жылы аяқталмақ.
– Мониторинг барысында «Тұнба тау» орналасқан төңірекке кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Осылайша, қауіпті төбенің атмосфералық ауаға, топырақ пен өсімдіктерге, жерүсті және жерасты суларына келтіруі ықтимал теріс әсері анықталады. Содан кейін мониторинг нәтижелеріне сүйене отырып, қоршаған ортаға залал келтіріп жатқан жағдайларды жою жөнінде нақты ұсыныс беріледі, – деді табиғат қорғау бағдарламалары бөлімінің бастығы С.Арсентьева.
Қауіпті төбені жіті бақылауда ұстап отырған облыстық экология департаментінің мәліметіне сенсек, бұған дейін жүргізілген талдау нәтижелері бойынша, «Тұнба таудың» маңайдағы атмосфералық ауаға теріс әсері анықталмаған.
Сараптама жұмыстары аяқталып, техногендік кен орнының қаншалықты деңгейде зиянды екені белгілі болған соң, қауіпті төбе не елді мекеннен шалғай жерге көшіріледі немесе үстінен қалың етіп қиыршық тас аралас топырақ, саз төселіп, сыртқы қорғаныш қабаты нығайтылады.
Қостанай облысы,
Жітіқара ауданы